Basty bet
Ұлттық мұраны жаңғыртудағы ЖИ мүмкіндіктері
Аңыздан анимацияға: әулиеата тарихының жаңа тынысы
Қазақ халқының рухани қазынасында аңыз-әңгімелердің алатын орны айрықша. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында қолға алынған «Әулиеата аңыздары» жобасы – сол рухани байлықты бүгінгі оқырманға жаңаша ұсынуға бағытталған бастамалардың бірі.
Қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылған жинақта өңірдің аңыздары топтастырылып, оқырманға қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беретін QR кодтар енгізілген. Бір QR-код арқылы аңыздың толық мәтінімен танысуға болса, екіншісі сол аңызға қатысты тарихи орынға апаратын туристік бағытты көрсетеді. Осы бастаманың жалғасы ретінде «Әулиеата аңыздары» анимациялық фильмдер циклі қолға алынды. Жасанды интеллект технологияларының көмегімен өңірімізге қатысты аңыздар мен тарихи оқиғаларды қысқаметражды анимациялық туындыларға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Атлах шайқасы, Қазақ хандығының құрылуы, Аңырақай шайқасы сияқты тарихи кезеңдерге арналған туындылар бар.
Қазіргі бала – цифрлық кеңістіктің өкілі. Ол айналасындағы дүниені көбіне бейне, дыбыс, қозғалыс және көрнекі ақпарат арқылы таниды. Ендеше, ұлттық тарихты сол ұрпаққа түсінікті тілде жеткізу – мәдениет саласы мамандарының маңызды міндеті. Бала әлемдік анимация кейіпкерлерін танығанындай, туған жерінің батырларын, тарихи тұлғаларын, аңызға айналған мекендерін де білуі керек.
Дегенмен тарихи мазмұнды көркем бейнеге айналдыруда басты талап өзгермейді: ұлттық болмыс, аңыздың негізгі желісі мен тарихи деректердің шынайылығы сақталуға тиіс. Жасанды интеллект мұнда шығармашылық жұмысты жеңілдететін құрал болғанымен, мазмұн мен идеяға жауапты – адам.
«Тұлғалар сөйлейді»: әдебиет пен технология үндестігі
Осы мақсатта орталықта «Ой оятар» және «Тұлғалар сөйлейді» жобалары жүзеге асырылуда. «Ой оятар» жобасы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, белгілі тұлғалардың еңбектерінде, сұхбаттарында және шығармаларында айтылған ой-тұжырымдарын сұрақ-жауап үлгісінде ұсынуға негізделген. Жобаның басты ұстанымы – тарихи тұлғаға бұрын айтпаған сөзін айтқызу емес, оның қалдырған рухани мұрасын бүгінгі тыңдарманға түсінікті әрі тартымды форматта жеткізу.
Ал «Тұлғалар сөйлейді» бейнероликтер циклінде Шерхан Мұртаза, Күләш Ахметова, Мұхтар Шаханов, Бауыржан Момышұлы сынды белгілі тұлғалардың шығармалары жасанды интеллект арқылы дыбысталып, визуалды бейнелермен ұсынылады. Әзірленген бейнематериалдардың 30 мыңнан аса қаралым жинауы ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылықтың жаңа форматта да сақталатынын аңғартады.
Алайда мұндай жобаларды қолға алғанда ерекше жауапкершілік таныту қажет. Тұлғаның цифрлық бейнесін пайдалану оның шынайы болмысын бұрмалауға жол ашпауы тиіс. Шығарманың түпнұсқасын сақтау, авторлық құқық талаптарын орындау, жасанды интеллект көмегімен дайындалған контент екенін ашық көрсету – бұл бағыттағы жұмыстың ажырамас қағидалары.
Вайбкодинг – цифрлық шығармашылықтың жаңа белесі
Соңғы уақытта әлемдік технологиялық ортада кеңінен қолданыла бастаған бағыттардың бірі – вайбкодинг.
Вайбкодинг – адамның өз идеясын, қажеттілігін және қалаған нәтижесін табиғи тілмен сипаттауы арқылы жасанды интеллект көмегімен бағдарламалық өнім әзірлеу тәсілі.
Әрине, бұл бағдарламашылардың кәсіби еңбегін толық алмастырады деген сөз емес. Дайын жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық тұрақтылығын тексеру, қателерін түзету және жұмыс сапасын бақылау әлі де арнайы жауапкершілікті талап етеді. Осы технологияның негізінде әзірленген жобалардың бірі – «ruhaniat.kz» автоматтандырылған ақпараттық порталы. Аталған портал мәдениет саласындағы ақпараттарды жинақтауға, өңдеуге және жариялауға бағытталған цифрлық жүйе ретінде жасалды. Оның ерекшелігі – төрт жасанды интеллект агентінің жұмыс істеуі. Үш агент өңірлік, республикалық және халықаралық мәдени жаңалықтармен жұмыс істеуге бағытталса, төртіншісі жүйенің техникалық қызметін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Бұл жобаның маңызы бір ғана веб сайттың жасалуында емес. Ол мәдениет саласында жасанды интеллектіні дайын өнім әзірлеу құралы ретінде ғана емес, толыққанды цифрлық жүйе құрудың технологиялық негізі ретінде пайдалануға болатынын көрсетті.
