Basty bet

Қашықтықтан оқытуға дайындығымыз қалай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде бір ай көлемінде төтенше жағдай енгізілді. Бұл әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясының елімізде таралуына жол бермеу үшін жасалып отыр. Қазақстанға кіруге және шығуға шектеу қойылуының, ірі сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтарының және жұртшылық көп баратын қоғамдық орындардың уақытша жабылуының, қалалар мен облыс аумақтарына қатаң шектеу шараларын енгізудің астарында – халықтың бір жерге шоғырлануына жол бермеу, аурудың алдын алу, таралуын тоқтату мәселесі жатқаны белгілі.
Әлемді дүрліктірген індеттің салдары білім беру жүйесіне де уақытша өзгеріс енгізді. Нәтижесінде елімізде студенттер қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім ала бастады. Ал, мектептерде қашықтықтан оқытуға дайындық жұмысы қызу жүруде.
31 наурыз күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Қашықтықтан оқыту форматы туралы» баспасөз конференциясын өткізді. Осыған байланысты министрліктің арнайы №123 бұйрығы шықты. Бұйрыққа сәйкес білім беру саласында нақты шаралар қолға алынып, қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
6 сәуірге дейін уақыт өте аз қалды. Қашықтықтан оқытуға байланысты проблемалар жеткілікті. Проблемаларды шешуге жергілікті билік пен білім бөлімі бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл жүйе елімізде алғаш рет жүргізілгелі отырғандықтан барлық тараптан түсіністік пен қолдау қажет. Баланың орта біліммен қамтылуына жағдай жасауға ата-ана да жауапты. Сондықтан мектеп пен ата-ана өз жауапкершілігін жете түсініп, балаларға жағдай жасауымыз қажет. Балалар онсыз да көктемгі демалыс уақытынан бөлек екі апта үйде отырып қалды. Оқушылар мұғалімнен қызықты да тартымды сабақ күтеді. Осы сәтте ата-аналар үйде балаларын қадағалап, жүйенің дұрыс ұйымдастырылуына көмектесуі қажет.
Біздің аудан да қашықтықтан оқытуға қызу дайындық үстінде. Жұмыс барысымен нақты танысу үшін аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаевамен арнайы сұхбаттасқан едік.

-Гүлсім Ақылбекқызы, ауданда қашықтықтан оқытуға дайындық барысы қалай?
-Жалпы ауданда 39 мектепте 5776 отбасынан 11 285 оқушы білім алуда. Оның ішінде 1-4 сынып аралығында 4569 оқушы, 5-9 сынып аралығында 5 298 оқушы, 10-11 сынып аралығында 1418 оқушы білім алып отыр.
Ауданда мектепте балалары оқитын жалпы отбасы саны – 5776 болса, оның ішінде үш баласы бары – 1204, төрт баласы бар – 727, бес және одан жоғары балалары бары – 291 отбасы.
Ауданда аз қамтылған отбасылар саны – 976. Ондағы бала саны – 2097. Оның 364-інде компьютер болса, 1733-інде жоқ. Интернетке қосылғаны – 194 отбасы, 782 отбасы қосылмаған. Бірақ, жалпы мектептерде 1773-інде компьютер бар, бүгінгі күні аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына мектептердегі компьютерлер уақытша таратылып берілуде. Бұл компьютерлер қашықтан оқыту аяқталған соң мектептерге қайта қайтарылады.
Сонымен бірге 2020 жылға білім бөлімі 15 млн теңгеге 70 компьютер алуды жоспарлаған болатын. Қазіргі таңда осы компьютерлерді алу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта компьютерлер алынса, қосымша тағы да аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына беріледі деп жоспарлануда. Яғни, компьютермен қамтамасыз ету мәселесі қиындық тудырмайды. Алайда бізде интернет мәселесі күрделі. Мәселен, жалпы аудандағы 14 ауылдық округтегі 48 ауылдың 13-інде интернет бар. 35-інде интернет бар болғанымен жылдамдығы өте төмен. Олар: Т.Дүйсебайұлы, Күреңбел, Қошқарата, Шақпақата, Шақпақ бекеті, Жұрымбай, Қарасу, Көктас, Қаратас, Алатау, Жаңаталап, Күркіреусу, Ынтымақ, Амансай, Төңкеріс, Ақбастау, Қызыларық, Талапты, Диқан, Теріс Ащыбұлақ, Көктөбе, Ақтоған, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Дарбаза, Рысбек батыр, Қарабастау, Қоңыртөбе, Тасбастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ, Кәріқорған, Көлтоған, Ертай ауылдарында интернет желісінің жылдамдығы нашар болғандықтан топтық желіде сабақ жүргізу мүмкіндігі жоқ.
