Qoǵam

Латын әліпбиіне көшу – жаңа көшке бастар керуенбасы

Бойымызға ең алдымен Алланың құдіреті арқылы және анамыздың ақ сүтімен даритын ана тілінің қадір-қасиеті туралы қазақ ақындары жеріне жеткізіп жырлап келе жатқаны белгілі. Осы орайда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы мәселе көтеріліп, оның шешілу жолдары да қарастырылып келеді. Қазіргі таңда латын графикасына ауысу жөнінде ғалымдардан құралған тиісті мемлекеттік комиссия жұмыс жасап жатыр. Еліміздің жарқын болашағына бағытталған мұндай жұмыстар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп күтілуде.
Жақында аудандық кітапхананың абонемент бөлімінде оқушыларды қоғамдағы өзекті мәселе –латын әліпбиінің жобасымен таныстыру, өз көзқарас-пікірлерін қорғай білуге баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараны кітапханаға қарасты «Білім» орталығының кітапханашысы Шарифат Қаниева ұйымдастырса, цифрландырылған ақпараттық орталықтың кітапханашысы Лаура Сейітпуллаева басқосуды жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелге аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушылары, сонымен қатар аталған білім ошағының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гаухар Тәжікенова шақырылды.
-«Тілдерді меңгеру – жарқын болашақтың бағдаршамы» атты апталық аясында өтіп жатқан «Латын әліпбиіне көшу – жаңа көшке бастар керуенбасы» атты кешімізге қош келдіңіздер.1989 жылы 22 қыркүйекте тұңғыш рет Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» Заңы қабылданып, онда қазақ тіліне «Мемлекеттік тіл» мәртебесі берілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданып, онда «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп атап көрсетілді.
Даңқты қолбасшы, қазақ тілінің шын жанашыры болған Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тілін білмеген – түбін білмейді» деген сөзі бар. Шынында, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп терең бойлай алмасы анық. Мұндай жағдайлар қай елге болсын қасірет емес пе?! Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, қадірлей білуі тиіс,- деді кеш жүргізушісі.
Әрине, тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қаперсіз болған емес. Бүгін де ана тілінің тағдырына алаңдайтын атпал азаматтарымыз баршылық.
Тіл тағдырына арналған басқосу барысында мектеп-гимназияның 10-11 сынып оқушылары Дильназ Алмасбек, Нұрбибі Аязбай, Ақниет Мұқым, Есжан Аярбеков, Шерхан Ақылтай, Жанат Өмірзақ, Аяжан Асқар, Бауыржан Баялиев, Диас Шалқар, Алуа Сызықбай латын әліпбиіне көшу мәселелерін, оның жаһандақ процеске кірігуге өз септігін тигізетінін, одан бөлек, латын графикасының тиімділігін сөз етті. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Тәжікенова да тақырыпқа байланысты ой-пікірін, ұсныстарын білдіріп, мектеп-гимназияда ана тілін ұлықтауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Кеш жүргізушісі тақырыпқа тұздық ретінде сұрақтар қойып, осыған байланысты оқушылар ойларын ортаға салды.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.
Тіл – ата-баба аманаты. Ғасырдан -ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан, бабадан балаға жалғасқан ұлы мұралардың бірі. Ендеше ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру-мына баршамыздың міндетіміз бен қастерлі парызымыз болмақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close