Basty bet
Көп нәрсеге сабақ болды
Теледидардан «Жұма күні кешке Қордай ауданының Масаншы және Сортөбе ауылдарында этникалық дүнгендер мен жергілікті ұлт өкілдері арасында қақтығыс болды, адам шығыны бар» деген суыт хабарды естіген бойда, төбе құйқам шымырлап, өзімді қоярға жер таппай, қиналдым.
Оқиға бірер күн бұрын тұрмыстық жанжал негізінде өрбіген. Қарсы кездескен екі көлік бір-біріне жол бермей, көлік иелері ерегісіп, қақтығысып қалған. Іле-шала сол маңдағы ауылдардан жиналған бас аяғы 300-ге тарта қазақ жігіттері этникалық дүнгендер тұратын Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы тұрғын үйлерді, сауда орындары мен көліктерді қиратып, өртей бастаған. Салдарынан көптеген ауыл тұрғындары үйлерін тастап кеткен. Он адам қаза тауып, қырыққа жуық адам жарақат алған, соның ішінде төрт құқық қорғау органы өкілі бар.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған үкіметтік комиссия оқиға орнына шұғыл жетіп, себептері мен шығындарды анықтау үстінде.
Жалпы, дана халқымыз «Ашу арындағанда ақыл аяңдайды» деп ақылдың орнын ерекше бағалаған. Біз қазақ халқы нендей жағдай болса да, ежелден әр іске байыппен қарап, ақылға жеңдіріп, сабыр сақтай білетін жұрт едік. Жастарымыз жасы үлкен кісінің басалқалы пікіріне тоқтап, ынтымақ пен бірлікті жоғары қойған жұрт едік. Елімізге түрлі жағдайлармен келген ұлттар мен ұлыстарға қамқорлық көрсетіп, өзіміздей көріп, бір үзім нанымызбен бөліскен мейірбан жұрт едік.
Ия, қазір елімізде халықтың жағдайы теңдей емес, жұмыссыз жүрген, ашынған жастар көп. Интернеттегі желдей ескен ақпаратты олар дұрыс қабылдамай, соңы опық жегізер істерге ұрынуы әбден мүмкін.
Жалпы, Қордай оқиғасы көп нәрсеге сабақ болды. Мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбауы үшін тиісті мемлекеттік органдар, ақсақалдар жастармен тәрбие жұмысын күшейтуіміз керек.
Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы