Basty bet
Отанды қорғау, оған адал қызмет ету – қасиетті борыш!
Туған елге адал қызмет ету, қасиетті Отанды сүю және оны қорғау – ұлы іс. Бабалар өсиет еткендей, Отан үшін күрес – ерге тиген үлес. «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!», «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Отан үшін күрестің ерге тиген үлес екенін терең ескерсек, қасиетті Отанды қорғау, оның қауіпсіздігіне үлес қосу – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Батыр ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы арман-аңсары болған азаттық пен егемендікті, қасиетті бойтұмарымыздай болған Тәуелсіздік пен елдігімізді сақтау – қай кезде де және қандай жағдайда да аса маңызды. Ел жастарының бойына туған ел мен туған жерді, қасиетті Отанды сүю бағытындағы патриоттық тәрбиені сіңіру – елдік міндеттердің бірі.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылғы наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларында кезекті мерзімде әскери қызметке шақыру туралы» №1202 Жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен қағидаларын бекіту туралы» №620 Қаулысын және Жуалы ауданы әкімінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №52 Қаулысының негізінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Аталған жауапты науқан 1 қыркүйектен басталып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің күзгі әскери қызметке шақыру науқанында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және Ұлттық Ұланның қатарына жөнелту науқаны күзгі кезеңнен бастап жүргізілу үстінде.
Мерзімді әскери қызмет – ол елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Әскер қатарында қызмет ете жүріп шыңдалған сарбаздар мемлекеттің жұмылдыру резервін құрайды. Ал, әскери өмірдің өзі олардың бойында темірдей тәртіп пен жауапкершілікті, көшбасшылық қабілет пен ұжымда жұмыс істеу дағдысын қалыптастыратыны белгілі.
Елдің басқа өңірлеріндегідей мерзімді күзгі әскерге шақыру науқаны Жуалы ауданында да тиісті заңнамаға және белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес жүйелі түрде жүргізілу үстінде. Жыл сайын ауданға белгіленіп берілген жасақ толықтай қамтамасыз етіліп келеді. Атап айтсақ, 2026 жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанында белгіленген жасақ толықтай орындалған. Жауаптылардың айтуынша, мерзімде әскери қызметке шақырылған азаматтар негізінен – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына, Ұлттық Ұланның сапына, ҰҚК-ның Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдардың қатарына алынады. Демек, әскерде жүріп шынығып, шыңдалған рухы биік жас азаматтар жоғарыда аталған әскери құрылымдардың қатарын толықтырып, жұмыс сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда деген сөз.
Елге адал қызмет ету – ерге міндет. Елге қорған болу арқылы Отанды сүйіп, оған адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан ер азаматтар әскер қатарында да аз емес. Әскери-патриоттық тәрбиені баланың бойына жастайынан сіңірудің маңызы өте зор. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны ілер» деген дана бабалардың нақылында айтылғандай, бұл маңызды мәселеде отбасындағы тәлім-тәрбие және бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз.
– Биыл 1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Әдеттегідей, жасы 18-ге толған азаматтарды әскерге іріктеу жұмыстары мерзімді шақырудан бұрын екі-үш ай бұрын басталады. Биыл да солай болды. Біз іріктеу жұмыстарын шілде айынан бастап атқарудамыз. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып жүйелі жұмыстардың атқарылуына байланысты биыл да күзгі әскерге шақыру науқанында ауданға белгіленіп берілген жасақты толық орындаймыз деген нақты жоспар бар. Бұл мақсатта ата-аналармен және әскерге шақырылушылармен тиісті түсіндірме жұмыстары жан-жақты жүргізілу үстінде.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізуде әлеуметтік желілердің мүмкіндігін де кеңінен пайдаланып жатырмыз. Ауданға қарасты 14 ауылдық округ әкімінің аппаратында әскери-есеп столының инспекторлары бар. Біздің бөлім әскери-есеп столының мамандарымен және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс атқарады,- дейді Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі шақыру бөлімшесінің инспекторы Бахытгүл Жексекеева.
Қазір елімізде цифрландыру жұмыстарының жүзеге асырылуына байланысты бұдан былай әскери есепке алу мен шақыру қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматқа өтіп, толықтай автоматтандырылуға байланысты алдағы уақытта жұмыстар негізінен «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобалары арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Осыған сәйкес, 18-ге толған әскерге шақырылушы азаматтарға шақыру электронды түрде жолданады. Сонымен қатар, шақыру қағаздары қолма қол жеткізіледі.
Министрліктің хабарлауынша, тұрғылықты жері ауысқанда әскери есепке тұру, 17 жастағы бозбалаларды алғашқы тіркеуге қою, сондай-ақ, әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босату қызметтері цифрлық форматқа көшірілді. Азаматтар әскери есепке қатысты барлық мәліметтерді eGov порталындағы жеке кабинетінен көре алатынын да айта кеткен жөн.
Әскери қызмет кез келген ер азамат үшін – үлкен өмір мектебі. Онымен қоса, әскери қызметті өткере жүріп жоғары оқу орындарына түсуге, белгілі бір мамандықтың түрін игеруге, сонымен қатар, келісім-шартпен әскери қызметке қалуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Әскерге шақырылғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған деген мәселеге келсек, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру бағытында сарбаздарға арналған бірқатар жеңілдіктерді де енгізіп отыр. Енді әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және тағы басқалары бар. Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын (ҰБТ) тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.
