Basty bet
Елдігіміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры
«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы.
Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».
Н.Ә. Назарбаев,
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы
Бүгінде ғаламтордан әлем жұртының немен тыныстап жатқанын оп-оңай бақылап отыруға болады. Кей елдердің өнерде, білімде оза шауып, ғылым мен техникада тың жаңалықтар ашқанына куә болсаң, қайсыбіреуінде жағаңды ұстап, жаныңды ауыртатын жайларға жолығасың. Тіптен, мұндай көріністің көптеген елдерде орын алып жатқанын байқағанда өз еліміздің бейбіт өміріне шүкірлік етесің. Ал, сол еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың негізгі тетігін ұстап тұрған біздің тұғыры биік Ата Заңымыз десек болады. Барлық заңдардың бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті әлі де мол.
Қазақстандық құқықтық жүйенің шыңында елімізде ең жоғары заңдық күші бар, нормалары республикамыздың барлық аумағында тікелей қолданылатын Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толып отыр.
Осы айтулы мереке қарсаңында аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлымен сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Жанұзақұлы, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 25 жыл толды. Бұл мерейтой бүкіл қазақстандықтардың мерекесі, дегенмен республикадағы бүкіл заңдардың бұлжытпай орындалуын қадағалайтын прокуратура органдары болғандықтан, Сіздердің де кәсіби мейрамдарыңыз. Ауданның қадағалаушы ведомствосын басқарып отырған білікті заңгер ретінде Ата Заңымыз туралы түйген ойларыңызды айтсаңыз.
-Конституциядан ұлттық құқықтық жүйенің барша құрамдас бөліктері бастау алады: онда құқық субъектілері анықталып, сан алуан құқық салалары арасындағы қатынастарды заңдық тұрғыдан реттеудің негіздері бекітілген, құқық шығармашылығы мен құқық қолданудың жалпы қағидаттары белгіленіп, адам және азаматтардың заңды дұрыс ұғынуы мен құқықтық сана-сезімін, құқықтық мәдениетін тиісті қалыптастырудың іргетасын қалайтын қоғам және мемлекеттің құндылықтары, еліміздің келешекте қандай жолмен дамуының жалпы принциптері конституциялық деңгейде орнықтырылды.
– Бұрынғы қазақ хандығы тұсындағы «Жеті жарғыдан» басталатын заңдардан басқа кеңестік дәуірден бері қарай Қазақстан тарихында Конституция неше рет қабылданды?
– Қазақ хандығы құрылған бес жарым ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақ даласында бірнеше негізгі заңның болғаны рас. Қазақ хандығы тұсында ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19 баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оны қазақ «Қасымханның қасқа жолы» деп атаған. Әлі де солай аталады. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.
«Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысқан. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «Аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн» деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар, екі адамның басы қосылса өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осылардың аражігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем» деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына.
Кешегі КСРО кезеңінде еліміз кеңестік Конституцияға сүйеніп, шешім қабылдады. Олар – Қазақ АССР-ның 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-ның 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-ның 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы, 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер.
1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы бұл – республика тарихында болған аса ерекше оқиға еді. Осы Ата Заң аясында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар қабылданды.
Алайда, өмір бір орында тұрмайды ғой. Бәріне уақыт төреші. Реформа тереңдеген сайын кейбір қабылданған заңдарымызды қайта өзгертуге тура келеді. Мұның барлығы Қазақстан халқының жақсы өмір сүруі үшін жасалған және алда да жалғасын табатын игілікті қадамдар. Міне, осы тұста, яғни 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бүгінгі Конституциямызды қабылдадық. Бұл Ата Заң елімізді қомақты табыстарға қол жеткізуге бастады.
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 25 жыл бұрын қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілген.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы шын мәнісінде тәуелсіз, егеменді еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің терең іргетасын қалаған маңызы зор құжат болып табылады. Жаңа Конституцияның конституциялық-құқықтық доктринаны әлемдік өркениеттің озық жетістіктерімен нәрлендіруі сөзсіз табыс.
