Basty bet

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласын жариялай отырып, халқымызға рухани күш, бойына қуат дарытып, жүрегіне сенім ұялатты. «Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді» деген Абай хакімнен қалған тамаша тағылымды сөз бар. Дана ақын айтқан осы ой – Ұлт көшбасшысы Үндеуінің темірқазығы іспетті.
«Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін» деп Нұрсұлтан Әбішұлы өз үндеуінде халықты бірлікке, ынтымақтастыққа шақырады. Дәл бүгінгі күні бізге қажеті де осы. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» біртұтастығымызды сөзбен емес, іспен дәлелдесек, елге төнген кез келген бұлттың артынан күн көреріміз хақ.
Елбасы өз мақаласында ел ішінде дүрбелең салмай, қаңқу сөзге ілеспей, сабырлық танытуды үндейді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан сақтық шараларына бей-жай қарамай, кісілігімізді танытуға шақырады. Біздің осы уақытқа дейін жүріп өткен дара жолымызды саралады. Ең бастысы, мемлекет пен ұлттың егіз ұғым екендігі, мемлекет үшін халықтың амандығы мен денінің саулығы маңызды дүние екенін жеткізді.
Осындай сын сағаттарда төзімділігімізді шыңдап, сақтық шараларына мән берсек, бұл індетті жеңетінімізге сенімдімін. Індеттің алдын алу және болдырмау үшін әр азамат жауапкершілік жүгін сезінуі керек. Сол себепті, біз біркісідей бірлесіп, бір ел, бір тұтас ел екенімізді танытайық. Бір-бірімізге демеу болып, қолдау білдірейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлігіміз мықты болса, бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын. Демек, Елбасының салиқалы ойларына ден қойып, ел болашағы үшін барынша еңбек етіп, жауапкершілік танытуға шақырамын.
Мен ана ретінде еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын, індеттің таралмауын бес уақыт намазыма қосып, дұға-тілек тілеп отырамын. Әр азамат жүрегіне иман ұялатып, сабырға келсе, бізге Алла тағаламның нұры жауады деп сенемін.

Дарихан Сыдықова,
көпбалалы ана.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close