Basty bet
Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған …
Алғыс айту күні – бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностар өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымының белгісі.
Өзім тұратын Қарасаз аймағын былайғы жұрт ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпұлтты ауыл деп атайды. Айтса айтқандай, мұнда тұратын тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған тоғыз ұлттың өкілі елдің ертеңі мен ортақ игілік жолында аянбай еңбек етуде. Бүгінде этнос өкілдерінің балалары мектеп қабырғасынан мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ауылдағы сан салалы тіршілікке араласуда. Мәселен, орыс ұлтының қызы Марина Беличенко ауылдық округ әкімі аппаратының қарамағында жұмыс істесе, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласында орыс ұлтынан шаштараз Евгения Рудометова, ауыл шаруашылығы саласында украин ұлтынан «Карина» ШҚ жетекшісі Олеся Горгопина және т.б. еселі еңбек етіп, тұрғындардың шексіз алғысына бөленуде.
Кешегі қиын-қыстау заманда қазақ халқы өз тұрмысы оңып тұрмаса да, жеріне түрлі себеппен қоныс аударған өзге этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бар ауыртпалықты олармен бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Сондықтан бұл күнді тағдыр тоғыстырған көпұлтты Қазақстан халқының ортақ тарихын құрметтеу және қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақтастықты және өзара көмек көрсетуді қолдау мен рухани дәстүрлер күні деп түсінуіміз қажет.
Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер
кеңесінің төрағасы.
Қарасаз ауылы