1995 жылы 6 қыркүйекте Алматыда еліміздің жаңа Конституциясының ресми тұсаукесер салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Көптеген демократиялық мемлекеттердің конституциялары іспеттес біздің Конституциямыз да құр декларативті емес, керісінше, бүкіл құрылымымен және заңдық-техникалық негізімен, мемлекеттанушылық, саяси және құқықтық санаттардың қатаң жүйесімен заманауи мемлекет пен бүкіл халықтың игілігін көздейтін нарықтық экономика қалыптастыруға және оларды дамытуға сенімді алғышарттар құрайды» деп атап өтті.
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған екінші Ата заңымыздың бұрынғыдан басты артықшылығы неде?
–Иә, бұл ретте, конституциялық жүйені құрастырушы қағидаттардың ең маңыздысы заң билігі болса керек. Тек осы ұстанымның ауадай қажеттілігін ұғынған заң шығарушы құқық пен заңның үстемдігі идеясын Ата заңымыздың өзегінен өткізіп, мәңгілікке бойына сіңіру үлкен көрегендіктің айғағы. Сонымен, жаңа өмірге жаңаша аяқ басқан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үшін оның ең қымбат қазынасы ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылды.
Бұл дегеніміз, мемлекет үшін адамды және оның материалдық, рухани әл-ауқатын қамқорлыққа алудан және қамтамасыз етуден асқан маңызды міндет жоқ деген сөз. Мемлекет адамның қалыпты әлеуметтік-құқықтық жағдайда тіршілік етуіне мүмкіндік жасауға өзіне жауапты міндеттеме қабылдады. Мемлекет адам өміріне қол сұғушылықтан қорғауға, сонымен қатар оның өзіне құқыққа қайшы әрекеттерден өзінің сақтануына мүмкіндік беруге міндеттенді.
1995 жылғы Конституция конституциялық құрылымның құқықтық негізін қалаумен бірге, республика қызметінің: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу сияқты түбегейлі принциптерін бекітті. Жаңа Ата Заңымыз қоғамдық-саяси институттардың құқықтық негіздерін, адам және азаматтың конституциялық мәртебесін анықтады, экономикалық құрылымның негіздері айқындалып, мемлекеттік құқықтық жүйенің негізі қаланды.
–Конституцияға сай өмір сүру және оның талаптарын орындау мақсатында құқықтық жүйені дамытудағы маңызды рөлді атқару прокуратура органдарына жүктелген. Ата заңымыздың 25 жылдығын қандай жетістіктермен қарсы алғалы отырсыздар?
– Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылу заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Бұл ережелер прокуратураның құқық қорғау органдары жүйесіндегі ерекше орнын, оның құқық қорғау сипатын айғақтайды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының прокуратурасы нығайып келеді. Прокурорлық кадрларды сапалы даярлауға, құқықтық тәртіпті нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Азаматтардың конституциялық құқығын, жеке өмірін, дербестігін сақтауда про-куратура қызметкерлері аянбай қызмет ете береді. Конституцияның үстемділігін арттыру мақсатында, қысқа мерзім ішінде, заңнамалық бастамалықты қолдана отырып, прокуратура органдары бірқатар ұсыныстар енгізді. Осының нәтижесі құқық қорғау жүйесінің реформасы, қылмыстық, қылмыстық-процесуалдық және жедел-іздестіру заңдылықтарының жетілдірілуі деп айтуға болады.
Конституцияда көзделген идеялар мен қағидаттар ұлттық құқықтық жүйенің, оның ішінде, конституциялық құқықтың ұзақ мерзімге дамуының негізгі бағыттары мен тетіктерін нақыштайды. Яғни, негізгі заңның қағидаттары мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары және лауазымды адамдар қызметінде, бұл ретте Конституцияның тікелей қолданылуын және оның әлеуметтік-құқықтық мүмкіндіктерін қолданыстағы заңнама және құқық қолдану тәжірибесі арқылы толыққанды жүзеге асыруды қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады. Қорыта айтқанда, бәрі де Ата Заңнан бастау алады.
Біздің сүйенеріміз де, басшылыққа алатынымыз да – Қазақстан Конституциясы. Оны біздің алтын темірқазығымыз десе де болады. Ендеше, бағыт – айқын, мақсат – биік. Осы жолда елмен бірге болашаққа қадам басаынымыз анық.
– Әңгімеңізге рақмет! Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында жасап жүрген еңбегіңізге абырой мен табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»