Basty bet

Экологиялық таза өнімге сұраныс қашанда жоғары

бұл мақсатта Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін салқындатудың инновациялық технологиясын енгізу бойынша халықаралық пилоттық жоба іске асырылуда

Ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенінің және отандық тауар өндірушілерді қаржылай қолдау шаралары – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деп атап өтілгенін жақсы білеміз.

Президент атап өткендей, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте жоғары. Ендігі кезекте ет, сүт және астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты отандық аграрлар үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал болмақ…
Қасиетті Жуалы жерінде экологиялық таза өнім өндірумен тұрақты айналысып, отандық және жергілікті нарықты сапалы азық-түлік тауарларымен кеңінен қамтып отырған кәсіпорындар мен шағын шаруашылықтар көптеп саналады. Жуалылық диқандар кейінгі жылдары көршілес облыстардың озық тәжірибесінен үйрене отырып, өңірде бау-бақша дақылдарының түрін көптеп өсіріп, жеміс-жидек түрлерін де молынан өндіруге бет бұрып отыр. Солардың бірі – өңірге қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы «Green Products Development» ЖШС бұған дейін жергілікті диқандарға таңсық кәсіп болып келген таңқурай жидегін өсіруді қолға алып, бүгінде оның табысын молынан көруде. Жақында аталған серіктестікке пилоттық жобаның аясында өнімді сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы – 10 тонна болатын заманауи тоңазытқыш қойма орналастырылды.
Бұл туралы таратып айтар болсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Ислам даму банкі (ИДБ), Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазСШҒЗИ) арасындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде, сондай-ақ, халықаралық серіктестердің, соның ішінде, Сауд Арабиясының Король Абдалла атындағы ғылым және технологиялар университетінің (KAUST) қатысуымен Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін салқындату және сақтаудың энергия тиімді технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.
Жоба агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелерінің бірі – жеміс-көкөніс өнімдерінің жинаудан кейінгі ысырабын азайту және оларды сақтау тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл, әсіресе, тоңазытқыш қоймаларды пайдаланудың мүмкіндіктері шектеулі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін маңызды. KAUST әзірлеген инновациялық шешімдер Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өндірісі жағдайында тікелей сынақтан өткізілуде.
Өткен аптада ауданға қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы «Green Products Development» ЖШС-ның таңқурай өсіретін алқабына тоңазытқыш қойма орналастыру рәсіміне арналған шағын жиын ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл облыстық филиалының өкілдері және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев қатысты.
– Жобаның ерекшелігі – технологияны бағалауға кешенді тәсіл қолданылуында. Пилоттық алаңдарда температура, ылғалдылық, сыртқы климаттық жағдайлар және энергия тұтыну көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуы мен сапасы, жабдықтардың пайдалану сенімділігі және ұсынылған шешімдердің экономикалық тиімділігі бағаланады. Пилоттық және бақылау контейнерлеріне салыстырмалы талдау жүргізу көзделген.
Жабдықтардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жоба аясында қуаты 10 кВт аккумуляторлық батареялармен жабдықталған гибридті күн энергетикалық қондырғыларын пайдалану қарастырылған. Бұл орталықтандырылған электрмен жабдықтауда уақытша үзілістер болған жағдайда жабдықтардың автономды жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, салқындату технологияларында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Жоба шеңберінде бірін-бірі толықтыратын екі пассивті салқындату технологиясы зерттелуде. Бірінші технология тоңазытқыш контейнердің сыртқы бетіне жағылатын радиациялық-буландырмалы салқындатқыш үлдірді пайдалануды көздейді. Бұл үлдір металл беттердің күн сәулесінен қызуын азайтып, салқындату жүйесіне түсетін жылу жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді. Екінші шешім – стандартты 20 футтық контейнердің негізінде жасалған мәжбүрлі буландырмалы салқындату камерасы. Бұл жүйеде температураның төмендеуі судың булануы есебінен қамтамасыз етіледі,- дейді Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Тимур Устабаев.
