Basty bet
Ұмытылмас ерлік
«Біз Панфиловшы ерлерміз,
Қан майданда қарысқан.
Жауды жайпап, жерлейміз,
От тұтатып намыстан».
Әбжапар Бектенов 1925 жылы 18 қыркүйекте Жуалы ауданы Бірлік селосында дүниеге келген. Комсомол мүшесі, 6 кластық білім алған. Қызыл әскер қатарына 1943 жылдың маусымында шақырылған.
Ұлы Отан соғысына 1943 жылы тамыздан бастап қатысып, әскерден 1945 жылы желтоқсанның аяғында аман-сау жеңіспен оралды. Соғыстан келе салып, бейбіт өмірде өзі туып-өскен қасиетті Жуалы ауданында К.Маркс колхозында, С.Киров совхозында ауылдық Советтің хатшысы, қырман меңгерушісі, дүкенші, малшы және т.б жұмыстарды абыроймен атқарды. Жалпы айтқанда, Жуалы ауданының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
Сұрапыл соғыс жылдарында, алғашында 44-атқыштар полкында атқыш болады. Одан кейін 1944 жылдың 8 тамызынан бастап 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 19-атқыштар полкінің 120 метрлік минометтік батареясының радист-телефонисті болады. Соғыста екі рет жарақат алған. Бірінші рет 1944 жылы 17 шілдеде Калинин облысының Мозли деревньясының маңында оң қолынан, екінші рет оң аяғынан әскери тапсырма орындау кезінде, 1945 жылы қаңтар айында Латвия жерінде (2- Прабалтика майданында) жараланды. Негізінен әкеміз соғысты Калинин майданында бастап, 2-Прибалтика майданында 1945 жылы аяқтады.
Марқұм әкеміз 2004 жылы 8 қазанда қайтыс болды. Өте момын, көп сөйлемейтін, салмақты, орыс тіліне сауатты, есепке жүйрік, жазуы өте анық, әдемі еді. Кейбір кісілер көп шаруа бітірмесе де мақтангершілік жасайтын. Ал, әкеміз әр нәрсенің басын құрап әңгіме етіп айтып беретін. Әкейдің бір ерекшелігі, соғыстағы қанша ерліктері болса да көп даурықпайтын. Есімде, орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезім: «Әке, сіз шын соғыста болдыңыз ба?» дедім. «Балам, соғыс туралы айтпашы, есіме түсірмеші» дейтін. «Міне, мынау сандықтағы қағаздарды өзің оқып ал» деуші еді. «Менің жастық шағымды соғыстың сұрапыл жылдары алып кетті ғой» деп күрсінетін. «Мен оқи алмадым. Бар арманым – сендер оқып, үлкен азамат болсаңдар» деп тілеуші еді.
Бәлкім, менің Алматыдағы университетке түсіп, оқуыма, аспирантура бітіріп ғылым кандитаты болуыма, одан соң докторантурадан өтуіме әке арманы, тілегі себепші болған шығар.
18-20 жасында қақаған аяздарда белуардан қар кешіп, ормандағы батпақтарда толарсақтан су кешіп, қар жастанып жүріп, қатардағы жауынгер бола тұрса да өзінің алғырлығымен жоғарыдағы көрсетілген даңқты Панфилов атындағы дивизияның 44 және 19-полктың атқышы, одан соң 120 метрлік монометтік батареяның радисті болуы сол кезде жауынгерлер үшін оңай шаруа болмаған шығар.
Соғыс жылдарындағы әкеміздің командирлері И.П.Курганскийй 1944 жылы қайтыс болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағын алған және гвардия майоры Шапшаев Иван Леонтьевичке 1946 жылы 15 майдағы СССР Жоғары Советі Президиумының Указымен Совет Одағының Батыры атағы берілген деген кісілердің болғанын жақында ғана арнайы әдебиеттерден оқып таныстым. Оған себеп – әкейдің архивтері болды. Дәлірек айтсам, 1987 жылы Подольскідегі Әскери архивтен алынған ерлігі үшін Марапатау парағы болды.
