Basty bet
Құрметті Б.Момышұлы ауылының тұрғындары!
Халқымыз «Тазалық – денсаулық кепілі» деген нақыл сөзді текке айтпаған. Осы тазалық төңірегіндегі жылма-жыл айтылып жүрген мәселе айта-айта жауыр болғаны шындық. Ауылымызда басқа бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап жататыны шындық. Соңғы уақытта бұл тек біздің ауылда ғана емес, барлық елді мекендердің бас ауыртар мәселесіне айналды. Оған себеп, біріншіден, өзіміздің салғырттығымыз болса, екіншіден, өндірістік қалдықтардың көбеюі.
Бір жағынан күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қарасақ, екінші жағынан сол даму қоршаған ортаға кері әсерін де тигізуде. Қазір дүкен сөрелерінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы дерлік қорапқа немесе полиэтилен пакеттерге салынған. Кезіндегі әже-аналарымыздың қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакеттер алмастырса, сүт өнімдері, сұйық май, сан алуан шырын түрлері бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді халық арасында «баклажка» деп аталып кеткен ыдыстарға құйылған. Міне, ауыл тазалығын ластайтын басты нәрсе, осы тұрмыстық қалдықтар болып отыр. Басқасын айтпағанда ауылдық жерлерде екі-үш жігіт тасалау жерде бас қосса немесе екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе, соның өзі жеткілікті. Өз үй жайларының айналасындағы қыстан шыққан көң-қоқысты ауыл шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме.
Сара жолды бойлап ауылға жолаушылап келе қалған қонақтарды немесе сапар шегіп, алыс жолдан қайтқан тұрғындарды тұрғындардан бұрын жалбырап ұшқан күл- қоқыс қарсы алады. Тіпті, ауылдың қай жағынан кірсең де көретінің сол көрініс.
Осы жылдың көктем айларында ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен мекеме, кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен күл-қоқыс төгетін орындар бір жүйеге келе жатқандай. Бұл бір күнде біте қоятын шаруа емес еді. Белгіленген кестеге сәйкес сенбіліктерге шыққан қызметкерлер күннің ыстығына қарамастан аянбай қызмет етуде. Еңбек еш кетпеді. Ауыл едәуір тазалануда. Күл-қоқыс төгетін орындар белгіленіп, тақтайшалар қойылуда.
Істелген жұмыс көрініп тұр. Оны бізден ешкімнің алып кетпесі анық. Бүгінгі көздегеніміз, жасалынып жатқан жұмыстардан есеп беру емес, сол жұмыстардың жалғасын табуы. Әрбір ауыл тұрғыны, мейлі ол жас болсын, кәрі болсын өз ауылының тазалығына атсалысса екен дейміз. Жоғарда атап өткеніміздей, әр көшеге бекітілген мекемелер бар. Бірақ, сол көшенің тазалығы сол қызметкерлерден гөрі көше тұрғындарына қажет емес пе?! Бес күндік жұмыстан кейінгі екі күндік демалыста өз жеке шаруасын былай қойып, туған ауылының тазалығын ойлаған мекеме қызметкерлері сол көшені күл-қоқыстан тазартып жатады. Ал кейбір тұрғындар солармен бірге шығып үйінің алдын тазартпақ түгілі шарбағындағы қоқысты көшеге шығарып жатқанын да көзбен көрдік. Бұған не дерсіз? Сол баяғы енжарлық. Кеңес дәуіріндегі «үкімет жинап береді» деген қате түсінік санамыздан кетер емес. Сонда тазалық тек ауыл әкімдігіне, мекеме қызметкерлеріне немесе СЭС қызметкерлеріне ғана қажет пе?!
Ауылымыз Бауыржан Момышұлы атамыздың атымен аталған соң Батырдың атына кір келтірместей бірлікпен тазалықты ұстансақ!
Әрбір ауыл тұрғыны өз үй-жайларының айналасын жинап, жанатын тұрмыстық қалдықтарды мұқият өртеп, басқа қалдықтарды уақтылы (жылына бір рет) арнайы белгіленген күл-қоқыс төгетін орынға апару немесе күл-қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтап, оны тасымалдап, арнайы полигонға жеткізу жұмыстарын атқаратын кәсіпкермен келісімшартқа отыру аса қиын шаруа емес. Сонымен қатар, ортақ пайдалану орындарында қоқыс жәшіктері қойылып, тұрмыстық қалдықтарды оңды-солды шашпай арнайы қойылған орындарға салса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, шеттен қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Біздің ауылымызда 3040 аула, 117 дүкен, базар, т.с.с. сауда орындарының барлығы келісімшартқа отырса ауылымыз күл-қоқыстан тазарар еді.
Құрметті ауыл тұрғындары, Сіздерден сұранарымыз, бір-біріміздің істеп жатқан жұмыстарымызды қадірлейік!
Бауыржан атамыздың «Тәртіпке бағынған кұл болмас, тәртіпсіз ел болмас» деген сөзіне мән беріп тәртіпке бағынайық! Әрине, біздің сұранысымызды елеп-ескермей, салғырт қарап тәртіпке бағынбайтындар да баршылық. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 505-бабына сәйкес 20 АЕК көлемінде, яғни 54000 теңге көлемінде айыппұл салынатын болады.
Өскелең ұрпағымыздың таза жерде өмір сүріп, таза ауамен тыныстап, таза су ішуіне баршамыз атсалысайық, ағайын!
Көбейсін Хайралапов,
Б.Момышұлы ауылының әкімі