Айта кету керек, жазғы кезеңде практикалық сынақтар жүргізу үшін Жамбыл облысында екі пилоттық нысан анықталған. Біріншісі – Байзақ ауданының Костөбе ауылдық округіндегі ауданы – 2 гектар болатын, қияр өсіруге маманданған, маусымдық өнімділігі 90-100 тоннаға жететін «Серік» шаруа қожалығының жылыжай кешені. Екіншісі – Жуалы ауданының Т.Дүйсебайұлы ауылындағы «Green Products Development» ЖШС-ның шаруашылығы. Мұнда екі-үш жылдан бері жалпы көлемі – 12 гектар аумақта орташа өнімділігі гектарына шамамен – 10 тоннаны құрайтын таңқурай жидегі өсіріледі.
Иә, таңқурай жидегін өсіріп, экологиялық жағынан таза, сапалы өнім өндірумен тұрақты айналысып келе жатқан серіктестіктің қолға алған жұмысы жүйелі, алға қойған нақты жоспарлары да бар. 2021 жылы басталған бұл кәсіпті жүргізу алғашқыда оңай болған жоқ. Жидектің көшетін егу, оны жергілікті табиғи жағдайға жерсіндіру, одан кейінгі күтіп-баптау жұмыстары біршама уақытты алатыны белгілі. Соған қарамастан, Жуалы ауданының табиғи ерекшелігіне сай Т.Дүйсебайұлы ауылының тау жақ бетіндегі 12 гектар алқап таңдап алынып, оның 10 гектарына таңқурайдың италиялық «Амира» және «Регина» аталатын ремонтантты тұқымы егілген.
Өсімтал жидек дақылының бұл түрін жерсіндіріп, күтіп-баптау да кәсіпкер-бағбан үшін оңайға түскен жоқ. Олай дейтініміз, алқапқа күнделікті күтім жасау жұмыстарының барлығы дерлік адамның қолымен атқарылады. Жидек атыздарының арасына арық салу, оның айналасын арамшөптен тазарту, топырақты қопсыту, дақылды жекелеу жұмыстары көбіне көктем-күз айларында атқарылады. Алқап басындағы науқандық жұмыстар кезінде 25-30 адамға дейін қосымша жұмысшы күшінің тартылатынын да айта кеткен жөн. Таңқурай жидегінің «Амира» және «Регина» аталатын сорттары өте өсімтал болғандықтан, оның өнімділігі де өте жоғары деуге болады. Терін кезінде бір түптен бір маусымда екі-үш келіге, алқаптың кей жерлерінде бес-алты келіге дейін өнім жинауға болады. Ал, оны тұрақты өсірушілер өнеркәсіптік көлемде еккенде алқаптың әр гектарынан – 15-20 тоннаға дейін өнім алуға болатынын айтады.
«Green Products Development» ЖШС таңқурай жидегі алқабының көлемін жылма-жыл ұлғайтуды басты мақсат ете отырып, сонымен қатар, өндіріске жаңа технологияларды енгізуді де естен шығарған жоқ. Әзірше таңқурай алқабының 10 гектары тамшылатып суғару әдісімен суландырылу үстінде. Таудың етегіндегі бастау-бұлақтардан жиналған ағын су ең алдымен қолдан қазылған сыйымдылығы жоғары үлкен тоғанға құйылып, одан кейін ғана сусорғылардың көмегімен пластик құбырлар арқылы алқапқа жіберіледі. Алқаптың атыздарына қаншалықты су беріліп жатқанын контейнердің ішіндегі «ақылды» құрылғылардың көмегімен қадағалап отыруға болады. Тамшылатып суғару технологиясында ең біріншіден судың температурасы мен тазалығына мән берілетінін айтады алқапқа күтім жасайтын агроном мамандар. Тағы бір айта кетерлігі, таңқурай жидегінің өндірісін жан-жақты дамытуды көздеген серіктестік басшылары алқаптың бес гектарына жылыжай орнату жұмыстарын бастап, қазір мұнда арнайы мамандар жаңа технологияның негізінде жұмыстар атқаруда.
– Қазір мұнда тұрақты түрде бес-алты адам еңбек етеді. Таңқурай алқабына барынша жаңа технологиялардың батыл енгізіп жатырмыз. Алқапқа орнатылған тамшылатып суғару технологиясы да өз жемісін беруде. Бұл – өз кезегінде адам қолының күшін азайтып, өнімділікті бірнеше есе көбейтуге үлкен көмек. Жақында екінші алқаптан жылыжайдың құрылысын бастадық. Бұл жаңа үрдіс жидектің өнім беру мерзімін барынша ұзартады. Дала едәуір салқын болса да жылыжайдың ішіндегі қолайлы температура таңқурайдың өнім беруіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан осы жаңа технологияны өндіріске енгізуді жөн санадық. Басты мақсатымыз – отандық өнімді молынан өндіріп, жергілікті нарықты экологиялық таза таңқурай жидегімен қамтамасыз ету. Алдағы бес жылдың көлемінде таңқурай алқабының көлемін 100 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар,- дейді серіктестіктің атқарушы директоры, іскер азамат Әлтайыр Досымбеков.

Таңдаулы материалдар

Close