Basty bet

Сын сағатта береке-бірлігімізді ойлайық

Әлемдегі жағдай сәт сайын өзгеріп жатыр. Өмірде ақ пен қараның қатар жүретіні сияқты әлемде қазір жақсы жаңалықтардан жаман хабарлар жиілеп кетті. Қазір дүниежүзілік саяси ахуал да өте күрделі мәселеге айналуда. Оны күнделікті ақпарат құралдарынан естіп-біліп, көріп жатырмыз.
Жаман хабар жерде жата ма? Қытай Халық Республикасынан аты жаман індеттің шыққаны туралы жағымсыз жаңалық лезде әлем елдеріне тарап кетті. Коронавирус деп аталатын ауру Қытайдан шығып, басқа да елдерді шарпуда. Қазір ел ішінде, халық арасында да қорқыныш басым. Өкінішке орай, аты жаман індет біздің елге де жетті. Коронавирус ауруы шетелдермен байланыста болған, сол жақтан келген кісілерден шығып жатыр. Ақпарат құралдарынан хабардар болып отырғанымыздай, ауру жұқтырғандардың саны күн санап артып барады.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Бұл біздің ғана басымыздағы жағдай емес, қауіпті індетпен күрес қазір әлемнің бірқатар елдерінде қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялап, орын алып отырған жағдайға түсіністікпен қарап, халықты сабырға шақырып отыр. «Сабыр түбі – сары алтын» деген аталы сөз бар халқымызда. Сондықтан осындай ел бірлігі сыналар сын сағаттарда сабырлық танытып, байырғы берекемізді, мызғымас бірлігімізді сақтап қалу жолдарын ойлауымыз қажет.
Президенттің Жарлығымен елімізде төтенше жағдай енгізілді. Үлкен мегаполистерде шектеулер қойылды. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жағдай. Аурудың салдарымен күрескенше, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Елдегі жағдайға сабырмен қарап, түсіністік танытқанымыз абзал. Еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын бәріміз ойлауымыз қажет.

Жарас Мұратай,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close