Basty bet
ЖАРҚЫРАП ӨТКЕН ЖЫР-ҒҰМЫР
«Алып – анадан». Осылай деген аталарымыз ақынын да, батырын да алыпқа балаған. Егер жер басып жүрсе, ата жасы алпысқа толатын Бауыржан Мұқанұлы Үсенов қасиетті Жуалының даңқын бір асырар еді. Небәрі отыз бір жыл ғұмыр кешіп, ақындық атын әйгілеп, сазгерлік қырымен де танылған, қайталанбас даусымен де қатарластарының жарысып жазар естелік әңгімелеріне арқау болған азаматты енді сағына, мұңдана айтар лебімізге ілік етуге мәжбүрміз…
Әңгімені аяулы анадан бастадық қой. Күлән Досанқұлқызы апамыз аңқылдаған ашық дауысты, жарқылдаған нұрлы жүзді, ұялы қара көзінен күлкі табы бір үзілмейтін алтын құрсақты ана еді. Ал әкесі Мұқан екі иығына екі кісі мінгендей еңселі, серілігі де тұла бойынан табылатын азамат болатын. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары әскерге алынып, әуе күштерінде қызмет ететін арнайы курстан өтеді. Соғысты Халкинголда аяқтайды, алайда 1953 жылы ғана азаматтық міндеттен босатылады. Егер елдегі үлкен кісілер әскеріңді қой, әйтпесе ұлты басқа біреумен түтін түтетіп жырақта қалып қоясың демесе, кім білсін, жиырма бес жыл қызметін бітіріп бір-ақ оралар ма еді… Алдындағы ағалары мен апаларының сөзін тыңдап, өмірлік сыңары Күлән апамызбен отау құрады. Арада жыл өткенде ұлды болады. Мен шынжау, ашқарақ болып, шешеміз жарытпады ма, әйтеуір есімін Сүлеймен деп қойған сол құрдасымыз екеуміз Күлән апамыздың ақ сүтін тел еміппіз. Ол кісілер біздің әке-шешеміздің қоржын тамының бір басында бірге тұрған. Кейінірек Қаратауға көшеді. Араға 6-7 жыл салып ауылымызға қайта оралып, еңселі үй тұрғызады. Сүлейменді сонда көрдім. Әңгімешілдігі ғажап-ақ, естігенін өсіріп айтқанда аузыңның суын ағызады. Ойдан оқиға құратын да қабілеті мол еді. Әкесінің соғыстан әкелген самолеті бар екенін айтты. «Оны көргің келсе, үйдің арғы жақ қалқасынан көрсетемін. Қаратаудан көшіп келе жатқанда мен папамның жанында отырып айдадым» деді. Бойындағы бұлқынған ышқын анық байқалып, үлкендердің өзін күлкіге қарық қылып жүретін сол Сүлеймен балаң жігіт жасында айықпас ауруға ұшырап, мезгілсіз көз жұмды…
Күлән апамыз ауыл арасындағы тойларда әдемі ән салатын даусы, ақындығы да бар қасиетімен ерекшеленген жан еді. Әсте Бауыржанға ақындық, әншілік жағы анасы шыққан нағашы жұртынан дарыса керек. Ал серілік қыры әкесінен ауған дер едім.
– Осы балама аяғым ауырлаған кезде түс көрдім. Түсіме Бауыржан Момышұлы енді. Үстінде әскери киімі. Есіктен енген кезінде оянып кеттім. Ертесіне отағасыма «Алла жазса ұлды боламыз, атын Бауыржан қояйық дедім», – деп естелік айтқаны есімде.
Мен 1975 жылы әскерден келіп, Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып жүргенімде Бауыржан 9-сыныпта оқитын. Өзі әкеліп көрсетпесе де, өлең жазумен әуестеніп жүргенін әкесінен естідім. Содан бір күні ауылымызға аудандық «Жаңа өмір» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мырзахан Ахметов іссапармен келе қалған екен: «Саған ақындыққа ынтық бір баланы таныстырайын, өлеңдерін көріп берші, бәлкім жолын ашарсың», – деп кешкілік мезгілде үйлеріне алып бардым. Біз сұраған соң, Бауыржан оқушы дәптеріне жазылған он шақты өлеңін сөмкесінен шығарып, қысыла-қымтырыла ұсынды. Мырзахан Күлән апамыздың сапыра-сапыра жағымды исі бөлмені кернеп кеткен қымызын іше отырып, «балаңыздан бірдеңе шығады, мына жазғандарына қарап ішім жылып отыр» деді. Осы ойы расқа айналып, көп өтпей аудандық газеттің кезекті санында сәт сапар тілеген сөзімен бала Бауыржанның бір топ өлеңі жарық көрді.
