Basty bet
Мемлекет басшысы Sunwah Group төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдады
🔹Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Тұрақты комитет мүшесі, Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасының төрағасы, Sunwah Group корпорациясының төрағасы Цай Гуаньшэньмен кездесті.
🔹Мемлекет басшысы іскерлік ортаның 500-ден астам өкілі, соның ішінде 300-ге жуық қытай кәсіпкерлері бас қосқан Алматыдағы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға Цай Гуаньшэньнің қосқан үлесін жоғары бағалады.
🔹Президент форумды екі елдің мемлекеттік органдары, қаржы институттары мен бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнататын тұрақты алаңға айналдыру маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, негізгі міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, инвестициялық ықпалдастықты кеңейту және бірлескен жаңа өндіріс орындарын құру.
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасына форумның басты институционалдық серіктестерінің бірі болуды ұсынды.
🔹Мемлекет басшысы Қазақстан Гонконгпен ынтымақтастықты Қытаймен сан қырлы қарым-қатынастың маңызды бөлігі ретінде қарастыратынын айтты.
🔹Цай Гуаньшэнь Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-қытай инвестициялық форумын жыл сайын өткізу бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ өз тарапынан іс-шараны ұйымдастыру ісіне атсалысуға дайын екенін жеткізді.
🔹Бұдан бөлек, Қытай бизнесі Қазақстанның инвестициялық келешегіне толық сенім артатынын және тың бағыттарда жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті. Бұл ретте жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, қаржы инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация, сондай-ақ Alatau City жобасына қатысу ынтымақтастықтың перспективті салалары ретінде айқындалды.