«Кәсіп болмай, нәсіп болмас», демекші, аудан жұртшылығы өз жеке істерін ашып, кәсіпкерлікке ден қоюда. Әсіресе, аталған салада жастар белсенділік танытуда. Өйткені ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, елімізде жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалған болатын. Осы орайда, жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында іске асып жатқан түрлі бағдарламалар аясында олар кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз жобаларын сенімді қорғап шығуда.
Қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсібімен тұрақты айналысып жатқандардың қатары да көбейді. Соның бірі шақпақаталық Серғазы Жамалбек құс шаруашылығы бағытында жұмыс жасап отыр. Жас кәсіпкердің кәсібі туралы осында жасаған іссапар барысында біліп, танысқан болатынбыз. Алайда Серғазының белгілі себептермен ауылда болмауына байланысты анасы Венера Бекболатқызы ұлының кәсібі жайында кеңінен айтып берді.
-Ұлым Шақпақата ауылында туып-өскен. Осындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің түлегі. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы колледжге оқуға түсіп, оны аспазшы-технолог мамандығы бойынша тамамдаған. Оқу бітірген соң, ауылға келіп жұмыссыз жүрді. Кейіннен Жастар жылы аясында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қайтарымсыз грант беріледі дегенді естіп, кәсіпкерлікке бет бұрды. Аудан орталығындағы кәсіпкерлер палатасына тіркеуге тұрды. Онда бір ай шамасында оқып, биснес-жоспар жасады. Жобасы сәтті болып, 505 мың теңге қайтарымсыз грант иегері атанды.
Жобасы бизнес-жоспар құс шаруашылығы бағытында. Жобада 100 қаз алу керектігі көрсетілген.
Ауылда тауық, үйрек асырап көргенбіз, алайда қазды қолда асырап көрмегенбіз. Оның күтімін де білмейміз. Сол себепті, басында байқап көруді жөн санап, 50 бас қаз сатып алдық. Оның бағасы жобада бес мың теңге деп бағаланған. Бұл бағада біздің ауданнан қаз таппай, Тараз қаласы маңындағы ауылдардың бірінен қаздың бір түрі етті Линда тұқымын әкелдік. Қазіргі таңда оларға жем-шөбін, керекті дәрумендерін беріп жатырмыз. Жайылым да кең. Бұл құстың бір ерекшелігі, суыққа өте төзімді екен. Білмегенімізді іздестіріп, қаз туралы барынша ақпарат жинаудамыз. Сондай-ақ біз құс шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер Айнакүл Ахметбековадан кеңестер алу жоспарда бар. Сонымен қатар, сол кісінің тәжірибесіне сүйенсек дейміз. Қазақта «болар баланың бетін қақпа, белін бу»деген жақсы сөз бар. Баламызға біздің тарапымыздан тек қолдау, көмек көрсетіліп, кәсібін өрге дөңгелетуге күш салатын боламыз, – дейді Венера Бекболатқызы.
Жеке кәсіпкердің шаруасымен танысқан соң, Серғазының өзімен тілдесуді жөн санап, телефон арқылы хабарластық.
-Бұл менің ойымда жүрген дүниелердің бірі еді. Осы ойымды іске асыруға елімізде жүргізіліп жатқан тиімді бағдарламалардың бірі септігін тигізді. Осы орайда, кәсіпкерлер палатасындағы білікті мамандардан керекті мағлұматтарды алдым. Онда маған түрлі кеңестермен, бағыт-бағдарлар берілді. Қорқынышты жеңе білуді, тәуекелге бел бууды үйрендік. Алға қойған мақсатымызға қол жеткізу үшін қажырлы еңбек, төзімділік керек екенін түсіндік. Ең бастысы, адам өз-өзіне сенімді болуы керек екен. Сенімділік күшті болса, адам кез келген істің үдесінен шыға біледі деп ойлаймын. Осы орайда кәсібімді кеңейту мақсатында әлі де жобадағы құстар алынатын болады. Сонымен қатар, жүн жұлғыш құрылғы, инкубатор алуды басты жоспарға қойып отырмын. Осы орайда еліміздің қалаларындағы сауда орындарынан бұл құрылғылар туралы ақпараттар жинап, көктемге қарай алсам деген ойым да бар. Етін қайда өткізу керектігі жөнінде де сұрастырып, бірқатар мейрамханалармен келіссөз жүргізудемін. Бастысы, кәсібіңді ата-анам қолдап, көмек қолын созуда. Ата-анамның маған артқан үмітін ақтау менің балалық парызым деп санаймын. Сондықтан алға қойған мақсатым – тек еңбек етіп, кәсібімді кеңейту болып отыр,- дейді жас кәсіпкер Серғазы.
«Жас келсе, іске!» демекші, мұндай табанды жастардың жобасы біздің аудан үшін керекті кәсіпкерлік саланың бір бағытына айналып отыр. Себебі, ауданымыз аграрлы болғандықтан мұнда тұрғындар көбінесе ауыл шаруашылығымен айналысады. Ендігі кезекте, өңірімізде құс шаруашылығы дамыса, нұр үстіне нұр болар еді.