Ádebıet
МЕКТЕБІМ, МЫНАУ КЛАСЫМ
Әркімнің өмірінде ерекше сақталатын бір кезең болады. Оны мен мектептегі өткен жылдар дер едім. Сондықтан да ойы зерек кісілер алтын ұя – мектепті анаға балайды. Мектеп-Ана дейді. Үйдегі аяулы әке-шеше ұл-қыздарын қалай аяласа, мектеп деген ыстық ұядағы ұстаздар қауымы да алдындағы шәкірттерін дәл солай әлпештейді, өсіреді, жеткізеді. Қазақ жырының ғажайып тұлғасы Мұқағали Мақатаев осыны нәзік сезінген. Ақын қандай өлең жазса да халыққа түсінікті, жеңіл тілмен жырлайды.
Мектебің, мынау класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың, – дейді.
Мен оқыған мектеп есімнен ешқашан кеткен емес. Алпыс бірінші жылы, Гагарин космосқа ұшқан жылы, мектеп есігін аттадық. Ол қарапайым, саз балшықтан тұрғызылған үй болатын. Мемлекет ақша бөлмеген сияқты. Олай дейтінім, ауылдағы үлкен кісілер саз балшықтан кірпіш құйып тұрғыздық дейтін еді.
1965-жылы біздің ХХІІ Партсъезд атындағы колхоз дүрілдеп тұрды. Әйгілі колхоз бастығы Жұрымбай Медетовтың кезі еді, тура ауылдың ортасынан үлкен мектеп үйін салдырды. Сол уақыттағы ең мықты мектептердің бірі болды. Мектепке директор болып Ошақбай Әшімбаев дейтін бір аға келді. Тіл-әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әр сөзін асықпай айтады, ойланып сөйлейді. Сол кісінің директорлық қызмет атқарған 1966-жылы Кантемировка сегізжылдық мектебі орта мектепке айналдырылып, ұлы Абайдың есімімен аталды. Міне, содан бері санап отырсам, тура 54 жыл өтіпті. Жарты ғасырдан астам уақыт қиырдағы Қошқарата ауылының ұл-қыздарына білім беретін киелі шаңырақ дала данагөйі, данышпаны Абай есімімен аталады.
Әлі есімде, алғаш рет орта мектепке айналдырылған кезде оқушылар санын толтыру сәл қиындық туғызған секілді. Әр жақта оқып жүрген ұл-қыздардың басы біріккенше алғашқы тоқсан аяқталды. Он жеті түлек, оның он бірі ұл, алтауы қыз, алпыс жетінші жылдың көктемінде кәмелеттік аттестат алды. Ұстаздардың сапалы білім беруінің арқасында солардың жетпіс пайыздайы институт, техникумдарды тамамдады. Бүгінде солардың бәрі дерлік ақ сақалды қария, ақ жаулықты әже болды. Осыдан үш жыл бұрын мектебіміздің алғашқы түлегі атанған он жеті кісінің жер басып, мына өмірдің қызығын қуаныштап жүргендері бас қосты. Соларға білім берген ұстаздардан Әбдімәжит Дәуренов қана араларына келіп, әдемі естелік айтты.
Міне, өмір деген – осы.
Біз – «Абай» мектебін бітірген бесінші түлекпіз. Класымызда жиырма екі оқушы болды. Тоғызыншы оқып жүрген кезімізде Жұрымбай ағамыз КПСС ХХІV съезіне делегат болып сайланды. Ақ бидайымен даңқы дүрілдеген шаруашылықтың аты Қазақстанның «Құрмет кітабына» Алтын әріптермен жазылды. Республикамызды ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ауылымызға келді, еңбек адамдарымен жүздесті. Қошқарата ауылының бас жағындағы алма бақтың төменгі жағындағы бұлақтың жанына тігілген киіз үйде дәм татты. Кейін ел ол бастауды «Қонаев бастауы» деп атап кетті.