Яғни, жалпы 35 елді мекенде интернет желісімен жаппай онлайн тәртібінде жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Бұл ауылдарда интернет бар болған күннің өзінде өндірістік қызметті емес, тұрмыстық деңгейдегі мазмұнды бере алады. Алайда бұл мәселе жергілікті билікпен бірлесе отырып шешімін табады деп жоспарлануда. Жалпы бұл мәселе біздің ауданда ғана емес, республика көлемінде көтеріліп отыр. Сол себептен біздің облыс басшысы Бердібек Сапарбаев та бұл мәселені тездетіп шешуді тиісті сала басшыларына тапсырды.
Осындай мәселелерді ескере отырып біздің аудан мектептері Білім және ғылым министрінің №123 Бұйрығына сәйкес қашықтықтан оқытуды аудандағы интернет жылдамдығының сапасына қарай (Бұйрық бойынша мүмкіндікке қарай WhatsApp Bilim land ZOOM You tude Google Classroom желілерін пайдалануға болады) WhatsApp арқылы өтуді ұйғарған едік. Кешегі күні барлық мектепте дайындық ретінде балалармен сабақтар өтіліп, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге бұйрықта көрсетілгендей, 80-ге дейінгі оқушылары бар шағын ауылдардағы мектептерде сабақ бұрынғысынша өтеді. Біздің ауданда мұндай санатқа тоғыз мектеп жатқызылуда. Олар: №31 Ақтасты, №33 Теріс-Ащыбұлақ, №35 С.Мұқанов атындағы БМ, №39 Жылыбұлақ, №44 Бақалы, №45 Тасбастау бастауыш және №34Қаратас, №37 Ынтымақ, №36 Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектептері. Бұл мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс.
Әрине, сабақ басталғанда әлі талай проблемалар туындауы әбден мүмкін. Барлығы жұмыс барысында шешіледі деген үміттеміз. Бізге ең бастысы балалардың болашағы үшін ата-аналар тарапынан түсінісітік пен қолдау керек.
Аудан мектептеріндегі жалпы педагогтар саны – 1759. Оның ішінде үй жағдайында компьютері бар мұғалім саны – 1547. Мұғалімдер арасында жалпы дайындық жұмыстары 100 пайыз жүргізілуде.
Білім басқармасының ұсынысымен онлайн тәртібіндегі сабақтардың реттілігіне жауапты білім бөлімі мен 39 білім беру мекемесінен мамандар бекітілді. Осы мамандардың сараптама жұмысы негізінде жалпы мектеп оқушыларының отбасында қашықтықтан оқыту мақсатында «Балапан», «Еларна» телеарналарының сапасының жоғары екендігі және 100 пайыз қамтылғандығы айқындалды.
Қашықтықтан оқыту бойынша білім мекемелерінің педагогтары өз пәндері бойынша 15-20 минуттық 56 бейнеролик, 45 онлайн сабақ, оқушыларға арналған бағыттық 28 нұсқаулық дайындалды.
-Облыс аумағында 31 сәуірден бастап шектеу енгізілгелі балабақшалардың жұмысы тоқталды. Сондықтан балабақшалардағы жағдайға тоқталсақ.
-Балабақшалар 31 наурыздан бастап жұмысын толық тоқтатты. Педагогтар ақылы демалысқа жіберілді. Балалардың орны сақталатын болады.
-Ал қосымша білім беру мекемелерінің жұмысы қалай ұйымдастырылуда?
-Қосымша білім беру мекемелері бойынша төрт білім беру мекемесінде 150 педагог қызмет атқарады. Олардың 110 педагогы 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап еңбек демалысына жіберілді. Ал 40 педагог қашықтықтан оқытуда дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен бірге аудан әкімдігінің білім бөлімі аудандық психологиялық педагогикалық түзету кабинетінде қазіргі таңда 11 педагог жұмыс істейді. Төтенше жағдайға байланысты 9 педагог еңбек демалысына жіберілді.
-Әңгімеңізге рақмет! Ұрпақ игілігі үшін атқарған істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close