Basty bet

Менің Отаным – Қазақстан!

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасында көсіліп жатқан, кең пейілді, ақ жарқын, меймандос, мейірбан қазағымның бір перзенті ретінде туған жер, өскен ел Қазақстанымды жән-тәніммен сүйемін. Осындай елде туып-өскеніме өзімді бақытты санаймын.
Адамға туған жерден, өскен елден қымбат ешнәрсе жоқ. Адамның туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ. Ол – өмірі өшпейтін, суынбайтын сүйіспендік. Халық осы сезімін «Отан үшін отқа түс, күймейсің, отан үшін теңіз кеш, батпайсың», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ұрпағының бойына қаршадайынан отаншылдық сезім нәрін құя білген.
Шабытты ақын Мұқағали:
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер.
Ғашықтар бірін-бірі өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын.
Тағзым жасамай өтпеңдер!- деп, тегін жырламаған.
«Отаным – алтын бесігім». Ол – бір Отан, Қазақстан. Ұлы Мұхтар атамыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе, халық боламын десең, халықтық қалпыңды сақта» дегендей, кең-байтақ елге ие болатын қазақтың көп болуын, әдет-ғұрпы мен салт-санасын мәйегін бұзбай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуін межеге айналдырсақ қане?!
Қазақты мыңдаған жылдар бойы ел-жұрт етіп сақтап келген батырлары мен билері емес, әдет-ғұрпы мен салт-санасы деп білсек етті.
XIX ғасыр аяғында, дәл айтсақ, 1897жылы патшалық Ресей бүкіл қарауындағы елге халық санағын жүргізген, сонда Ресей құрамындағы бүтін түркі халықтарының ішіндегі халқының саны 3,7миллионнан асқан ең көп халық қазақ болған. Сол кезде миллионға жетпеген өзбек халқы қазір 27 миллион боп, бәрі 32,5 миллионға жеткен. Қазақтардан 2 еседен астам көбейген. Бізге неге көбеймеске?! Мына кең-байтақ жерге, Отан, Елге ие керек емес пе?!
«Елдің үмітін ер ақтайды,
Ердің атын ел сақтайды».
Ұлт аманатына айналған қазақ даналарының өсиетін басшылыққа алып, сенімдеріне селкеу түсірмей, өркениетке жол бастағандар кімдер? Олардың ісін жалғастырған хан мен батырлар, би мен қазылар, жырау мен ақындарымыз.
Саны аз болғанымен, рухы мұқалып көрмеген қазақ ақ патшаның озбырлығына 289 жыл тойтарыс беріп отырған. Бұл – ерлік емей немене?!
Бұл «Ерді ел қолдаса – береке, Ханды ел қолдаса – мерекенің» кері келіп, «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» – мен қазақ Елдігін сақтап қала алғаны.
Күні кеше саясаттың көлеңкесінде (коммунистік 70 жылдық билікте) қалып қойған қазақ тарихы енді ілім біткеннің көшбасшысы ретінде ұлттық рухымыздың көшбасшысына айналса игі.
ХХ ғ. Қазақ халқы үшін М.Әуезовше «Қилы заман» еді. 1916 жылы Ахмет Байтұрсынов «Тәубе!-дейік, қазақ 6 млндық межеге жеттік!»-деп жазған. Төңкеріс, үлкен-кіші жылан, 1917-1929 ж.ж. кеңес өкіметінің асыра сілтеуі, қазақ байларын тәркілеу, қаймақтарының көзін жоюды жүзеге асырды. Малмен күн көрген момын қазақ қолдан жасалған ашаршылық, «теке сақал» Ф.Голощекин билігі кезінде қазақ ақ сүйек боп қырылды, жер ауды. 1937-1938 ж.ж. қазақ «қаймағының» сыпырылуы 1941 ж. д/ж соғыс алдында қазақ 3 есе азайып, 2млн 100мың ғана болған. 1941-1945 ж.ж. сұрапыл соғысқа 700мың қазақ аттанып, 3/2-сі оралмай қалды. Орыс, неміс, корей, грек, поляк, украйн, шешен, қырым татары т.б.1930-1956 ж.ж. депортация, қазақты азшылыққа айналдырды.
Атаммен құрдас, сыйлас Мырзағали Кәдірманов 1968ж. Оның да, менің де Атамның әкелерін соғыс жалмаған. Бір үйден «тұқым болсын!» деп әйтеуір түтін өшпегеніне тәубе. Израиль-Араб соғысында орыс әскери бастықтары мен араб әскерилері – кездесулерінде ағылшын тілі маманы ретінде тілмаш болған.
Бір естелігінде: – Лондонда 1968ж. сол ел әскери басшыларымен кездесуден соң мейрамханада бас қостық. Қызмет көрсетіп жүрген азиялық маған қайталап қарай берді.
