Basty bet

Ойын орталығы

Бала – өмірдің қызығы. Олар бізге қайталанбас сәттерді, тәтті қылық пен шаттығын, өмірдегі ең керемет сәттерді сыйлайды. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін арнайы жабдықталған ойын алаңдары мен орталықтар сұранысқа ие болуда. Ойын орталықтары көбінесе облыс орталығында ғана бар. Ал қазіргі таңда мұндай орталықтарды ауданнан да ашуға жеке кәсіпкерлер ықылас білдіруде.

Осы орайда, ниет білдіруші кәсіпкердің бірі Жасұлан Жолдасов Бауыржан Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесінің бойынан балалар ойын орталығын ашты.
Жасұлан осы ауылдың тумасы. №29 орта мектептің түлегі. Негізгі мамандығы – құқық қорғау саласының қызметкері. Қарағанды қаласындағы Қарағанды Заң академиясын тамамдап, 2017 жылға дейін Теміртау қаласында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, одан кейін отбасылық кәсіпкерлікке бет бұрады.
– Орталық ашу көптен бері ойымда жүрген еді. Аудан жұртшылығы, елді мекен тұрғындары балаларын ойнатып қайту үшін облыс орталығына сабылып барып жатады. Оған кей бір отбасының жағдайы жетсе, біреуінікі жете бермейді. Кейбір елді мекендегі шаруадағы азаматтардың тіптен қолдары тимейді. Сол себепті, біз отбасымызбен алдымызға нақты мақсат қойып, тұрғындарға қолжетімді, тиімді болуы үшін осы орталықты ашуға бел будық. Яғни, әр ата-ана балаларының бос уақытын тиімді пайдалану үшін орталықты іске қосудамыз.
Бұл бос тұрған ғимарат болатын. Оны сатып алып, ішіне күрделі жөндеу жүргізілді. Орталық балалардың еркін ойнауына сай жабдықталды. Ойын заттарының барлығы қазіргі уақыттың талабымен Алматы қаласынан алынды.
Орталыққа 1 мен 10 жас аралығындағы балалар келе алады. Ойнау уақыты екі сағат, бағасы 500 теңге. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайыз жеңілдік бар. Ал, бір жастағыларға тегін. Келушілер өздерімен бірге ештеңе әкелуге болмайды. Ата-аналар балаларын осында тастап кетсе де болады. Себебі, орталықта бір қызметкер бар. Оған 50 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Балалардың қауіпсіздігін бақылап, тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Орталық әлі толығымен жабдықталып біткен жоқ. Алдағы уақытта ата-аналарға арналған бөлме, асхана және құрастырғыштар қойылған арнайы бөлме іске қосылатын болады. Сонымен қатар, ғимарттың кіреберісіне де жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаудамыз.
Егер алдымызға қойылған барлық жоспарларымыз ойдағыдай орындалса, кішкентай қонақтарымызға біздің жаңа ойын орталығымыз ұнайтынына және өткізген уақыттары тек қызықты ғана емес, пайдалы болатынына сенімдімін,- дейді жеке кәсіпкер өз сөзінде.
Кәсіпкердің бұл бастамасы көпшілікке пайдалы болатынына біз де сенім білдірдік. Себебі, қазіргі заманның талабына сай балалардың көбісі біздің бала кезімдегідей далада көп ойнай бермейді. Олардың талабы мүлдем басқа. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл ойын орталығының балалардың дамуына өз септігін тигізетіні анық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close