Кітапхана – болашаққа жол ашатын кеңістік
Жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктері әсіресе кітапхана саласы үшін ерекше мәнге ие. Өйткені кітапхана – тек кітап сақтайтын мекеме емес. Ол – ұлттың тарихи жады жинақталған, ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан, білім мен руханият тоғысқан мәдени орта.
Заманауи мәтін тану технологияларының көмегімен кітаптардың электрондық нұсқасын әзірлеп, мәтінін жүйелеуге және іздеуге ыңғайлы дерекқор қалыптастыруға болады. Бұл зерттеушілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тарихи деректердің қолжетімділігін арттырады.
Алайда көне жазуларды оқу мен тарихи құжаттарды түсіндіруде маманның сараптамасы шешуші мәнге ие. Себебі технология мәтінді тануға көмектескенімен, оның тарихи астарын, мағыналық ерекшелігін әрдайым дәл ажырата бермейді.
Екінші маңызды бағыт – электрондық каталогтар мен интеллектуалды іздеу жүйелерін дамыту. Кітаптың библиографиялық сипаттамасын әзірлеу, аннотация жазу, тақырыптық кілт сөздерді анықтау және қорды жүйелеу кітапхана қызметкерлерінен едәуір уақытты талап етеді.
Үшінші бағыт – аудиокітаптар мен мультимедиалық әдеби қор қалыптастыру. Жасанды интеллект көмегімен қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды дыбыстап, балалар ертегілерінің аудионұсқаларын, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан арнайы аудиожинақтар дайындауға мүмкіндік бар. Бұл бастама әсіресе көру қабілеті нашар азаматтардың әдеби мұраға қолжетімділігін кеңейту тұрғысынан маңызды.
Төртінші бағыт – кітапхананың цифрлық кеңістіктегі беделін арттыру. «Бір минутта бір кітап», «Бүгінгі қаламгер», «Кітаптан үзінді», «Аптаның үздік кітабы» секілді айдарлар арқылы әдебиетті жаңа форматта насихаттауға болады.
Жасанды интеллект бұл бағытта бейнеролик сценарийін, көрнекі материалдарды, әдеби анонстарды және әлеуметтік желіге арналған ақпараттық мәтіндерді әзірлеуге көмектеседі.
Бесінші бағыт – күнделікті жұмыс пен құжат айналымын оңтайландыру. Жасанды интеллект осы жұмыстардың жобасын әзірлеуге, ауқымды ақпаратты талдауға, қажетті мәліметтерді жүйелеуге және уақытты үнемдеуге көмектеседі. Дегенмен ресми құжаттардың дұрыстығын тексеру, дербес мәліметтердің құпиялылығын сақтау және түпкілікті шешім қабылдау маманның жауапкершілігінде қалуға тиіс.
Технологияның ең үлкен артықшылығы да осында: ол адамды шығармашылық еңбектен алыстатпай, керісінше, уақытын үнемдеп, тың ізденіске көбірек мүмкіндік беруі керек.
Жасанды интеллект тарихи деректі өңдеуі мүмкін, бірақ сол деректің ұлт тағдырындағы орнын бағалау – тарихшының міндеті. ЖИ әдеби шығарманы дыбыстай алады, алайда сөздің көркемдік қуатын сезініп, рухани маңызын саралау – адамның еншісіндегі құндылық. Сондықтан мәдениет саласындағы цифрлық жаңғырудың түпкі мақсаты адамды технологиямен алмастыру емес, адамның мүмкіндігін кеңейту болуы тиіс.
Ұлттық мұраны жаңғырту жолында үлкен өзгеріс жасау үшін міндетті түрде ауқымды жобадан бастаудың қажеті жоқ. Кейде бір көне қолжазбаны цифрландыру, бір ертегіні дыбыстау, бір кітапқа буктрейлер әзірлеу немесе жергілікті қаламгердің шығармасын жаңа форматта таныстырудың өзі игілікті бастаманың алғашқы қадамы бола алады.
Әулиеата аңыздарының анимациялық фильмдерге айналуы, белгілі тұлғалардың шығармашылық мұрасының цифрлық форматта ұсынылуы, мәдениет саласында автоматтандырылған ақпараттық платформалардың қалыптасуы – осындай ізденістердің нақты нәтижесі.
Мұның барлығы бір маңызды ойға жетелейді: ұлттық мұра өткеннің еншісінде қалып қоймауы керек. Ол әр дәуірдің жаңа мүмкіндіктерімен бірге жаңғырып, келер ұрпақтың рухани өмірінен өз орнын табуға тиіс.
Кезінде бабаларымыз тарихты тасқа қашады, кейін қағазға түсірді. Бүгінде сол асыл мұраны цифрлық кеңістікке көшіруге мүмкіндік туып отыр. Демек, дәуір өзгерген сайын тарихты жеткізудің тілі жаңарғанымен, оның өзегі – ұлттық жады, рухани сабақтастық пен тарихи таным өзгермеуі керек. Ал біздің басты мұратымыз – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазынамызды сақтай отырып, оны бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізу және ертеңгі күннің игілігіне айналдыру. Өйткені тамыры тереңге бойлаған халық қана технологиялық болашаққа нық қадам баса алады.
Ғазиза АҚМАХАН,
Шерхан Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының тарихтану бөлімінің
меңгерушісі