Sport

Аудандық турнир өтті

№29 орта мектепте Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай және бақилық болған ардагер жерлестеріміз Асан Маматалиев, Құрманәлі Бошанов, Бақытнұр Ахметовті еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті. Аталған турнирді жыл жайын өткізу дәстүрге айналған.
Турнирдің мақсаты – оқушыларға Ауған соғысы туралы мәлімет беру, ардагерлермен ашық әңгімелесу, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету және олардың есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Шараны «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының «Жуалы Газ» БПҰ-ның төрайымы Айнұр Мөриева және мектептің «Ынтымақ» шаңырағының жетекшілері Қаламқас Серғазина, Айнұр Жұбанған бірлесіп ұйымдастырды.
Шара барысында Ауған соғысында елге оралмай, қаза тапқан, сонымен қатар өмірден озған жерлестерімізді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Турнирді мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов ашып, шараның маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге алғысын білдіріп, командаларға сәттілік тіледі.
Одан кейін кезек мектеп оқушыларына беріліп, олар өрімдей жас шағында қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман ардагерлерге өлең жолдарын арнады.
Жарыста аудандық «Ауған соғысының ардагерлері» ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков сөз алып, соғыс, зұлымдық, жазықсыз төгілген қан, тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі Ауған соғысы туралы әңгімелеп берді.
Бес сағатқа созылған турнир өз мәресіне жетіп, нәтижесінде І орынды №1 мектеп-гимназияның командасы иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал, ІІ орыннан №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің командасы көрінсе, ІІІ орынды №2 Мыңбұлақ орта мектебінің командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаз командалар «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының дипломдарымен және Ауыспалы кубокпен марапатталды.

Жаңаш Серғазина,
№29 орта мектептің
педагог-психологы

Таңдаулы материалдар

Close