Біз өте арманшыл едік. Романтикалық сезімдерге беріліп, ән салатынбыз. Ауылымыздың ішіндегі бағаналардың басында ілінген радио қалақшалары таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін ән шырқайтын, республиканың жаңалықтарын, еңбек адамдарының толағай табыстарын үзбей жеткізетін. Ертеңімізге деген сенім бізді алға ұмтылдыратын еді. «Кім боласың?» десе, бәріміз инженер боламын, ұстаз боламын, ұшқыш боламын дейтін едік. Сол сөзімізде тұрдық. Мәселен, Алпысбай Шымырбаев екеумізді журналистика қызықтыратын еді. 1967-жылы мектеп бітірген Қасым Әзімханов ағамызды алға салып ҚазМУ-дің журналистика факультетіне бардық. Қасағамыз қайраткер қаламгерге айналды. Аудандық газетте корректорлық қызметтен бастап, жауапты хатшылыққа дейін өсіп, сол тәжірибесімен «Лениншіл жасқа» қызметке ауысып, Бас редактордың орынбасары қызметіне дейін абыроймен атқарды. Одан соң «Заң» газетіне Бас редактор болып барды. Бүгінде «Құқықтық Қазақстан» газетінің Бас редакторы. Алпысбай екеуміз балалардың сүйікті басылымы «Қазақстан пионері» газетінде бірге қызмет істедік. Екеуміз де Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттік. Арманы биік Алпысбай еді, маңдайға жазылған тағдырдың жазуымен 64 жасында өмірден озып кетті.
Өмірдің осындай да өкініші болады екен. Алпаң берерін беріп үлгере алмады.
Біздің білім алған мектебіміз, тәрбиелеген ұстаздарымыз өмірді сүюге үйретті. Абай атындағы орта мектепте оқығанымызды мақтаныш еттік. Менің бір артықшылығым, осы мектепте еңбек жолымды бастадым. Мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болып жүріп, 1973-жылы әскерге алындым. Араға екі жыл салып оралсам, мектебіміздің директоры Сәдуақас Тасқожаев кабинетіне шақырып, «Талғат, келгенің қандай жақсы болды. Төртінші-бесінші кластарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім керек болып отыр еді», – деді. Сөйтіп мен де ұстаздық қызметке кірістім. Бұл менің өмірімдегі әдемі белес болып қалды. Алтын ұяда өткізген алты айлық өмірім жөнінде «Лениншіл жас» газетіне мақала жаздым. Өткен күннің сағыныш болып қалатынын сол материалымды оқыған сайын ойыма аламын. Көз алдыма өзім оқытқан ұл-қыздар келеді. Солардың өзі бүгінде елуді еңсерді.
Міне, өмір деген осылай өте береді екен.
Өмір өткен күндерің емес, есте қалған күндерің дейтін бір данагөйдің сөзі өте дөп айтылған. Сәдуақас ағамыз айрықша жаныма жақын жан еді. Ол кісінің жүрген жүрісі, айтқан сөздері маған өмірлік ұлағат болды. Қандай әңгімені бастаса да, басы мен аяғын үйлестіре айтатын. Әрбір дерекке мән беретін. Сол секілді Шынарбек Махамбетов, Жолтай Байғожаев, Бимат Тойшыбеков, Сатыбалды Назарқұлов, өстіп жалғастыра берсем, өмірімізге өмірлік нәр берген, рухани тәлімгер болған ұстаздарымыз көп-ақ. Мектеп бітіргенімізге әр бес жыл сайын кездесулер өткіздік. Сонда ұстаздарымызды да ұмытпай шақыратын едік. Білім нәрімен сусындатқан ағайлар мен апайларды тура шәкірттік кезіміздегідей қарсы алып, төрге оздыратынбыз. Алла жазса, алдағы жылы соңғы қоңырау сыңғырын естігенімізге елу жыл толады. Не бітірдік, қандай биікке көтерілдік дейміз ғой, әр ісімізге есеп бергіміз келеді. Бәріміз зейнет жасындамыз. Қимай қоштасқан жиырма екі қыз-жігіттің әрқайсысы өмірден өз орындарын тапқан еді. Бірі агроном болды, екіншісі ішкі істер саласында қызмет істеді, үшіншісі қарапайым еңбек адамы болды. Бәрі де ел алдында адалдықтарымен, адамгершіліктерімен дараланды. Мәселе адамдық жолдан адаспай жүру екен. Осы ұлағатты біздің санамызға аяулы ата-аналарымызбен бірге ардақты ұстаздарымыз сіңіріп еді. Үміттерін ақтадық, қазір шетімізден ата, әже болып, ұл-қыздарымыздан өрбіген ұрпақтарға ақыл айтатын, бата беретін жастамыз.
