Basty bet

Қызмет сапасын жақсарту – уақыт талабы

Қоғамның ақпараттануы және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты кітапхана қызметінің аясын кеңейту және мамандар құрамының сапасын жақсарту уақыт талабына айналды. Кітапхана – ғылым мен білімді, көркем ой құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа тарататын киелі шаңырақ.

Кітапханашылардың ой-өрісін кеңейту, олардың жаңа білімді меңгеруге деген ұмтылысын қолдау, кітапхана мамандарының кәсіби деңгейін арттыру үшін қолданылатын әдістердің бірі – кітапханалық семинар. Осы орайда, аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында ауылдық кітапхана қызметкерлері арасында «Кітапханалық инновациялық технологияларды жұмыс барысында кеңінен қолдану және жүзеге асыру» атты аудандық тәжірибелік семинар өтті.
Аталған семинарды аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы ашты.
Іс-тәжірибе алмасу семинарында әдістемелік бөлім меңгерушісі Күләш Таубалдиева «Күнделікпен жұмыс және басқа іс құжаттар» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы оқырмандарды кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, пайдаланушыларға жаңаша түрде жаңа технологиялармен, ғаламтор желісі арқылы қызмет қөрсету және қазіргі заманауи кітапханашыға қажетті ең маңызды сипаттарды атап өтті.
Ал, кітап қорын жіктеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Жанерке Сейдалиева «Халықаралық әмбебап ондық жіктеу – индекстерді құру принципі және құрылымы» тақырыбына тереңірек тоқталды. Сонымен қатар, әдістемелік библиографиялық бөлімнің библиографы Мира Торбаева «Мерзімді басылымдар картотекасы» тақырыбымен электронды ресурстар, пайдаланушыларына қызмет көрсетудің жаңа формалары арқылы мерзімді басылымдармен жұмыс жасау жолдары туралы айтып, мағлұматтар берді.
Іс-шараға қатысушылар көптеген жаңа ақпараттармен танысты. Семинар барысында әріптестердің ашық сұхбаттасуы өтті. Кітапханашылар күрделі мәселелерді талқылай отырып, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Семинар барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры С.Біләнқызы кітапханашыларға алдағы уақытта нәтижелі жұмыс істеп, кітапхана оқырманының қатары көп болатынына сенім білдірді.

Айжан ЖҰМАНОВА,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close