Basty bet

Санитарлық бақылау бекетіне барды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» №285 Жарлығына сәйкес, елімізде орын алған коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында партия аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев, комиссия мүшелері Сәбитхан Қожанов, Күлбақыт Айтқұлова және партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан «Шақпақ» санитарлық бақылау бекетінде болып, бекет жұмысын бақылауға алды.
Бақылау бекетінде бір жедел жәрдем көлігі, медицина және облыстық, аудандық учаскелік полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен қызмет атқаруда. Санитарлық бекетте бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бекеттен өтушілерге арнайы анкета толтырылуда.
Сәуір айының 5-нен 6-на қараған түні сағат кешкі 18.00-ден таңғы 6.00-ге дейін 319 адамға анкета толтырылып, 295 автокөлік тексерілген. Бұл алдыңғы күндермен салыстырғанда 4 есеге аз. Яғни, өткен аптаның кей күндері 1200-1250 адамға анкета толтырылған екен. Жамбыл облысының аумағында шектеу жарияланып, санитарлық бекеттердің жұмысы жолға қойылғалы бері бұл көрсеткіштер едәуір төмендеген. Көрсеткіштердің төмендеуі тұрғындардың жауапкершілігі артып, елімізде енгізілген төтенше жағдайға бей-жай қарамайтындығын көрсетіп отыр. Алдағы уақытта мұндай рейдтік жұмыстар партиялық бақылау комиссиясының тарапынан жалғасын табатын болады.

Таңдаулы материалдар

Close