Basty bet
Түктібай ауылының құрылғанына – 60 жыл!
Биыл 12 сәуірде Жуалы ауданына қарасты Түктібай ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр.
Қазіргі біз тұрып жатқан Түктібай ауылы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Гагарин селосы деп аталатын. Осыдан 60 жыл бұрын адамзат тарихында үлкен ғылыми өзгеріс орын алды. 1961 жылдың 12 сәуірінде алғаш рет Кеңес Одағының ғарышкері Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа ұшқан болатын. Дәл осы қуанышты сәтке орай жаңадан құрылған елді мекенге ауыл ақсақалдары мен үлкендері ақылдаса отырып тұңғыш ғарышкер Гагариннің құрметіне ауылдың атауын осылай атаған болатын.
1960 жылы аудандық «Жаңа өмір» газетіне жазған мақалама орай қазіргі Түктібай ауылының сызбасы-жоспары дайындалып, көшелер тілініп, үй салуға жер учаскесі бөлінді. Ескі Күйік ауылы, Чкалов колхозынан ең алғашқылардың бірі болып орталық көшеге Найбауэр, Иван Сурков, Альбина, Герк Аугуст, Майер, Александр Мерш, Иван Бауэр көшіп келіп қоныстанды. Артынша әр сайға қоныстанған ауыл тұрғындары, бөлінген учаскелерге жаңа үйлер сала бастады. Түктібай ауылында қазіргі таңда төрт көше бар. Бұл ауылға темір жолдың бойында орналасқан Қосбастау (Қазбастау) разъезі де кіреді.
Осылайша 130-дан астам үй түтін түтетіп, қазір Түктібай үлкен ауылға айналды. Жалпы бастапқы сызба-жоспарда орталық көшенің кең етіп тілінуі болашақта осы Гагарин ауылы орталық болады деген болжаммен жасалған болатын. Теріс ағып жатқан Теріс өзені суының деңгейі көтеріліп таситындай болса, су жағасын бойлай орналасқан ауылдарды су басып қалмас үшін көшелерді көлденеңнен аудан орталығына қаратып орналастырылды. Әлі де көктем сайын жаңбырдың суы топырақты лайландырып ағызып келіп осы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына жиналады. Жиналған топырақ су астына шөгіп саяздандырады да су деңгейі көтерілген сайын келешекте осы су қоймасы бөгенін жоғары көтеру қажеттігі туындайды.
Сонымен қатар ауылдағы білім ошағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке де биыл 58 жыл толып отыр. 1963 жылы Теріс-Ащыбұлақтағы мектептен ауысып келген Бекболат Жанысбаев мектепті ұзақ жыл басқарды. Мектептің өз кітапханасы, ауылдың кітапханасы, балабақша және фельдшерлік пункт қатар ашылды. Совхоздың сауын сиырларын ұстайтын үлкен ферма да біздің ауылда болды.
Қазіргі кезде ауылдағы барлық көшеге асфальт төселініп, жарықтандырылды. Ауыл мешітінің жанына Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғыстан қайтпай қалған боздақтарға арнап ескерткіш белгісі қойылды. Ауылдың ажарын келтіріп тұрған «Түктібай» деген жазуы бар арка орнатылды.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, 1960-шы жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта бұрынғы Орта Азиялық әскери аймағы Жамбыл облысының Жуалы ауданы «Бурненский» совхозының алдыңғы Қызыл Тулы үшінші бөлімшесі осы «Гагарин» ауылының аты Бүкілодақтық көрмелердің жеңімпазы ретінде ерекше аталып отырды.
Совхоз тарағаннан кейін ауыл азаматтары өз алдына жерлерін бөліп алып, жеке шаруа қожалықтарын ашты. Еліміз егемендік алған соң ауылдың атауын қайта өзгертіп, бүгінде ауылымыз Түктібай деп аталады. Шүкір, ауылдың жағдайы заман ағымына қарай әлдеқайда жақсарды. Тұрғындар шаруашылықпен қатар кәсіпкерлікті де қолға алып, ел дамуына аянбай жұмыс жасауда. Мен ауыл ақсақалы ретінде жастардың бастамасына, беталысына қуанамын.
Міне, биыл Түктібай ауылының 60 жылдық мерейтойы. Ат шаптырып той тойлап атап өтпесек те, алтын бесігіміз болған ауылымызға аудан қазынасынан қаржы бөлініп, көшелері абаттандырылып, ауыл жастары бір мезгіл демалатын саябақ салынса, сонымен қатар, мәдениет үйі бой көтерсе деген тілегімді де жеткізгім келеді. Кейінгі жас ұрпақ ауыл тарихын естен шығармай, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосатынына кәміл сенемін!
Әбзелбек ТӘТЕКОВ,
тыл және еңбек ардагері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Түктібай ауылының тұрғыны