Basty bet
«Томирис» би тобы Парижден жүлдемен оралды
Бәйтерек ауылындағы №3 Балалар өнер мектебінің «Томирис» би тобының «Атадан мұра» республикалық конкурсында «Қамажай» биімен бас жүлдені, «Корей» биімен І орынды жеңіп алып, Парижде өтетін халықаралық конкурсқа жолдама алғаны жайлы газетіміздің өткен жылдың соңғы санында жазған болатынбыз.
Жақында наурыз айының соңында би тобы Парижге барып Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, 109 би нөмірінің ішінен І орынды жеңіп алды. Қарапайым ауылдан шыққан би тобының осындай жетістікке жеткені – үлкен еңбектің арқасы, бәріміздің мақтанышымыз.
Би тобының жеңісі туралы әлеуметтік желілерде бірден жарияланды. Бірақ, газетке кеште болса би тобының жетекшісі Бекзада Әбдіқасымовамен кездесіп, әсерлерімен бөлісіп, оқырманға пайдалы мақала жазғымыз келді. Оның сәті кешірек түсті.
-Би тобының құрамында 7-10 сынып оқушыларынан құралған 10 биші қыз бар. Францияға 26 наурыз күні бардық. Бізді ол жақтағы елшілік өте жақсы күтіп алып, қонақ үйге орналастырды. Бірінші күні экскурссияға шықтық. Екінші күні конкурс болды. Конкурс сағат 10-да басталды. Бірінші күні би номинациясы бойынша өтті. Конкурс сағат кешкі 8-де аяқталды. Конкурсқа 18 мемлекеттен 109 би тобы қатысты. Ал, Қазақстаннан үш би тобы бардық. Біз сағат кешкі 18:30-да 93-і болып өнер көрсеттік. Зал лық толы адам. Сахнаға шыққанға дейін далада жүрдік.
Кешкі сағат 22.00-де марапаттау рәсімі болды. Біз сонша көп би тобының ішінен орынға ілігеміз деп ойлаған жоқпыз. Бізді І орын деп хабарлағанда сенерімізді де, сенбесімізді де білмей қалдық. Қатты қуандық. Қуаныштан көзімізге жас келді. Сахнаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шықтық. Кубокпен, Грамотамен, сертификатпен марапатталдық. Қазан айында Санкт-Петербургте өтетін гала концертке және демалуға жолдама алдық. Әділқазылар алқасы біздің ұлттық киімімізді, биімізді мақтап жатты. Шет мемлекетке барып, халқымыздың ұлттық өнерін, ұлттық киімін паш еткенімізге қуандық. Біздің елді танитындар да, танымайтындар да кездесті. Барлығы қыздарымыздың шашына, киіміне қызығып рұқсат сұрап, суретке түсіп жатты.
Шәкірттерімнің, өзімнің қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Францияда алты күн болдық. Конкурстан кейін қаланы араладық. Музейге, саябаққа, сауда үйіне, тағы да басқа тамаша жерлеріне саяхат жасадық. Париж бізге қатты ұнады. Әсіресе, халқының кішіпейілділігі, мәдениеті, тазалығы таңқалдырды. Халқы бір-бірінен кешірім сұрап, үнемі күліп жүреді екен. Бір нәрсе сұрасаңыз, ерінбей түсіндіріп, жол көрсетіп жібереді. Көше тап-тұйнақтай. Көшеде қанша адам көп болғанымен, айналадан бірде-бір қоқыс таппайсыз. Көліктер де тап-таза. Көшелерде шаңсорғыш көліктер шаң сорып жүреді.
Мұнараның жанында табиғат аясында демалып отыратын адамдар көп болады екен. Бірақ, барлығы кетерінде айналасын тап-таза етіп жинап кетеді. Қаланың сұлулығына, халқының тазалығы мен мәдениетіне, кішіпейілділігіне тәнті болып, конкурстан жеңімпаз атанып, өте тамаша әсермен қайттық.
Шәкірттерім Францияда жүргендеріне өте риза болып, алғыстарын білдіріп, болашақ армандарымен бөлісіп жатты. Ағылшын тілінің қажеттілігін түсініп, ауылға барған соң ағылшын тілін оқытатын курстарға қатысамыз деген шешімге келіп, жастардың келешегі үшін ағылшын тілін білудің қаншалықты маңыздылығы жайлы ой түйді.
Мен Жастар жылы деп бізге қолдау білдірген ауданымыздың бұрынғы әкімі Бақтияр Көпбосыновқа және аудан басшыларына, көмек-қолдау көрсеткен мектебіміздің директоры Талғат Расылханұлына, ата-аналарыма, «Ата мұра» қоғамдық қорына шәкірттерімнің, өзімнің барша жастардың атынан үлкен алғысымды білдіремін. Ол кісілердің сенімі, қолдауы бізге күш-қуат берді.
Сонымен бірге маған бидің қыр-сырын үйреткен ұстаздарым Хадия Ергашевна, Ольга Николаевна, Жанна Мырзағұлқызына, үнемі маған қолдау білдіретін қамқоршы, ардақтыларым ата-анама алғысым шексіз.
Мен ауылдан осындай талантты жастардың шыққанына қуаныштымын. Шәкірттерімнің жеңісі мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да бойымдағы бар күш-жігерімді, өнерімді жастарға жұмсағым келеді,- дейді Бекзада Асылханқызы.
Би тобы сыйлаған ортақ қуаныш құтты болсын! Жастарымыз жасай берсін!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»