Basty bet

Атаны сыйлау, жасы үлкенді құрметтеу – халықтық қасиетіміз

Ақсақалдық – абыройлы қасиет! Қазақ халқы ақылман қарияны қазынаға балап, көпті көрген аға ұрпақтың өкілдерін адастырмас жол көрсетер ақылшысына, абзал да абыройлы, пейілі кең дариясына теңегені белгілі. Сондықтан, ақсақалдар мен жасы үлкен атаны сыйлау, ақ жаулықты анаға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан халықтық ізгі қасиетіміз. Қазақ қазақ болғалы бұл үрдіс, әлемде теңдесі жоқ мұндай ерекше дәстүрлер ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келеді. Ақсақалдық және абыздық сияқты абзал қасиеттер қазыналы қарттардың бойынан әлі де табылады десек, артық емес…

«Жақсы қартая білу де – өнер» демекші, өмір сүрген жасына қарай жақсы қартайып, айналасына қадірі асқан, адасқанға ақыл айтып, жастарға жол көрсетер ақылман қариялар ортамызда баршылық. Тиісінше, ондай қадірлі қарияларға жұртшылық та құрмет көрсетеді. Елдің дамуына еңбек сіңіріп, бүгінде есімі республика, облыс көлемінде құрметпен аталатын көзі тірі қариялардың ортамызда жүргені – біз үшін үлкен мақтаныш.
Аудан халқының алты мыңнан астамы зейнет жасындағы кісілер. Оның 78-і соғыс жылдары «Жеңіс үшін!» еңбек еткен тыл ардагері. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сұрапыл кезеңде тылда жүріп аянбай еңбек етіп, тер төккен аға буын азаматтар. Өкінішке орай, қазір аудан көлемінде Ұлы Отан соғысына қатысқан бірде-бір көзі тірі ардагер қалған жоқ. Ұрпақтар сабақтастығы дәстүрімен бүгінде майдангерлердің жолын тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысына, т.б. ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер лайықты жалғастырып келеді.
Ардагерлер қауымы елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласумен қатар, мемлекеттің қамқорлығын да айқын сезініп отыр. Бүгінгі күні аудандағы зейнеткерлердің саны – 6 444 адам болса, оның ішінде, есепте тұратындары – 6 008. Осылардың ішінде тыл ардагерлерінің саны – 78 адамды құрайды. Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер – 71 адам, Таулы Қарабақ, Ирак, Тәжікстандағы ұрыс қимылдарына қатысқандар – 14, ал, Ауған соғысының ардагерлері – 40 адамды құрайды.
Асыл қазынамыз болған қарттарға тұрақты қамқорлық қажет. Бұл бағытта аудандық ардагерлер ұйымында 40 жылдан бері жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айта кету керек, 2027 жылы Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанынан 40 жыл толады. Ауданға қарасты 14 ауылдық округте бастауыш ардагерлер ұйымы тұрақты жұмыс атқарады.
Иә, қарттарға қамқорлық дегенде ең алдымен оларға айтылатын бір ауыз жылы сөздің өзі, қол беріп, амандық-саулық сұрасқанның өзі оларды қуантып тастайды. Сондықтан, ел дамуына еңбек сіңірген аға буын өкілдерін қадірлеп, құрметтеуге тиіспіз!
1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесі жыл сайын кең көлемде атап өтіліп келеді. Ел өміріндегі осынау атаулы датаға орай Жуалы аудандық ардагерлер ұйымының және Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бірлесіп ұйымдастыруымен, ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен Қарттар күніне мерекесі атап өтілді. Аудан орталығындағы «МЕР» мейрамханасында ұйымдастырылған тағылымды басқосу-жиынында аудан қарияларына ақ дастарқан жайылып, қасиетті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне атсалысумен бірге, қасиетті өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген аға буын азаматтар мен ардагерлерге марапат табысталып, жоғары сый-құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиында ең алғаш болып өңір ардагерлерін аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтады.
– Қадірлі қариялар және аудан ардагерлері!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлер – Тәуелсіз Қазақстанның алтын қоры десек, қарияларға қандай сый-құрмет көрсетсек те артық етпейді. Бүкіл саналы ғұмыры мен бойдағы қажыр-қайратын туған елдің игілігіне және өскелең ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне жұмсаған ардагерлердің қоғамдағы орны ерекше.
Ауданның ардагерлері қай саланың жұмысында болсын, үнемі жоғары белсенділік танытып келеді. Қазақстанның басқа өңірлеріне сапарлап барғанда, сол өңірдің адамдары Жуалы ауданының беделді азаматтары мен айтулы ардагерлерін, қадірлі қарияларды сұрап, танып жатады. Әлбетте, біз бұған қуанамыз. Бұл – ең алдымен Жуалы жерінің қасиеттілігі мен осынау киелі топырақта дүниеге келіп, өсіп-өнген Азаматтардың тектілігі мен бірегей болмысы деп білеміз.
