Basty bet

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!»

аудандық іріктеу айтысында үш ақын облысқа жолдама алды

Қара өлеңді жанына серік етіп, кезі келгенде жан жарасын, өмір наласын өлең-сөзбен емдеп, жазатын қазақ халқы үшін айтыс өнерінің жөні бөлек. Өткен жылы Жамбыл Жабаевқа арналған республикалық айтыста Жуалы ауданының атынан сынға түсіп, қасиетті өлкенің намысын қорғаған Қанат Мырзахан осынау жыр аламанының бас жүлдесін қанжығалаған еді. Биылғы жылы да бұл айтыс өз жалғасын тауып отыр.

Өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» деп аталатын облыстық айтысқа іріктеуге арналған сөз сайысы ұйымдастырылды. Айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына қолдау көрсету, болашақ ұрпаққа айтыс өнерін жеткізу, айтыс өнерін одан әрі дамытып сапалық деңгейін жақсарту мақсатында өткізілетін дәстүрлі іс-шара ретінде қалыптастыру, сонымен қатар, талантты, дарынды жас ақындардың ақындық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын айтыс арқылы ұғындыру, насихаттау мақсатын ұстанған жыр бәйгесінің өтуіне облыстық халық шығармашылығы орталығы, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы және Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы мұрындық болды.
Аудандық іріктеу айтысына барлығы бес ақын қатысып, өлең өнерінің тұнық айдынынан сөз маржанын теріп, бақтарын сынады. Аты әлемге мәшһүр болған Жамбыл ақынды жырларына арқау еткен айтыс барысында қатысушылар хал-қадірінше жыр өрнегін құрып, көрермен көңілінен шығуға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, аталған жыр бәйгесінде ақындар қоғамдағы мәселелерді тілге тиек етіп, сөз өнерінің киесін, құдіретін таныта білді.
Іріктеу айтысына қатысушы ақындарды қазылар алқасының төрағасы, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ахметжан Өзбеков, облысқа танымал айтыскер ақындар Ербол Қамбатыров, Айтмұхамбет Исақов, мәдениет саласының үздік қызметкері Ришад Қуанышев марапаттап, айтыстың барысы туралы пікірлерін де ортаға салды. Ақындарға облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғысхаттары және заттай сыйлықтар табысталды.
Сонымен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты аудандық ақындар айтысының іріктеу кезеңінде қатарларынан оза шапқан Әуесхан Үркімбаев, Дидар Апбасов, Санжар Даярбек облыстық айтысқа қатысуға жолдама алды. Ендеше, Жамбыл ақынға арналған жыр бәйгесінде аудан намысын қорғайтын ақындарға сәттілік тілейміз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close