Qoǵam

Түркі әлемі және латын графикасы

Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем елдерінде ғұмыр кешіп жатқан қандастардың рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадамның бірі. Еліміздің жазу-сызуын кирилициадан латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе біраз жылдан бері айтылып келеді. Тіпті, көрнекті ғалым Әбдуәли Қайдар осыдан бірнеше жыл бұрын латын әліпбиін заман талабына сай жасап, оны ұсынғаны да белгілі. Латын қарпіне көшу еліміздің рухани жағынан қайта жаңғыруына кең жол ашатыны даусыз. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз қажеттігін мәлімдедім» дегені белгілі. Сонымен бірге, аталған мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы жан-жақты айтылған.
Қазақ әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында оқитын оқушылар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
Жас ұрпаққа берері мол бағдарлама аясында өз ортамызда латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымызды саралап көрдік. Яғни, біріншіден, тіл тазалығы мәселесі.
Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Ал, біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Елімізде латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері мен тиімді жолдарын жан-жақты қарастыруда.

Қуаныш Сатар,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығы»
Жуалы аудандық
бөлімшесінің оқытушысы

Таңдаулы материалдар

Close