Бұл құжатта былай жазылыпты: «29.10.44 жылы жаумен болған ерліктері үшін Ауце қаласының батысындағы қорғаныс шебінде және мынадай пункттерде орналасқан Дучи, Намеки, Зидени, Юриши т.б жерлерде болған соғыста Ә.Бектенов 120 мм минометшілер батареясының радисті соғыс алқабында әркез өзінің рациясымен бірге алға жылжып, жаудың қарша бораған артиллериялық және минометтік снарядтарының оғына қарамастан командаларды үздіксіз, дәл және тез 19-полктің минометші батареясына жеткізіп тұрды. Осының арқасында біздің минометшілеріміз жаудың артиллериялық, минометтік көздерін және әскери адамдардың солдаттарын үздіксіз және дәл атқылап, жауды жеңуге көп көмектесті» делінген. Марапаттауға 19-полктың гвардия майоры И.Л.Шапшаев бұйрық берген.
Қатардағы жауынгер Әбжапар Бектенов осылай СССР Жоғары Советі Президиумының 1944 жылғы 1 желтоқсандағы Указымен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл да бір соғыс жылдарындағы әкеміздің Отан қорғаудағы ұмытылмас ерлігінің белгісі болып тарих бетінде қалған із болар. Осының алдында ғана жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен 1944 жылы 25 қазанда марапатталған. 1945 жылы қаңтар айында Советтік Латвия жерін жаулардан тазалауда немістердің әскерімен кескілескен ұрыста көрсеткен батыл қимылдары үшін, ерлігі үшін медалімен екінші рет наградталған.
Негізінен тарих беттеріне үңілетін болсақ, 8-гвардиялық панфиловшы атқыштар дивизиясы Гитлердің Солтүстік блогы атты шабуылын тойтарған маршал Рокосовскийдің 10-әскерінің құрамында соғысқан.
Әкеммен әңгімелескен кездегі естеліктерінде «Калинин майданындамыз. Орман ішіндеміз. Солдаттардың азық-түлігі таусылған шақ. Ол кезде командиріміз Бауыржан Момышұлы болатын. Қанша қатал болса да жауынгерлерінің жағдайын ойлап, мініп жүрген ақбоз атын сойып бергені бар» деуші еді. Аты аңызға айналған, Ұлы Отан соғысының Батыры, жуалылық жерлес ағамыз да әкеміздің нағыз ерлерше соғысуына тәлімгерлік жасағаны жоғарыдағы естеліктен көрінеді.
Көкемнің омырауында «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысының екінші дәрежелі» ордендері екі «Ерлігі үшін», «Неміс-фашистерін жеңгені үшін», «Жеңіске – 55 жыл», «Г.К.Жуков» медальдары, «Соғыс ардагері», «Панфиловшы-ардагер» белгілері жарқырап тұрушы еді. Сонымен бірге, әр жылдары аудандық, облыстық әкімшілік, әскери комиссариаты, Алматы қалалық ардагер-Панфиловшылар президиумынан 9 мамыр және 23 ақпан күндері мерекемен құттықтаулары келіп тұратын.
Жеңістің 50, 55 жылдық мерейтойларына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтауларын және Президенттің қолтаңбасы бар сағаттарын, радиоқабылдағышын өзі демалатын бөлмеге сақтап қоюшы еді. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні Бектеновтар әулеті жан-жақтан жиналып, әкеміздің үлкен шаңырағында мерекені тойлаушы едік.
Өмірде өзінше артына ерекше із қалдырған қарапайым, кең пейілді, асыл әке соңында 1 ұл, 3 қыз, 17 немере, 18 шөбере қалдырып, Жеңістің 60 жылдығын көре алмай дүниеден өтіп кетті. Әкеміздің ерлігі бұрын ешқандай газет-журналдардың беттерінде жарияланбаған. Алайда оның ұрпақтары ерлігін, еңбегін ешқашан ұмытпайды.
Егеменді Қазақстан елі үшін, біздің ұрпақ үшін, жастар үшін қасық қаны қалғанша Ұлы Отан соғысында ерлерше соғысқан 1 млн 200 мың қазақстандық солдаттардың бірі болып соғысқан әкемді әркез мақтан тұтамын. Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің ерліктерін дәріптеу арқылы біз оқушыларды, студенттер қауымын, жалпы жастарды өз Отанының патриоттары болуға тәрбиелеуге бағыттаймыз.
Осы ретте, әкемнің барша майдандастарының ұрпағын Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Әрқашан көк Туымыз желбіреп, бейбіт заманда бақуатты, ғұмырлы өмір кеше берейік.
Несіпхан Бектенов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география-экология факультетінің химия кафедрасының ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі. Химия ғылымының кандидаты