Шамалы үзіліске шыққаным сол екен, қалтарысты пайдаланып, қасыма кеп: -Қазақсың ба?!-дегені. –Иә?!-деп ем: -Қазақты, далада жел айдап бара жатқан қаңбақты көрсем арманым жоқ!-деуші едім, енді өлсем, арманым жоқ, қазақты көріп өлетін болдым! – деп ағыл-тегіл жылағаны есімде мәңгі қалып қойғаны, – деп еді.
Жұбан ақын жырлағандай, «Мың өліп, мың тірілген қазақ» күні кеше 1986 ж. 16-17 желтоқсанда Алматыдағы көтерілісі. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған ірі тұлға Д.А.Қонаевты 16 минут пленум өткізіп, қызметінен босатып, орнына қазақ, оның елі туралы бейхабар «шүрегей» Колбинді Қазақстанға жіберуі бүтін қазақ Елін дүрліктірді.
Азаттық пен шынайы қазақи билікті, қазақи білімді аңсаған қазақ жастары көшеге шығып, ол көтеріліске ұласты. Жүздеген, тіпті мыңдаған қазақ қыздары жәбірленді, өлтірілді, таяқталды оқудан шығарылып, қудалауға түсті.
Өскемен түрмесінде Қайрат Рысқұлбеков 20 жасында:
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты-құрбандық»
Атам десең атыңдар!- деп жазды батыр ұл.
Еуропаның көріпкелдері «Көп ұзамай жер шарының 6/1 бөлігін иеленіп отырған алып империяның құлауы ақиқат» деп 1987 жылы айта бастаған-ды.
1991жылы 16 желтоқсанда көптен күткен тәуелсіздігімізді жарияладық. Бауырлас Түрік халқы жарты сағаттан соң бізді танып, мәмлегерлік байланыс орнатты. Тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы.
Халқымыздың табан ақы, маңдай тері, сан мың жылдардан бергі бабалардың төгілген қаны мен қиылған жаны.
«Шаңырақ» көтергеніміз соның арқасы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы Дала – түркі халқының қара шаңырағы» деген бөлім бар. Осы жерде Кемал Карпат сөзін келтіре кету артық болмас (Ол АҚШ та Висконсин Университетінің профессоры).
1. Қазақты ұлт ретінде сақтау, түрікті ұлт ретінде сақтау.
2. Қазақтар – ең таза түріктер.
3. Қазақ тілі-тамаша түрік тілі.
4. Түрік тегінің тамыры да осында.
5. Түркиядағы мұсылманшылық Құл Қожа Ахмет Иассауи уағыздаған мұсылманшылық (Сопылық ілім, арлының арлысы).
6. Мен Американдық Түрікпін.
7. Жүрегімнің түкпірінде қазақ тұр!
Қазіргі таңда 32 түрік елі бар. 12 миллион шаршы шақырым жерді мекендейді, 200 миллион халқы бар бұл жер Еуропаны үш орайды. Осы жерде Тұрар Рысқұловтың «Түркістан тұтас бол, түркітілдес түгел бол!» деген қағидасы сананы жаңғыртады. Мемлекеттік Рәміздерміз белгіленді. Ермұрат Зейіпханның:
«Көк тудың желбірегені, бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Көзінің мөлдірегені»… туымыз, салтанатты әніміз (Елұран емес), айбынымыз елдігіміздің нақ бейне-белгісі боп әр жүректі тербейтін ұлы күш боп орныққаны әр қаны қазақтың бойын шымырлатады!
2008 жылы Менің Болатбек атам Меккеде Испанияның Андалусиясының (Арабтар бұл елді 500 жыл билеген) мұсылман әйелімен тілдеседі. Бірінші о кісі өз жөнін айтады. Атам:- Мен Қазақстаннанмын десе, әлгі әйел:- Назарбаев, Артаев!-деп, Елбасы әрі Афинадағы олимпиадағы Қазақ туын желбіретіп салтанатты әнін орындатқан Бақтиярды әлгі әйелдің айтқанына керемет риза болдым!-деп еді.
Ұрпаққа қазақтың шалқар даласын, кір жуып, кіндік кескен туған жеріңнің ойы мен қырын, тауы мен тасын, жазығы мен жазирасын таныстыр, көзімен көрсет, шалғынына аунат; перзент өзінің ата-тегін, терең тамырын, рухани діңгегінің, Отанына деген сүйіспеншілік сезімінің бүршік ата бастауына жағдай жаса!
Жаңа ғасырды өткере бастағанымыз енді ғана. Алда тәуелсіздігімізге – 30 жыл! Ұлы мерекеге тартар сыйымыз – қайырымды, мейірімді шапағатты, иман жүзді боп, әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына қосылу үшін аянбай тер төгіп, білім алып, қызмет жасайық! – дегім келеді.

Айлин Қайыпбек,
№16 С.Сейфуллин атындағы ОМ-ның
11 сынып оқушысы.
Мақала Болатбек Қайыпбекұлының жетекшілігімен жазылған

Таңдаулы материалдар

Close