El іshі
Пітір-садақадан – қайыр-садақаға
Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі уәжіп болып есептеледі. Пітір садақа – оразаның қате-кемшілігін толтыратын, Аллаға шүкіршілік ету үшін берілетін және әлеуметтік ахуалы төмен адамдарды қолдауға бағытталған садақа түрі.
Асыл дініміздің қағидаларына сай пітір садақаны жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға беруге болады.
Рамазан айының алғашқы күндері Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешіттің жамағаты пітір-садақадан жиналған үлкен көлемдегі қаражатты аудандағы әлеуметтік ахуалы төмен бірқатар отбасыларға, кембағалдарға азық-түлік түрінде қайыр-садақа етіп үлестірді.
– Дінімізде кез келген сауапты, игі амал Аллаға деген махаббатпен, Алланың разылығын табу үшін ғана жасалады. Мешіт жамағаты пітір-садақаның бір бөлігін осылай жұмсауды ұйғарды. Алла ниеттерімізді қабыл етсін! – деді ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев.
Азық-түлікке толы қалталарды қолына алып, имандылық үйінен шыққан тұрғындар осындай игі шараны ұйымдастырушыларға деген өздерінің ризашылығын әсте жасырмады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»