Адам есейген сайын өткенге қарайлағыш келеді. Балалық шақтағы достарын ойлайды. Сонда он жыл білім алған мектебімізді көз алдымызға келтіреміз. Мәселен, өз басым ауылға атізін салған сайын балалық шағымның белгісі болып қалған мектебіме бас сұқпай кетпейтін едім. Сол шаңырақта аз уақыт болса да ұстаздық еттім, аяулы ұстаздарыммен қатар жүрдім деп кеуде керемін. Алғаш Абай атын алып, орта мектепке айналған жылы он жеті оқушы бітіргені есіме түседі. Біз 1971-жылы мектепті тамамдасақ, бізден кейін екі кластан бітіріп отырды. Осы үрдіс тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін жалғасты. Бүгінде мектеп жаңа ғимаратқа көшіпті. Екі қабатты еңселі үйде осыдан төрт жыл бұрын ауылымыздан шыққан әйгілі жазушы Әміртай Бөриевтің туғанына жетпіс жыл толуына байланысты үлкен кездесу өткен. Оған Алматыдан Доқтырхан Тұрлыбек, Қасым Әзімханов, Толымбек Әлімбеков, Алпысбай Шымырбаев және мен әдейілеп барғанымыз да есімде. Мектеп директоры Жанар Өтегенова мектепті асықпай аралатып көрсетті. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттердің арасынан шыққан ғалымдарды, заңгерлерді, дипломатиялық қызметте жүрген азаматтардың аты-жөндерін мақтанышпен ауызға алды. Біз жиырмаға жетпеген жасында «Ақ бидай» романын жазып, талай кітаптарды мұра етіп қалдырған, «Қазақфильмде» экрандалған жүзден астам фильмдерге редакторлық жасаған Әміртай ағамызды еске алдық. Алпысқа жетпей бақилық болған ағамыз қалам ұстаған қай-қайсымызға да өнеге еді.
– Мен де «Абай» мектебінің түлегімін, – деп маған осы таяуда ғана телефон шалды Оралбек Жолшанов деген інім. Ол туған нағашысы Батыр Әбдіхалықовқа ұқсап суретшілік мамандықты таңдаған еді. Арманына жетті, жай суретші ғана емес, мүсіншілікпен де айналысатын маман ретінде өзін көрсете білді. Ұшырасқан сайын ана көрмеде суреттерім қойылды, мына жерде жасаған мүсінім тұр дейтін Оралбек Абай атындағы орта мектептің ғимараты алдына Абайдың ескерткіш мүсінін қою көптен бері арманы болып жүргенін айтты.
– Оралбек-ау, мына ойың құптарлық нәрсе екен, биыл ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Ауданымызда Абайдың есімі берілген көшелер бар. Ал аты берілген жалғыз ғана мектеп біздің ауылда. Ендеше ауданда билік тізгінін ұстап отырған азаматтарға құлаққағыс етейік. Данышпан атамыздың биылғы мерейтойында жасалатын жұмыстардың қатарына қостырайық. Еңселі мектептің алдында мүсінін қойғызуға ұсыныс жасайық. Өзің сол мүсінді жасасаң, бұл да сенің үлесің болар еді, – деп едім, жадырап сала берді.
Мектеп – ауылдағы үлкен мәдениеттің іргелі ошағы. Біреулер оқу бітіріп жатады, енді біреулер, бүлдіршіндерді айтамын, есігін күлімдеп аттайды. Олар да өседі, елдің тірегі болады. Біз білім алған алтын ұя олардың да қимастықпен еске алатын ғажап үйі болып қала береді.
Иә, менің осы ойымды сіз де құптайтын шығарсыз, оқырман?
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы.
Алматы қаласы