Basty bet
Әрбір істе сабырлық керек
«Ауру келді дегенше, әлек келді десеңші» демекші, бірнеше күн болды коронавирус індеті елімізге кіріп, әлек болып жатырмыз. Президент Жарлығымен төтенше жағдай режімі жарияланды. Ондағы басты мәселе – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау.
Тазалық – саулық кепілі. Бұл ең бірінші әр адамның жеке басының, отбасында тазалықтың сақталуы. Індетпен күресу жолында қойылған талаптарды орындау, сабырлық сақтау мен мәселенің байыбына барып, сергектік танытуымыз керек. Сонда ғана өзімізді, ұрпағымызды, елімізді қорғай аламыз.
Президент жанындағы Төтенше жағдайлар режімін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия күнделікті тиісті шараларды орындауда. Халықтың жағдайы жан-жақты назарға алынып отыр. Елде осы мәселеге қатысты қандай шаралар қолға алынуда? Ол туралы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялануда. Алайда ресми деректен гөрі өсек-аяңға құрылған жалған ақпараттар халықты шатастырып жатыр.
Жаман жаңалықты жариялауға, жаман жаңалықты оқуға жанымыз құмар болып барады. Тіпті, кейбіреулер жарысатын сияқты.
Саналы түрде ойланайық, босқа даурықпайық. Бір-бірімізге қолдау білдірейік. Елдігіміз осындай қиын сәтте сыналады.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз бақыттымыз.
«Көш жүре түзеледі» деген. Кемшіліктеріміз болса, бірігіп түзетейік. Қарнымыз тоқ. Той тойлап, өсек айтып, қолымыздағы бардың қадірін білмей жүрсек, Алла бәрімізді бір-ақ сәтте сабамызға түсіреді. Сабыр сақтайық. Әрбір істі ақылмен шешуді үйренейікші. Әрбір дұрыс айтылмаған сөздің, істелмеген істің артында елдің тағдыры тұрғанын ойлайық. Ел болуды, елдің амандығын, ұрпағымыздың келешегін ойлайық.
Кішкентай отбасының өзінде бір қиындық туындаса, әр мүшесі әр нәрсені айтып, әр жаққа тартса, соңы не болады? Мемлекет те сол сияқты. Қандай жағдай болмасын бірігіп, қандай мәселеде де бірге күресейік.
Тарихымыздан бұрынғы заманды еске түсірейікші, ата-бабаларымыз он-он бес балалы болған. Бірақ, сүзек, түйнек, қызылша болған, тағы да басқа аурулармен ауырып, барлығы шетіней берген. Көп баладан біреуі ғана тірі қалған отбасылар көп. Ал, қазір медицина дамып келеді. Елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріледі. Мүмкіндігінше емдеудің жолын табуға тырысуда. Біз де өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, медицина қызметкерлеріне көмектесуіміз керек.
Қандай жағдайда болмасын бетін іліп алып, шикі әңгімені жариялап, даурықпайық. Әр істің, сөздің артын бағайық. Дәл қазіргі өтпелі кезеңде әрқайсымыздан елге керегі – сабыр сақтап, тиісті шараларды мұқият орындау болмақ.