Basty bet
«ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫС» – ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН
Елдің даму деңгейі ең алдымен азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыратын инфрақұрылымның сапасымен өлшенеді. Сапалы жол, үздіксіз ауызсу, заманауи мектеп пен медициналық нысан, тұрғын үй-коммуналдық жүйенің тұрақты жұмысы – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызы ерекше.
Президент елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды міндеттерді айқындады. Жоспарға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Ал 2026 жыл мен 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларға 1,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Бұл бастама еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқынын арттыруға, елді мекендердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге және халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салуға жол ашады. Алғашқы кезеңде денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы жаңа нысандарды іске асыру көзделген.
Мемлекет басшысы құрылыс саласында тек нысандар санын арттыруды емес, ең алдымен олардың сапасына, экономикалық тиімділігіне және ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығына мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы және техникалық талаптардың сақталуы басты назарда болуы тиіс.
Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – отандық құрылыс индустриясын дамыту. Президент ірі инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды мүмкіндігінше елімізде өндіру қажеттігін айтты. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жергілікті кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды. Әрбір елді мекен үшін ең өзекті мәселелер – жол, ауызсу, тұрғын үй, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Сондықтан құрылыс жұмыстары халықтың сұранысына сай жоспарланып, нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет.
Бұл міндеттер Жуалы ауданының дамуы үшін де маңызды. Ауданда жол-көлік қатынасын жақсарту, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, су шаруашылығы нысандарын салу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызы жоғары. Әсіресе елді мекендерді байланыстыратын жолдардың сапасы мен тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді.
Құрылыс саласындағы тағы бір маңызды талап – жауапкершілік пен сапа. Жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдеріс жүйелі бақылауда болуы керек. Цифрлық бақылау құралдарын тиімді пайдалану, құрылыс барысындағы ашықтықты қамтамасыз ету және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту де осы мақсатқа қызмет етеді.
«Халықтық құрылыс» – тек ғимараттар мен жолдар салу бағдарламасы емес. Бұл – өңірлердің әлеуетін арттыруға, елді мекендердің келбетін жаңартуға, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды бастама. Оның нәтижесі әрбір азамат үшін қолжетімді инфрақұрылымнан, сапалы әлеуметтік қызметтен және жаңа мүмкіндіктерден көрініс табуы тиіс.
Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау – орталық және жергілікті атқарушы органдардың ортақ жауапкершілігі. Ең бастысы, жүзеге асқан әрбір жобаның нақты игілігі халыққа қызмет етуі керек.