El іshі

Еңбегіне қарай – өнбегі

Әне, міне дегенше, берекелі де мерекелі күз айы да бел ортасына жетіп қалды. Күз мезгілі жазира даланың дарқан дастарқаны деп те аталады. Күз тоқшылық пен ырыс-берекенің айы.Бұл сонымен қатар бағбанның ала жаздай еткен еңбегінің нәтижесін көретін шағы.

Ақ басты Алатаудың баурайындағы таумен аттас ауылдың тұрғыны Дәурен Бозтайұлы ауласын бауға айналдырып, он шақты жылдан бері алманың жеті-сегізтүрін баптап, бағбандықтың қыр-сырын меңгеріп келеді.
Шағын бауда піскен алма ағаштары иіліп, қызылды-жасылды жеміске самсып тұр.Бақтатерім басталғалы бүгін үшінші күн. Бағбан әзірге ағайын-туыстардың қол жәрдеміне сүйеніп отыр. Алғашқы күні Шымкенттен келген жиендері көптеп-көмектеп, әжептәуір жұмысты еңсеріп кетті. Бұл олардың өздеріне де тиімді. Әрі шаруаға қол ұшын береді, әрі өздерінің қысқы жейтін алмаларын алып кетеді.
Бүгін көршілес Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылынан Ақаш Әбделиев отбасымен келіп, қолғабыс жасауда. Немересі Диас алма талының бұтағына шығып, піскен жемістерді біртіндеп үзіп, апасы Базаркүлге беруде. Ол алмаларды баппен алып, шелекке толтыруда. Әрі қарай жертөлеге қарай тасылуда.
– Алма бағы бір жыл демалып, келесі жылы жеміс береді деген бос сөз. Бабын келтіре білсең, одан жыл сайын өнім алуға болады. Дегенмен, биылғы жылы ауа-райының құрғақ, жауын-шашынсыз болуы бауға әсерін тигізбей қоймады. Қанша жерден су ішіп тұрса да, ыстық ауа жемістің еркін өсіп-жетілуін тежейді.
Түнде тұрған жел біраз алманы қағып, жерге түсіріп кетті. Баудың іші айнала көгал болғандықтан, жеміс жерге қатты ұрынбайды. Былтыр қолмен жұлынған алмалар мен жерге түскендерді бөлек жинап көргенмін. Екеуі де жақсы сақталды. Биыл енді оларды бөлектемей жинап жатырмыз. Қазір 5-6 тонна өнім жиналып қалды, – дейді бағбан.
Жиналған өнімді сақтайтын екі жертөле бар. Жалпы сыйымдылығы 24 тоннадай. Өнімді жинап-тернеп алған соң бір-екі ай сол жертөледе сақталады. Жаңа жылға қарай аудан орталығына, Шымкент және Тараз қалаларындағы базарға шығарып, саудалайды. Өздері біреуден естіп, бақ басынан теріп алып кетіп жататындар да бар. Біреулер қызығып келіп жатады. Жақында Германиядан мектепте бірге оқыған сыныптасы келіп, баудың көлеміне, піскен жемістерге қарап тамсанып, суретке түсіріп алып кетті.
Бау күтімі жыл он екі ай бойына үзілмейді. Жиын-терім аяқталысымен, талдар ұйқыға кетер алдында ауырған, қураған, ұштары өсіп кеткен бұтақтар бұталады. Ұштары да қысқартылып отырады. Қыстың алдында 2 грамдық дәрілік капсуланы әр ағаштың түбіне тастайды. Ол ағаштардың діңін қатайтып, жарылмауына септігін тигізеді. Көктемде ағаш бүршік атқаннан бастап, гүлдеп, түйнек салғанға дейінгі аралықта екі-үш мәрте өңдеуден өтеді. Бау маусым кезінде сегіз-тоғыз мәрте суғарылады.
Тәжірибелі бағбан алдағы уақытта алма жемістерін өңдейтін шағын цех ашуды межелеп отырған жайы бар. Аудандағы, іргедегі Түлкібастағы бау өсіретіндерден көріп, көкейіне түйіп жүргендері көп.
– Бізде базарлар мен дүкендерде сатылып жатқан балаларға арналған титтей пластик құтыдағы жеміс шырынының бағасы бір келі алмадан кем емес. Осындайда «алманы өзімізде өңдеп, неге одан джем, тосап, шырын секілді өнімдер шығармасқа? Бағасын да қалтаны онша қақпайтындай жүйелі етіп қоюға болмас па еді?» деген ой келеді, – дейді ол.
Бағбан баудағы жиын-терім жұмыстарына ауыл тұрғындарын да тартып, қазан айының ортасына қарай аяқтауды топшылап отыр.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close