Basty bet
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлады
Алғыс айту күні мерекесінің шарапатын ауданда мүмкіндігі шектеулі балалар да сезінді. Олар бір мезгіл қайырымды азаматтардың жүрек жылуын сезініп, ыстық ықыласына бөленіп, ән тыңдап бір серпіліп қалғандай. Атап айтқанда, айтулы мереке қарсаңында аудан орталығындағы «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған мекеме ұжымымен қатар, ата-аналар мен осында оңалтылып жатқан балалар белсене атсалысты. Оңалту орталығының меңгерушісі Дәмира Мұхаметғалидың айтуынша, қазіргі таңда мекемеде 25 бала тәрбиеленуде.
Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашты.
-Құрметті ұжым, ата-аналар және балалар. Жыл сайын елімізде көктемнің ең алғашқы күні аталып өтілетін Алғыс айту күнінің маңызы зор. Қандай мереке болсын, одан қоғамның барлық мүшесі тыс қалмауы керек. Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап аудан орталығынан оңалту орталығын ашып, жұмыс жасап жатқан ұжымға алғысымды білдіремін.
Әрбір ата-ана балаларының бақытты болғанын, болашағының жарқын болғанын қалайтыны анық. Бұл орталық өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың жұмысын жеңілдетіп, сондай-ақ, балаларды қоғамдық ортаға, ұжымға бейімдеу ісінде жемісті жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта да мұндай игілікті істердің өз жалғасын табатынына сенім білдіремін. Мереке құтты болсын. Балалардың нұр жүзінен қуанышты күлкінің табы кетпесін,- деді Асхат Базарбайұлы.
Сонымен бірге, шара аясында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов балаларға сыйлықтар үлестірді. Бірқатар өнерлі балалар тақпақтар айтып, ән орындады. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары Отан, туған жер тақырыбында әндер айтып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»