– Мерзімді күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде шақырылушыларды толықтай ақпараттандырып, тиісті түсіндірме жұмыстарын сапалы атқару – маңызды міндеттердің бірі. Біз жұмыс барысында Отан қорғап, «Офицер боламын!» деген ниеті бар талапты жас азаматтарға көбінесе әскери қызметтің тартымдылығы мен оның артықшылықтарын түсіндіруден жалыққан емеспіз. Мысалы, әскери қызметті үлгілі атқарып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсеткен сарбаздарға әскерден кейін жоғары оқу орындарына өздері қалаған мамандықпен оқуға түсуге мүмкіндік бар. Ол үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тарапынан еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарымен тиісті Меморандум жасалған. Кейінгі жылдары үлгілі қызмет атқарып оқуға тегін түскен талапкер жастардың қатары артып келеді. Мысалы, Ұлттық Ұланның қатарында үлгілі қызмет атқарған бір азамат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери оқу орнына оқуға түсті. Бұл – үлкен мүмкіндік емес пе?! Мұндай жарқын мысалдар өте көп. Ең бастысы – әскери қызметті атқаратын сарбаздар ел мен Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, белгілі бір мамандықты игеруге талпынғандары дұрыс.
Әскери қызмет – азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Өзімнің әскери қызметтегі жеке тәжірибемде әскердегі үлгілі әрі табанды қызметімен сатылап өсіп, жоғары лауазымдарда қызмет атқарған азаматтарды көптеп білемін. Адамға ең бірінші талап керек. Талапсыз, талпынусыз алға басу, өсу мүмкін емес. Спортта жетістіктері бар азаматтарға да әскерде үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Әрбір сарбаздың жеке ерекшеліктері мен кәсіпке, мамандыққа деген бейім-қабілеті ескеріліп, іріктеу сол арқылы жүргізіледі,- дейді шақыру бөлімшесінің инспекторы Бахытгүл Хасенқызы.
Иә, Отанға қызмет – ортақ міндет. Бүгінгі күні ел әскерінің құрылымын жетілдіру, оларды заманауи сапалы қару-жарақ пен әскери техниканың талапқа сай үлгілерімен қамтамасыз ету, әскердің ұдайы жауынгерлік әзірлігін қолдау, қорғаныс базасын дамыту саланың басты мақсаттарының бірі болып отыр. Сондай-ақ, әскери өмірді таңдаған кадрларға қолайлы жағдай туғызу, жалақысын көтеріп, ынталандыру, оларды әлеуметтік қолдау, баспанамен қамту жұмыстары да қолға алынуда. Осы орайда әскери кадрлар сапалық тұрғыдан жақсарып қана қоймай, санының да артып келе жатқаны және әскери өмірді таңдаған сарбаздардың көбеюі көңіл қуантады.
Бейбіт өмірде де, ел басына қауіп-қатер төнген қиын сәтте де Отанын қорғауға дайын тұратын рухы биік сарбаздар дайындау, жалпы әскери патриоттық тәрбие көбінде орта білім беретін мектептерде берілетіні белгілі. Сол үшін мектептердегі әскери-патриоттық, Отаншылдық тәрбиені нығайтудың маңызы зор.
Отанды қорғау – ер азамат үшін абыройлы іс болып саналады. Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері азаматтарды әскер қатарына жіберердің алдында міндетті түрде зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Себебі, олар әскерге Отанды қорғауға дайын болып барулары қажет. Бұл ретте аталған бөлімнің мамандары ауылдық округтерге барып, әскерге шақырылушы әрбір азаматпен, олардың ата-аналарымен жеке-жеке сөйлесіп, жан-жақты жұмыс жүргізеді. Онымен қоса, мамандар азаматтарды әскери тіркеуге алу жұмыстарын атқарады. Бір қуантарлығы, кейбір ата-аналар балаларын қорғаныс бөліміне өздері әкеліп, әскерге баруға жағдай жасайды. Бұл әрине, ер азаматтарға ата-анасының да, туған Отанының да алдында үлкен жауапкершілік жүктейді.
Патриоттық тәрбие – кез келген азамат үшін маңызды тәрбие болып саналуға тиіс. Патриоттық тәрбиемен тек мектеп мұғалімдері айналысады деген түсінік болмауы керек. Оны орта білім беретін мектептерге артып қоюға болмайды. Онымен бүкіл қоғам болып айналысу қажет. Мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары өз алдына. Мысалы, Жуалы ауданының Қорғаныс істері бөлімінде әскерге шақырылушы азаматтардың қатысуымен және Ауған соғысының ардагерлері, сонымен бірге, Қарулы Күштер, «Чернобыль-Семей» полигоны ардагерлерінің қатысуымен пайдалы кездесулер ұйымдастырылуда.
Жауапты бөлімнің қызметкерлері патриоттық тәрбиені ширата түсу үшін, сонымен қоса, болашақ сарбаздар дайындау мақсатында аудан мектептерімен және әскери құрылымның ардагерлерімен, аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімімен бірлескен бірқатар іс-шараларды атқаруда. Осыған сәйкес, мектептердегі жоғары сыныптың оқушылары әскери бөлім мен әскери заставаларға барып, ондағы әскери өмірмен танысуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен бірге, жастарды әскери оқу орындарына түсуге ынталандыру жұмыстары мектептермен бірлесе атқарылу үстінде.
«Отан үшін отқа түскін, күймейсің!» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының нақылы бар. Сондықтан қай кезеңде де ер азаматқа елге адал қызмет етіп, Отанды қорғау – қасиетті борыш және абыройлы міндет болып қала бермек…