Basty bet

«Бар ізгілік тек білімнен алынар, білімменен аспанға жол салынар!»

Сондықтан мемлекет білім ресурстарын дамытып, оқушылардың жан-жақты білім алып, жаңа заманның талабына сай жетілуіне барынша қолайлы жағдайлар жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы халыққа Жолдауының «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» аталатын жетінші бағдарында бұл туралы нақты айтылған.
«Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни, мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады» делінген Президенттің халыққа Жолдауында.
Қазақстанның өз алдына дербестік алып, егемен ел атанғанына биыл – 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының білім-ғылым саласының дамуына жан-жақты көңіл бөлініп, мектеп пен балабақша ғимараттарының жаңартылуына кезең-кезеңімен тұрақты жұмыс атқарылып келеді. Соның есебінен елдің барлық өңірлерінде дерлік білім мекемелері жаңадан салынып, үш ауысымды мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа ғимараттар да бой көтеру үстінде.
Бұл бағытта егемендік жылдары Жуалы ауданының көлемінде де аз жұмыс атқарылған жоқ. Мемлекет қаржысының есебінен апатты деп танылған мектеп ғимараттарының орнына жаңасы салынып, ауданға қарасты ауылдық елдімекендерде мектеп пен балабақша ғимараттары бой көтергенін жақсы білеміз. Одан бөлек, балалардың міндетті орта біліммен қамтылуы мәселесіне де жан-жақты көңіл бөлініп, оқушылардың жан-жақты дамып, заманауи білім алуына да мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде.
Білім – шырақ! Балалардың білім алуына жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің саяси басым бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл ретте мектеп ғимараттарының қолжетімділігін арттырып, оқушыларға қолайлы ету – маңызды міндет. Биыл ауданда құрылысы жүріп жатқан білім мекемелерінің қатарында ауданға қарасты Шақпақата ауылында орналасқан №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жобасы бар. Күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес, 26-шы мамыр күні басталып, қазір атқарылған жұмыстар межелі мерзіміне таяды десе болады. Олай болатыны, әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталып, үш ай демалыста мектепті сағынып қалған балалар алтын ұя мектебімен қуана қауышады. Ал, соған дейін жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтаудың маңызы зор.
Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары үш ай мерзімнің ішінде қарқынды жұмыс жүргізіліп, қазіргі таңда орта есеппен 95 пайызға аяқталды. Құрылысқа тапсырыс беруші мекеме – Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім бөлімі. Жобалаушы мекеме – «ДУМ-проект» ЖШС. Бас мердігер – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС.
– Тапсырыстың жобалық-сметалық құжаттамасында мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу міндеті көзделген. Осыған сәйкес, мердігер мекеме ең бірінші кезекте құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына баса назар аударды. Белгіленген мерзімнің ішінде атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталсам, үш қабатты мектеп ғимаратының қасбетін ауыстыру (жалпы көлемі – 2 044 шаршы метр) жұмыстары атқарылды. Оған материалы металл, қалыңдығы 0,5 милиметрді құрайтын сайдинг қолданылды. Онымен бірге, ғимараттың шатыры да жаңаланып, оған сапалы металчерепица таңдап алынған. Қабырғаларын сылау, ішкі әрлеу жұмыстарынан жалпы көлемі – 7 000 шаршы метр қабырға аумағы сыланып, оған таза әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қабырғалар нығайтылып, ғимараттың ішкі жылыту жүйелері мен ішкі және сыртқы есік-терезелері, сонымен қоса, инженерлік жүйелері толықтай жаңасына ауыстырылғанын айта кеткен жөн. Жылыту жүйелеріне заманауи алюминий батереялар қойылып, есік-терезелері де сапалы ағаш және металпластиктен орнатылған. Еденнің басым бөлігі керамоплитамен, спортзалдың едені мен ғимарат еденінің кейбір бөліктеріне сапалы линелоум төселген. Сәтін салса, жұмыстардың басым бөлігі аяқталып, абаттандыру жұмыстарын да белгіленген мерзімде аяқтап, мектеп ғимараты пайдалануға беріледі,- дейді бас мердігер – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның прорабы Жолдасбек Тұрсынқұлұлы.
Жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген күрделі жөндеу жұмыстарының басым бөлігі атқарылып, ендігі кезекте ауланы және мектеп ғимаратының айналасын абаттандыру жұмыстары атқарылу үстінде. Мұны да серіктестік өз міндетіне алған. Атап айтсақ, ғимараттың айналасы заманауи қоршау жүйелерімен қоршалып, 1 000 шаршы метрге өрнектас жабыны (брусчатка) төселсе, 800 шаршы метрді құрайтын автотұраққа асфальт жабыны төселмек.
