Basty bet

БЕРІК ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТтің ТІРЕГІ

Өткен аптада аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Жас отау» клубының ашылуына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелге аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Ералиев, медиатор, билер алқасынан М.Нүрпейісов, әкелер алқасынан Н.Нұрғабылов, аналар алқасынан Н.Қаттебекова, аудандық білім бөлімінің және жұмыспен қамту бөлімінің өкілдері қатысты.
Бүгінгі басқосу – жай ғана кездесу емес. Бұл – жастар мен жас отбасыларды қолдау жолында күшімізді біріктіріп, әр саланың тәжірибесі мен мүмкіндігін ортақ мақсатқа жұмылдыруға арналған маңызды алаң болмақ.

Жас отбасыларға психологиялық қолдау көрсету үшін «Жас отау» клубы жұмысын бастады. Бастаманың жас шаңырақтардың берік болуына және отбасы құндылықтарын нығайтуға тигізер септігі мол болмақ. Жалпы, клуб отбасы құндылығын арттыруды, бүгінгі бойжеткен ертеңгі келінге өзге үйдің отын жағудың, отбасын құрудың қыр-сырымен таныстыруды, қалыңдықтың келіндік келбетін қалыптастыруды көздейді. Мақсат – отбасы құндылықтарын дәріптеу, іргетасы берік жарасымды отбасын қалыптастыру, алдағы өмірге даярлау, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, ене мен келін арасындағы тату-тәтті қарым-қатынастың сырларымен бөлісуге шақыру. Осы жолда ауданның ардагерлер, билер, әкелер, аналар кеңесінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, аурухана дәрігерлерінің, аудандық АХАТ-тың, бірлескен жұмысы ерекше маңызды.
«Жас отау» клубы – жас отбасыларға некеге дейінгі және отбасылық өмірдің алғашқы кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсететін орта. Клубтың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, жауапты ата-аналықты қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қиындықтардың алдын алу.
– Бүгін сіздерді осы клубтың мақсат-міндеттерімен таныстырып қана қоймай, алдағы жұмысты бірге жоспарлауға шақырып отырмыз. Себебі бір ғана маман барлық мәселені шеше алмайды. Ал тәжірибелі ақсақалдың ақылы, ананың өнегесі, медиатордың мәмілесі, дәрігердің кеңесі, ұстаздың тәлімі мен мемлекеттік мекемелердің қолдауы тоғысқанда ғана жас отбасыларға нақты көмек көрсете аламыз.
Сондықтан бүгінгі кездесуді ашық пікір алмасу алаңы ретінде қабылдап, әрқайсыңыздың ұсыныстарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз «Жас отау» клубының жұмысына берік негіз болады деп сенеміз,-деді отбасын қолдау орталығының психолог маманы Айгүл Дәрібаева.
-Әрқайсымыздың жұмыс бағытымыз әртүрлі болғанымен, бәрімізді біріктіретін бір ортақ мақсат бар. Ол – берік отбасыны қалыптастыру, жас жұбайларға бағыт-бағдар беру және отбасы құндылықтарын нығайту. Аты айтып тұрғандай бұл жас отбасыларға арналған клуб. Статистикаға сүйенсек, ажырасушылардың көпшілігі некеге үш жылдың көлемінде тұрғандар арасында орын алады. Клубта кеңестер беріліп, шаңырақтың шайқалмауы үшін мәмілеге келтірмек, – деді “Отбасын қолдау орталығының” директоры Жәмила Қожамұратқызы.
Дөңгелек үстел аясында қонақтар өзара тәжірибе алмасты. Отбасы – қазақы ортадағы қасиетті ұғым. Себебі, ол – ізгі тәрбиелік қайнар көзі, мейірім-махаббат бастауы, саналы тұлға қалыптасуына негіз болар басты іргетасы, бал дәурен балғын шақтың жылы естеліктеріне толы ыстық ұя. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен өсіп-дамуында, өмірде өз орнын тауып, аяғын нық басуында, икемі келер кәсіпті игеріп, табысқа қол жеткізуінде отбасында берген тәлім-тәрбиенің ықпалы өте зор. «Балапан құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық даналығы. Ұрпақ өн бойына ізгі адамгершілік нәрін сіңіру, ғұмыр жолында бағыт нұсқар шамшырағындай жарқын үлгі көрсету, өнеге-тағылымы мол дүниелерге, жақсылық атаулыға баулу – ата-ананың басты парызы. Береке-бірлігі, тату тірлігі жарасым тапқан жанұя – саламатты қоғамның басты тірегі. Сүттей ұйыған шаңырақта өзара сыйластық, ыстық сүйіспеншілік, қамқорлық пен түсіністік салтанат құрады. Ал күнара дау-жанжал орын алып, кез келген нәрсе ұрыс-керіске ұласатын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаты қадірін жоғалтқан жанұяда бақ-береке де, ырыс-дәулет те тұрақтамасы анық. Соңғы жылдары қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды түсінігімізге жат ұғымды жиі құлағымыз шалады. Отбасы мүшелері арасындағы өзара түсініспеушілік, бірі өзгесіне әлімжеттік не зорлық көрсету, балағаттау, қысымға алу, қинау әрі қорлау сынды жантүршігерлік фактілер орын алуы, әрине, көңілге қаяу салары анық” деп пікірлерін білдірді дөңгелек үстелге келген қонақтар.
Осындай жобалардың нәтижесінде елімізде біршама әлеуметтік мәселелер өз шешімін табатынына кәміл сенеміз. Отбасы – шағын мемлекет. Отан отбасынан бастау алады. Жанұя бақыты жолында тәуекелге бас тігіп, жауапкершілік жүгіне арқа тосқан жан ғана қоғам алдындағы азаматтық борышын адал өтей алмақ. Бұл – еш жерде жазылмаған өмір заңы. Сол себепті ой-санасы, сезім сарайы, жан дүниесі үйлесімді тұлғаны бақыт мекені-отбасында тәрбиелеп өсіру – баршамыздың адами борышымыз екенін сәл де болса естен шығармауымыз қажет!

Таңдаулы материалдар

Close