Basty bet

Абай – ұлт мақтанышы

«Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шығара береді».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев

Дүбірлі жаңалықтарға толы 2019-шы жыл көптеген жаңалықтармен тарих қойнауына енді. Бұл жыл – Жастар жылы ретінде санамызға ұялады. Жаңаша жыл есебі бойынша жыл басы – Тышқан жылы да тарих сахнасына келіп кірді. Биылғы жылы ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына – 1150, қазақтың ойшыл ғұлама ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Ұлт тарихында қазақтың үлкен ойшылы, ақын-ағартушы, жаңа әдебиеттің іргесін қалаушы Абай өшпес із қалдырды.
Абай тойы бұдан да бұрын аталып отырғандығын білеміз. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы дүрілдеп өтті. Абай өмір кешкен Қарқаралы – Жидебай – Бөріліде 1000 үй тігіліп, әлемнің көптеген елдерінен және өзіміздің Қазақ Елінің барша өңірі Орта Азиядан, Түркиядан қонақтар ағылып келгені жадымызда жаңғырады.
Абайды әлемге танытқан сөз зергері Мұхтар Әуезовтың: «Қазақтың коммунизмге алып баратын екі жағдайы бар, оның бірі – рушылдық, енді бірі – меймандостық»,- дегені бар. Абайтанушы ғұлама ғалым атамыз Мекемтас Мырзахметұлы Абай бабамыз туралы індете жазғаны баршамызға аян. Халық әлі де Абайды толық тани алған жоқ.
Абай неге өмір бойы зарлап өтті? Ол және оның айналасы ештеңеге мұқтаж емес еді. Абайды қынжылтқан – халқының қасіреті, бодандық тағдыры. Ол 18 жыл би, болыс болған. Биліктің ішкі саяси құпиясын тереңнен білді, түсінді.
Ғұлама ғалым, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы келешекте Нұр-Сұлтан қаласынан Абайтану ғылыми институтын ашып, Абай мұрасын жаңа бағытта, жаңа танымда насихаттау керек екендігін үнемі айтудан танбай келеді. Сыртқа қай рухани дүниемізді көрсетеміз?! Абайдың туған, өскен, өмір сүрген жері бұрынғы Семей облысының Қарқаралы, Абыралы, Қайнар, Қарауыл, Жидебай, Ақшоқы, Бөрілі, Күшікбай, оның ішінде Абайдың әкесі Құнанбай қорымының айналасы тәртіптелетін болып белгіленді. Семей – қазақтың Санкт-Петербургі, қазақ тарихындағы үлкен шаһар, әдеби-мәдени орталық. Құнанбай қажы мұнда сан мәрте келіп, орыс ұлықтарымен ел мәселесіне алаңдап, жоспар құрған. Хакім Абайдың классикалық білім алған ордасы.
Көреген Абай болашағынан үміт күткен жас талант Әнияр Молдабайұлына сол шаһардан қайырымдылық қаржы салып, үй әперген. Бұл үйде кезінде 1917-1922 жылдары Алаштың арыс-көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы отбасымен тұрған аяулы шаңырақ. Қазір бұл үй «Мұхтар Әуезов және Алаш арыстары» музейіне айналдырылған. Міржақып Дулатұлының: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күнді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» дегені бар.
Абай – рух! Абай – темірқазық! Әр қазақ Абайды толық танып білгенде ғана елдігіміз бекем, ұлттық намысымыз тұғырлы болады. Әр қазақ Абайды іздеуі керек. Оның туып, өскен жеріне барып зиярат етуі тиіс.
Кітапхана – оқу мен ойдың ордасы болса, Абай өз заманында Семейдегі үлкен кітапханадан шығыстың, орыстың, еуропа, дүние жүзінің ұлы қалам қайраткерлерінің кітапханасында болып, елге қоржын-қоржын кітап алып қайтып отырған. Өмір бойы оқып, талмай дүниежүзінің ғылым-білімінен сусындаған.
«Жер әңгімешіл болған соң, ел әңгімеші» деген сөз бар. Ес біліп, етек жапқалы ұлы Абай туралы қалам тербеуге ниеттенген ұлы Мұхтар: «Абай туралы естелік жинау өте ауыр болды. Абай замандастары әлдеқашан ұлы дүниелік болып кеткен. Көш ұзап кеткен. Сөзін естіген, тілдескен жандар қартайған, білгендерін ұмытқан, ошақ орнында қалған күлді аршып, үрлеп, шоқ, сөніп бара жатқан оттан инемен құдық қазғандай материал жинадым», – деген екен.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі – «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов» деуі, оның қазақ халқын, Абайды қастерлегенінен хабар береді.
Менің атам Болатбек қажы Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», «Айттым сәлем, Қаламқас» т.б әндерін айтады. Абайдың жыл маусымдарына байланысты «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Ғылым таппай мақтанба», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Келдік талай жерге енді», «Заман ақыр жастары», «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Осы қымыз қазаққа», «Есіңде бар ма, жас күнің», «Қуанбаңдар жастыққа» т.б туындыларынан үзінді айтып отырады. Бұл баршамызды Абайды сүюге, оның ғибратқа толы сөздерінен өнеге алуға шақырады.
Абай бір қалыпқа сыймайтын зор тұлға. Ол қазақ жұртына ғана емес, әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы ақынға арналған 500-дің үстіндегі іс-шара уақыт талабына сай жаңаша деңгейде атқарылуға тиіс» дейді. Абайды тану – өзіңді тану. Абайды ұрпағымызға таныта білу қажет. Ұлы Абай мұрасы – ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет қастерлі қазына, ұлттық құндылық. Абай дәстүрі болашақта да ұлттық рух пен сананы оятып, жаңғыртатын, өзімізді тануға жол бастайтын шамшырағымыз деп білемін.
2021 жылы тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын ел болып рухани азығымызға айналдыру бағытында келелі іс, ауқымды шара өткізіп жатқанымыз қуантады.
Осы орайда, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын ынтымағы жарасқан ел болып, жұрт болып әлем жұртшылығы өнеге аларлықтай деңгейде өткізуге әрбір азамат үлес қосатынына кәміл сенемін.

Айлин Қайыпбекова,
№16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close