Сапалы жұмысшы күші – кез келген өнімді еңбектің кепілі екені анық. Құрылысқа жауапты тараздық мердігер мекеме – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның бұл бағыттағы ұстанымы мен әлеуетінің өте жоғары болғанын айта кеткен жөн. Атап айтатын болсақ, күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы бері мұнда орта есеппен – 15 бригада тұрақты жұмыс атқарды. Құрылыс жұмыстарын ілгерілету ісінде – 1 бірлік үлкен автокран, әмбебап жүктиегіш және жүктүсіргіш арнайы көліктері, сонымен бірге, бетон араластыруға арналған қуатты техника, т.б. жүк тасымалдаушы көліктері маңызды рөл атқарды. Құрылысқа пайдаланылған материалдар да негізінен отандық сапалы өнімдер. Мысалы, «М-450» маркалы сапалы цемент Жамбыл облысында өндірілсе, кірпіш, арматура, қабырға тегістеуге арналған түрлі құрғақ қоспалар, сылаққа арналған құм, шағал, басқа да инертті материалдардың дені жамбылдық өнімдер. Тек қана құрылысқа қолданылған шатыр жабыны (қалыңдығы 0,5 мм) мен қасбетті қаптауға арналған қалыңдығы 0,5 милиметрді құрайтын сапалы метал шифер мен сайдинг Қарағанды облысындағы зауыттардан құрылыс басына жеткізілген.
Иә, отандық білім саласының көкжиегін одан әрі кеңейтіп, шәкірттердің сапалы білім алуы – мемлекеттік маңызды мәселе. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген орта мектептің тарихына аз-кем тоқталатын болсақ, ауданға қарасты Шақпақата ауылындағы №4 орта мектеп бүгінде Құрманбек Сағындықовтың есімімен аталады. Ұлт ардақтысының есімін иеленген мектептің іргетасы өткен ғасырдың 1914 жылы екі жылдық діни мектеп болып қаланып, кейіннен бастауыш, жеті жылдық, 1956 жылдан бері орта мектеп ретінде жұмыс атқарып келеді. 1980 жылы үш қабаттан тұратын 642 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілген. 1996 жылы бұл мектепке қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы, Жуалы ауданының түлегі Құрманбек Сағындықовтың есімі берілген. Мектепте қайраткер атындағы музей жұмыс істейді. Онда Қ.Сағындықовтың фотосуреттері мен қолжазбалары, медальдары, т.б. жеке заттары қойылған. Айта кету керек, 2025 жылы Қ.Сағындықовтың туғанына – 115 жыл толуына орай есімі берілген орта мектепте және аудан орталығында тағылымды кездесу жиындары ұйымдастырылды.
Ұлт ардақтысының есімін иеленген орта мектепте тағылымды істер мол, білім сапасы да жыл санап артып келеді. Тарихы терең, тағылымы ерен бұл мектептен есімі елге танымал талай қайраткер ұланның түлеп ұшып, құз-қияға қанат қаққанын айтсақ артық емес. Бұл – ең біріншіден бұрын осында жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздардың және қазір де абыроймен еңбек етіп келе жатқан білікті маман, ұлағатты ұстаздардың ортақ еңбегі. №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте 2025-2026 оқу жылында барлығы – 519 оқушы білім алып, биыл мектептің 11 сыныбын – 53 оқушы аяқтады. Білікті мұғалімдерден білім алып, тәлімін терген түлектердің арасынан үшеуі «Алтын белгі» төсбелгісін иеленсе, 9-ы «Үздік аттестаттың» иегері атанды. Мектепті үздік бітірген түлектердің барлығы дерлік мемлекеттік оқу грантына ие болып, өздері қалаған мамандықпен жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мүмкіндік алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан жинаған орташа бал – 68 балды құраса, 2-11 сынып оқушыларының жылдық қорытындысындағы білім сапасы – 61,8 пайызды құрады. Мектепте барлығы – 87 мұғалім еңбек етсе, оның ішінде, педагог-зерттеушісі – 28, педагог-сарапшы – 22, ал, педагог-модератор – 17 мұғалім.
Жаңа оқу жылы – жаңа өмірге ашылған жол және тың мүмкіндіктердің бастауы. Жаңа оқу жылының бастау алуы – мектептің педагогикалық ұжымы үшін де, оқушылар үшін де есте қаларлықтай қуанышты мереке екені даусыз. 2026-2027 жаңа оқу жылын күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратта қуанышпен бастағалы отырған мектеп ұжымының алар асуы биік болсын деген тілек бар. Биыл бұл білім мекемесінің табалдырығын барлығы – 34 бүлдіршін аттағалы отыр.
Білім саласының ел дамуындағы маңызды орнын жоғарыда айтқандай, оқушы балалардың жаңа заманға сай білім алып, өнер мен спорт түрлерін де қоса игеруге қолайлы жағдайлар жасау – маңызды міндет. Осы бағытта жыл сайын аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге қомақты қаржы-қаражат қарастырылса, одан бөлек, аудандық білім бөліміне қарасты бірқатар мекемелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында ауданға қарасты Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл атындағы орта мектеп спортзалының ағымдағы жөндеу жұмыстары, Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің қазандығына және ішкі жылыту жүйелеріне, Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ішкі жылыту жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. Бұл – ортақ игілік! Ауданның білім саласындағы жетістіктерінің бірі десек, артық емес… Игілікті істер жалғасын тапса игі…

Таңдаулы материалдар

Close