Basty bet
Кеңейтілген алқа мәжілісі өтті
Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерімен кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді.
Жиында аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаева 2019-2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады. Баяндамада мұғалімдердің санаты, білім сапасы, оқушылардың жетістіктері, мектептердің материалдық-техникалық базасы, заманауи оқу құралдарымен қамтылуы, биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер, мектептердегі жөндеу жұмыстары, тағы да басқа мәселелер қамтылды.
Ернұр Маратұлы білім бөлімінің басшысына маңызды мәселенің бірі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, яғни жазғы сауықтыру лагерінің карантинге байланысты қалай ұйымдастырылатыны жайлы сұрады.
-Биыл жылдағыдай 400 баланы қала сыртындағы лагерьлерге демалдыру жоспарланған болатын. Алайда карантин режіміне байланысты балалардың қауіпсіздігі үшін биыл лагерь үш мектепте 45 баладан ғана палаткада, яғни табиғат аясында өтеді. Бұл мәселе туралы шешім нақтыланғанда тағы да хабарлайтын боламыз,- деді Гүлсім Ақылбекқызы.
-«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Ұстаздар қауымының жалақысы көтерілді. Мектептер материалдық жағынан жаман емес. Қысқасы, білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Мұның барлығы жас ұрпақтың келешегі үшін жасалып отыр. Ұстаздар қауымына қашаннан үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан жанашырлықпен, жауапкершілікпен жұмыс істеу керек. Қай мектепке барсаңыз да ол мектептің іші-сыртына қарап оның директорының қандай екенін білеміз. Барлығы мектеп басшысына олардың білімі, жауапкершілігі мен іскерлік қабілетіне байланысты.
Жас ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбие беруіміз қажет,- деді Ернұр Маратұлы.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде қаражатты тиімді жұмсау, мектептердің материалдық мәселесін шешуде демеушілерді тартуды ұйымдастыру, тағы да басқа мәселелер қозғалды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»