Basty bet
«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шетелдік БАҚ назарында
Еуропалық EU Reporter басылымы Қазақстанның мұнай кірістерін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағыттау тәжірибесіне арналған мақала жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан үш жылдық «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Қаражат мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен автомобиль жолдарын салуға бағытталады.
Бағдарламаның өзектілігі елдегі демографиялық өсіммен де байланысты. Соңғы жеті жылда Қазақстан халқы 2 миллионнан астам адамға көбейді. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және көлік инфрақұрылымын кеңейтуді талап етеді.
Мақалада Қазақстанның бұған дейінгі жетістіктері де атап өтілген:
• Соңғы жеті жылда әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге бөлінді;
• Білім беру саласына – 33,2 трлн теңге;
• Денсаулық сақтау саласына – 15,5 трлн теңге;
• «Халықтық құрылыс» бағдарламасының алғашқы кезеңінде 1,3 трлн теңгеден астам жобалар мақұлданды.
Басылым Қазақстанның тәжірибесін халықаралық мысалдармен салыстырады. Атап айтқанда, Норвегияның ұлттық қор қаражатын пайдалану қағидалары мен Индонезияның білім беру инфрақұрылымына салған инвестициялары қарастырылған.
Сонымен қатар UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасына сәйкес, балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестициялар салу 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 6–14%-ға арттыруы мүмкін.
Басты мақсат – табиғи ресурстардан түсетін табысты халықтың игілігіне жаратып, бүгінгі және болашақ ұрпаққа ұзақ жылдар қызмет ететін нысандар салу.
Бұл – жай ғана құрылыс емес, елдің адами капиталын дамытуға, өмір сапасын арттыруға және тұрақты экономикалық өсімнің негізін қалыптастыруға бағытталған инвестиция.