Арада жылдар өтті. Ол кезде мен университеттің соңғы курсында оқып жүр едім. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған Бауыржан ҚазМУ-дың журналистика факультетінің дайындық бөліміне түссем бе деп үйге келіпті. «Өзіңіз емшегін емген анам «Тәлтәға сәлем айт, қолұшын берсін деді» деп, үшбу сәлемін жеткізді». (Ол кісі мені еркелетіп «Тәлтә» дейтін еді, жатқан жері жұмақтың төрі болғыр апамыз кетер-кеткенге дейін солай еркелетіп өтті).
Бауыржан әскерден әбден ширап, ысылып оралыпты. Домбыраның құлағында ойнайды, әдемі даусымен қосылып ән шырқайды, арасында өлеңдерін оқып береді. Айтқан сөздерінен оқуға қандай дайындықпен келгені аңғарылып тұрды. Ақ сүтін емген анамыздың сөзін ұстанып, «Қазақ университеті» газетінде бас редактор болып жүрген Елгезек Әзбергенов досыма құлаққағыс еттім. Бар жәрдемім сол ғана. Елгезек те қабылдау сынағын алған мұғалімдердің Бауыржанның берген жауаптарына өте разы болғанын жеткізді. Оның үстіне әскерден келгендерге жасалатын жеңілдік болатын. Аңқылдаған көңілі, жомарт жүрегінің үніне ден қойған ол, қарсылық қылғаныма қарамай, Германиядан алып келген әдемі дипломатын «сізге сыйладым» деп үйге тастап кетті.
Қолда барын аямайтын азамат Бауыржан Үсенов тәттілігі де, қаттылығы да жетіп-артылатын өмірді өзінің қылаусыз көңіліндей көрді. Аңқылдады, жарқылдады, әсем Алматыда серілік сайран салып жүрді. Ақындық қабілетімен де айналасына тез танылды. Қайталанбайтын студенттік ғажап жылдары қатар келген талантты қатарластарымен ой жарыстырды, ізденіс дүрмегінде бірге жосылды. Жұматай Жақыпбаев, Иранбек Оразбаев, Ибрагим Исаев сынды талғампаз ақын ағаларының назарына ілікті. Солардың соңынан ілескен Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев, Мейірхан Ақдәулетов, Әбубәкір Қайранов және басқа да өлең өлкесінде өрнекті із қалдырып жүрген ағаларымен тонның ішкі бауындай араласты. «Бауыржан, Бауыржан» деп жанына жақын тартатын, желпіндіріп ән салдыратын, барын алдына қойып, құрмет көрсететін тойшыл қауымның сүйіктісіне айналды. Таңды – таңға ұрып, қайран жалаулы жастық шақтың желпінткен әуеніне армансыз елтіді. Өстіп жүріп бір қызығынан бір қызығы асқан алаулы шақтың иіріміне құлай беріліп, қатты шырмалудың шеті мен шегін сезіне алмай қалды-ау деймін, кей-кейде… Денсаулық деген де темір емес қой. Бұл – бір жағы десек, екінші күмән-күдік келтіретін бір тұсым – «Қара машина» дейтін өлеңіне байланысты. Ауыздан шығатын әр сөзді бағып, әр жерден ілік іздейтін сол бір отыз жетінің сұрқай түнінде әдебиетіміздің үш алыбын әкеткен қара машинаны өлеңіне өзек етіп, оны жұрт көп жиналған жерде саңқылдаған дауыспен оқып беруі, әрине, құр кетпейді. Бірден «үш әріптің» назарына ілігеді. Олар оны келесі күні-ақ оңаша кездесуге шақырады. Және ол жерде жай сипалап, сыпайы сөйлеспейтіні де бесенеден белгілі. Осы жерде бір сәт социализмді жырлаумен өткен Сәкен Сейфуллиннің өзін қалай тергегені, қалай «халық жауы» еткені жөніндегі ел аузындағы алып-қашпа әңгімені еске алыңыз. Қашан «өз қылмысын мойындағанша» көрсетпейтін қорлығы, жасамайтын азабы қалмайтын мекемеде Бауыржан да біраз құқайды бастан кешпеді дей аласыз ба? Бұдан кейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың арасында жүруі де оның бекерден-бекер бүйректен зардап шекпегендігі жөніндегі күмәнді ойға жетелесе керек…
Иә, өмір бар жерде өлім бар. Сондықтан Жаратушы Иеміз әркімге тиесілі өмірін өлшеп береді дейді. Біреулер жүз жасайды, әйткенмен артында айта қаларлық ізі қалмайды. Енді біреулер жасын ғұмыр кешеді. Алайда сол санаулы жылдардың әлетінде-ақ жақсы атын жаһанға жаятындай іс бітіріп үлгереді. Осы реттен алғанда біз білетін Бауыржан мағыналы да мәнді, сәнді тірлігімен төңірегіндегі елдің жүрегіне жол тауып, тәнті етіп кеткен ақын. Бірақ оның бойындағы шығармашылық күш-қуат енді ғана толысып, өз арнасына түсе бастағанын ойлай бастасаң-ақ болды, өкініштің өрті жан дүниеңді еріксіз күйдіріп-жандырады екен. Өйткені ол айтар әндерінің арнасы мен жазар жырларының жобасын жаңа ғана бастады емес пе? Өзіне тартып туған екі ұлының мектепке барғанын да, қатарластарынан қалмай қалаған оқуларын бітіріп, отбасын құрған қуаныштарын да көре алмай арманда кетті. Ал көңіл тоғайтарымыз – шығармашылығын шынайы көңілмен бағалап, әдемі әндері мен жақұт жырларын асырмай, парасатты пайыммен парықтай білетін аға достарын да, қатарластарын да көбейтіп үлгерді. Біз оған Бауыржан бақилыққа аттанған кезде куә болдық. Солардың біразы жылаған, жабырқаған азалы елдің арасында жүрді.