Қасиетті Жуалы өлкесінен аты аңызға, ерлігі дастанға айналған даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Баукеңнің кім болғанын, Ұлы Отан соғысында, одан бергі бейбіт өмірде де қандай ерліктер жасап, есімінің ел тарихында қалғанын бүгінде халқымызбен қатар, әлем елдері де жақсы біледі. Одан бөлек, мұнда ұлт жанашыры, қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, сонымен қатар, Жуалы ауданының бақ жұлдызын заңғар көкте жарқыратқан даңқты генералдардың шоғыры туып-өскені белгілі. Бұл ең біріншіден – жердің, бұл – елдің қасиеттілігі. Осынау қасиетті даңқымызды асырып, елдің дамуына бағытталған елдік істерді ары қарай бірлесіп жалғастыра беруге мен шын жүректен тілектеспін!
Қадірлі жерлестер және ардагерлер!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтай отырып, денге саулық, отбасына амандық пен бақ-береке, Тәуелсіз елімізге бейбіт өмір мен өркендеу тілеймін! Ардагерлерге құрмет – елге құрмет! Осынау мерекелі күні ел дамуына үлес қосып келе жатқан жасы үлкен Аға-Апаларға қоғамға үлгі болар өнегелі істері үшін алғыс білдіремін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Осылай деген аудан басшысы Мыңбұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғұмбековты «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Қызыларық ауылдық округіндегі Аналар алқасының төрайымы Мейрамкүл Сувалиеваны Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мерекеге жиналған қауымды аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, ардагерлерге зор денсаулық пен жақсылық тілейтінін жеткізді. Аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы аудандық Билер кеңесінің төрағасы Мұхидин Нұрпейісов және еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сапарбек Байсеріковке табысталды.
Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жиналғандарды Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтап, аудандық Аналар алқасының төрайымы, мәдениет саласының майталманы Нәзипа Тұранқызына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын, еңбек ардагерлері – Керейбек Нысанбеков пен Шора Ысқақовқа аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Қарттар күніне арналған мерекелік жиында аудандағы «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Керімқұл Бегалиев, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағаларынан – Еңсебек Абсалямов, Шарханбек Қожаназаров, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының ардагері Эсмира Мамедова, т.б. сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кету керек, аудан ардагерлері ауыл шаруашылығы саласының дамуында да алдыңғы шептен көрініп келеді. Бұл – ең алдымен жас буынға үлгі-өнеге. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп атап өткені белгілі. Бұл орайда ауданда 250-ден астам шаруа қожалығын зейнет жасындағы ардагерлер басқарып келеді. Аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған бұл шаруашылықтар 500-ден астам жергілікті азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бұл жұмыс Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Халқымызда: «Жұмыстың көзін тапқан. байлықтың өзін табады» деген аталы сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда өзінің лайықты бағасын алады. Ауданда адал жұмыс атқарып жүрген кәсіпкер ардагерлердің қатарында – Байұзақ Серкебаев, Жаңылкүл Темірбекова, Мақсатбек Байболов, Ниязбек Абаханов, Билібай Шәукеев, Күнсұлу Қансейітова, Нұржігіт Мәмбеталиев, Серік Садыров және Жарылқасын Тәжіханов, т.б. айтулы азаматтар бар.
***
1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай аудан көлемінде аға буын ардагерлерді ардақтауға арналған тағылымды іс-шаралар өз жалғасын тауып, ауылдық округтерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудан әкімі Жалғас Мұртаза білім беру саласының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері Әбілқасым Ергебековтың және қолөнер шебері, еңбек ардагері, Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының мүшесі Дарихан Сыдықованың құтты шаңырағына арнайы барып, қарияларды Халықаралық қарттар күнімен құтттықтап, ізгі тілегін білдірумен бірге мерекелік Құттықтаухатымен қоса, сый-сияпат табыстады. Одан бөлек, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудан әкімінің орынбасарлары ауданның дамуына еңбек сіңірген ардагер қариялардың шаңырағында болып, оларды мерекемен құттықтады.
Қарттар күні мерекесіне арналған тағылымды іс-шаралар ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылымен қатар, өңірге қарасты – Қошқарата, Жетітөбе, Қарасаз, Мыңбұлақ, Ақсай, Көкбастау және Ақтөбе ауылдық округтерінде ұйымдастырылып, қайырымдылық шараларымен барлығы – 100-ге жуық ардагер қамтылды.

Таңдаулы материалдар

Close