Basty bet
Монументке гүл шоқтары қойылды
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні таңертең аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған мәңгілік алау монументінің алдына аудан басшылары мен Ауған соғысының ардагерлері жиналып, монументке гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасарлары Әбдікерім Уркумбаев пен Асхат Жабағы және ауданық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Әбдібеков бастаған Ауған соғысының ардагерлері монументке гүл қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы жиналғандар мен барша жуалылықтарды Ұлы Жеңіс күні мен құттықтады.
-Қадірменді жерлестер! Сіздерді бүгінгі Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл соғыс қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелді. Қаншама ата-бабаларымыз Отан үшін жанын пида етті. Олар біздің бейбіт өміріміз үшін қан төкті. Сондықтан өскелең ұрпақ мұны ешқашан ұмытпауы тиіс.
Біз мәңгі бақи Жеңіс үшін ардагерлерге басымызды иіп, тағзым етеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.
Жуалылықтарды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те мерекемен құттықтады.
–Бүгін қазақ халқы ең ұлы мереке, яғни Ұлы Жеңістің 75 жылдығын қарсы алып отыр. Сол ҰОС қатысқан ардагерлер мен мылтықсыз майданда тер төгіп, еңбек еткен аталарымыз бен апаларымыз бүгінде ортамызда. Соғыстың қайғы-қасіретін тартқандар ортамызда. Сол кісілер арқылы біз де соғыс қиындығын сезінеміз. Ұлы Отан соғысында көпұлтты Кеңес одағы ынтымақ, бірлігінің, қаһармандығының арқасында жеңіске жетті. Жеңіс күні құтты болсын! Ардагерлеріміз аман болсын! Береке-бірлігіміз жасай берсін! – деді Ерғали Тілеубеков.
Аудан тұрғындарын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков те құттықтады:
– Бүгін барша қазақстандықтар сияқты жуалылықтар да Ұлы Жеңістің 75 жылдығын қарсы алып отыр. Жеңіс күні қарсаңында аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне мемлекет тарапынан, аудан әкімі тарапынан құрмет көрсетілді. Үкімет тарапынан ҰОС ардагерлеріне 1 млн теңге, тыл ардагерлеріне 50 мың теңгеден берілді. Одан бөлек ауданымыздағы екі ардагеріміз бен 283 тыл ардагеріне түгел аудан басшылары, мекеме ұжымдары, аудандық мәслихат, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары, жастар тарапынан сый-сияпаттар жасалды. Бұл іс-шаралардың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде тигізер рөлі зор. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те отырмыз. Ардагерлердің ұрпақтары әкелерін, аталарын еске алып, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетуде.
Еліміз бүгінгі төтенше жағдайдағы қиындықтардан да шығар, ел экономикасы да қалпына келер. Тыныштық заманда адал еңбек етіп, елімізді көркейтейік, жерімізді гүлдендірейік, үлкендерге сый-құрметті үзбей көрсете берейік!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