1992 жылы маусым күндерінің бірінде Қошқарата ауылының клубында Бауыржанның жылдық шарасына байланысты еске алу жиыны ұйымдастарылды. Оған Қазақстанның әр қиырында жүрген ақын достары Қайрат Әлімбеков, Қазбек Исаев, Есжан Айнабеков, Гүлнәр Салықбаева, Нұрлан Әбдібеков және Алматыдағы жуалылық ақын, жазушы, журналист ағалары түгел дерлік келіп, қатысты. Тараздан барған жазушы, драматург ағамыз Елен Әлімжанов жылап тұрып сөз сөйледі. Артынан колхоз бағында шаруашылық басшысы Сейітхан Сәрсенбаевтың ұйымдастыруымен арнайы асы берілді. Дастарқан үстінде айтыс өнерінің соңында жүрген Серік Қалиев пен Шорабек Айдаров Бауыржанның айтыскер ақын ретіндегі былайғы ел біле бермейтін өміріне қатысты естеліктер айтты.
Бауыржанды еске алу құрметі осымен аяқталмады. Тамыз айында Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Дәл осының қарсаңында «Балауса» баспасынан «Табиғат терезесі» деп аталатын тұңғыш жинағы жарық көрген болатын. Бауыржан көлем қуып, өлеңнің санын көбейтуді сән көрмеген ақын екен. Мұралыққа қалдырғаны бір-ақ том. «Табиғат терезесі» кітабына сол жазғандарынан табиғат туралы өлеңдері мен «Құрылық қасіреті» дастаны енген. Бұл, әсте, өз қолымен баспаға жинақтап, ұсынып кеткен қолжазбасы болса керек. Одақтағы еске алу кешінде осы кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кешті ақын Мейірхан Ақдәулетов жыр әлемінде жасындай жарқ етіп жоғалған ақын бейнесін сахналық қойылым араластырып, әр қырынан ашатын өзгеше үлгіде әсерлі етіп өткізді. Әндері шырқалды, айтылатын естелік әңгімелерге орын берілді. Оған Бауыржанның әке-шешесі, әпкелері мен інілері, әйелі Гауһар екі ұлымен қатысты. Аудандық газеттегі Бауыржанмен қызметтес болған ағалары да келіп, артында өлмейтін жырлар қалдырған ақынды іздеген, аңсаған оқырмандар ортасында отырды.
Міне, осы оқиғалар бір жүйе келмеске кетіп, екінші жүйе енді-енді орныға бастаған ауыр уақытта өтті. Елді сарсаңға салған жағдай қалам ұстаған қауымға да ауыр соққы болды. Қиыншылық қыспағы қаусырған оқырмандар да сүйікті ақын-жазушыларының өзінен көз жазып қалатын күйге жеткен еді. Дегенмен билікте елдің рухани байлығын ойынан шығармай, жоқшысы бола білетін азаматтар бар екен. Солардың бірі Премьер-министрдің орынбасары болып жүрген Иманғали Тасмағамбетов қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қара шаңырағы саналатын Қазақстан Жазушылар одағына әдейілеп атбасын бұрды. Күні кеше ғана атақ-даңқтары дүркіреген, енді нарық заманында пұшайман хал кешкен ақын-жазушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өткізіп, жүз автордың кітабын жыл аяғына дейін шығарып беруге уәде етті. Кейінгі жылдары қанша кітап жазса да, газет-журналдарға құлаш-құлаш мақала, әңгімелері мен повесть, романдарынан үзінді жариялатса да, көк тиын алмайтын оларға қаламақы бергізуге мүмкіндік жасайтынын да айтып, қуандырды. Сол кезде одақ мүшелігінде алты жүзге жуық қаламгер болатын. Әрине, солардың арасынан жүз авторды іріктеу мәселесі оңайға соқпағаны айдай ақиқат. Толымбек Әлімбекұлы екеуміз осы істің басы-қасында жүрген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловқа әдейілеп барып, одаққа мүше болмаса да, Бауыржан Үсеновті кітаптары жарық көретін жүз автордың құрамына енгізуді қиыла сұрадық. Қашан да елге болса екен деп елжіреп тұратын ағамыз екі сөзге келмеді. Содан соң Бауыржанның Таразда тұратын әпкесі Ботагөзге хабарласып, қолда бар дүниелерінің бәрін жинастырдық. Байқауымша, әйгілі «Қара машина» өлеңінен басқасының басын құраған секілдіміз. Ішінде «Маңдайыма жазылған мәңгілігім» деген өлеңі бар екен, қолжазбаны қараған ақындармен ақылдаса келе, кітабына тақырыпты солай деп қойып едік. 2008 жылы осы кітабы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ақ бұлттар» деген атпен «Жазушы» баспасынан қайта жарық көрді.
Қасиетті қаламды өмірлік серік еткен шығармашылық адамдарының артықшылығы сол – ғұмыры биологиялық өлімімен шектелмей, жасай береді. Әрине, олардың арасында ел-жұрттың айрықша ардақтайтыны да, етжақын ағайын-туыс, дос-жаран немесе артында қалған ұрпақтарының араласуымен ғана еске алынатындары да аз емес. Бауыржанның үлкен бақыты – жан-жақтағы іздеушілерінің көптігі. Олар әуезді әндерін аңсайды, сыршыл өлеңдерін құмартып оқиды, сері жүрісін сағынышпен сөз етеді. Өте көпшіл, жұртқа жұғымды мінезін тамсана ауызға алады. Осындай шынайы жанашырларының арқасында мүлде жоғалып кеттіге жорып жүрген «Қара машина» өлеңі Бауыржанның өзі оқыған даусымен қарағандылық бір азаматтың үйінен табылды. Мұны тапқан өзі аттас курстас досы, үлкен ғалым, белгілі қоғам қайраткері Бауыржан Омаровқа қалай ғана разы болмайын, айналайын оқырман?!
Жуалыдай киелі топырақта туған Бауыржанның жұлдызы қашан да биікте жарқырай береді. Осы орайда өткен жылы ауданымыздың 90 жылдығы кезінде жарық көрген «Жуалы» тарихи-танымдық кітабы туралы да тілге тиек ете кетейін. Кітап авторы белгілі публицист-жазушы Мақұлбек Рысдәулет ауданның өткені мен бүгінін үндестіріп, осы өңірден шыққан танымал тұлғаларды түгендеп, саяси-экономикалық дамуының кезең-кезеңін жақсылап зерттеп, жұмақ өңірдің флорасы мен фаунасын, жер-су аттарын да кеңінен қамтыған кітабына арнау өлең, толғау, мақала арнаған авторларды молынан қамтыды. Әдемі безендіріліп шыққан осы кітапқа Бауыржанның «Қошқарата» деген өлеңі де енгізілді.
Бауыржан мақтау өлеңдерден, билік тізгінін ұстағандарды жырлаудан өзін аулақ ұстаған ақын еді. Сондықтан да қазақ поэзиясына өзгеше өрнек берген бір томдық өлеңдер жинағы уақытпен бірге ілгерілеп, жырқұмар елдің рухани азығы бола берері күмәнсіз.
Ол арқалы ақындардың өзін елең еткізіп, болашағынан үлкен үміт күттірген поэзиямыздың жас перілерінің бірі болатын. Сол себепті жұлдызы шырқау көкте жарқыраған ақын ұлын жерлестері де айрықша мақтан тұтады. Есімін есте қалдыру үшін аудан орталығы Б.Момышұлы және Қошқарата ауылында көше аттары берілген. Әрине, сөзі де, өзі де оқырмандар жүрегіне мәңгілікке ұялаған ақынға көрсетілетін құрмет осымен бітті дегенді білдірмесе керек. Өйткені Бауыржан еліміздің кез келген өңірінде батыр Баукең атамыз, даңқты жазушы Шерағамыз бен жиырма жасында «Ақ бидай» атты роман жазған Әміртай Бөриев секілді Жуалының абыройын асырған қалам қайраткері ретінде де әспеттеледі. Сондықтан да биылғы алпыс жылдығы кезінде аудан мектептерінің оқушылары арасында тереңірек таныстыру мақсатында өлең оқудан Бауыржан оқуларын өткізіп, соңын аудандық Мәдениет үйіндегі еске алу кешіне ұластырса, сондай-ақ «Жуалы жұлдыздары» аллеясында суреті ілініп, есімі жазылса, бұл да өнеге етіп айтар бір шара болып қалар еді.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы