El іshі

Татулықты ту еткен жанұя

Дүниенің нұры, өмірдің гүлі ананың қолында. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Ана алдында бәріміз борыштармыз. Бүгінде ұрпақ өсуірумен қатар, ел еңсесін көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке де лайық. Осы орайда, біздің бүгіні «Мерейлі отбасы» тұрақты айдарымыздың кейіпкері Күлия Сұраншиева ұрпақ тәрбиесіне атсалысып отырған ардақты ана, асыл әже. Ол ортасына сыйлы, өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен отбасының тірегіне айналып отырған жан.
Өмірден көргені мен көкейге түйгені мол Күлия Мұсалықызы өзінің отбасын бақыты мен байлығына теңейді. Бүгінгі таңда Күлия апа Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында тұрып жатыр. Отбасының ұйытқысы Күлия апамен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай сөйлесудің сәті түсті. Бірден өзіне баурап алған ананың мейірімі мен шапағаты бір күллі әулеттің шырайын келтіріп тұрғандай.
«Қарты бар үй – қазыналы» демекші, Күлия Сұраншиева жанұясының тірегі, балаларының, шаңырағының берекесі, ақылшысы, қамқоршысы. Күлия Мұсалықызы 1940 жылы Түлкібас ауданы Жыланды ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұсалы мен анасы Нұргүл қарапайым жандар болған. Әкесінен ерте айырылған Күлия апа еңбекке ерте араласып, ерте есейген.
– Мен еңбекке жастайымнан араластым. Жетім өстім. Өмірдің қызығы мен шыжығын бірдей көрдім. Әкеден ерте айырылған соң, ауылдың тіршілігіне етене араластым. Әрине, оңай болмады. Алғашқыда колхозда егін алқаптарындағы жұмыстың бел ортасында жүрдік. Одан кейін жуалылық Көлбай есімді азаматқа тұрмысқа шыққан соң осы әулетке келін болып түстім.
«Ленин» колхозында бұзаушы, сауыншы болып, еңбек еттім. Сонымен қатар, колхозда қызылша, картоп алқаптарында ел қатарлы екі қолға бір күрек алып, күн-түн демей жас ұрпақтың болашағы үшін жұмыс істедік. 1970-ші жылдары ауданымызда фабрикалардың іргесі қаланып, ашыла бастады. 1972 жылы Шыңғазы Үлеков басқаратын тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасып, табаны күректей 20 жылымды тоқымашылыққа арнадым, – дейді Күлия апа.
«Еңбегіне қарай құрмет» демекші, әже ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі үшін талай рет басшылық тарапынан марапатқа ие болған. Фабрикадан 1985 жылы абыроймен зейнетке шығып, одан кейін әртүрлі жұмыстарды істейді. Әрине, бұл балаларын қатарынан қалдырмай, аяққа тұрғызу мақсатында жұмсалған еңбек, күш болатын.
Адам ұрпағымен бақытты, ұрпағымен мың жасайды. Күлия апа өмірлік серігі, марқұм Көлбай Сұраншиев екеуі өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп, бүгінгі таңда олар өмірден өз орындарын тауып, ұрпағы өсіп-өніп отыр. Үйдің тұңғышы Толыбай – ұзақ жылдан бері есепші болып жұмыс істеп келеді. Екінші ұлы Ағыбай 22 жасында Алланың қалауымен жазым болып, о дүниелік болды. Ал, Қозыбай, Шаймерден есімді ұлдары аудандық орталық ауруханада қызмет етеді. Қыздары Дүрия қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырса, үйдің кенжесі Айгүл Күреңбел ауылында тұрады, ол өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Сұраншиевтер отбасынан тараған ұл-қыздардан 18 немере, 26 шөбере өрбіп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерекке айналып отыр.
-Отбасында бала тәрбиесіне қатал болдық. Отбасылық ұстанымымыз – ешкімнің ала жібін аттамау, адал жолмен табыс табу, еңбек ету, балаларды иманды, адамгершілігі мол азамат етіп қалыптастыру. Аллаға шүкір, перзенттерімнің ешқайсысынан жаманшылық көрмедім. Бәрі ақылымызға құлақ түріп, түзу жолмен жүріп келе жатыр. Осылар үшін талай қиын кезеңдерді бастан өткердік. Жұмыс пен үйдің арасында уақытымыз өтті. Енді міне, сол еңбектің жемісін көріп, сексеннің сеңгіріне жетіп, немере, шөберемнің арасында шалқып отырған жайым бар.
Ұл-қыздарым әлі де ақылыма жүгініп, кеңестер алып тұрады. Немерелерім де алдымнан жүгіріп шығады. Оларға да мейірімімді төгудемін. Себебі, немерінің тәттілігі бір бөлек. Олар ұрпағымыздың жалғасы, өміріміздің мәні мен сәні. Әжесі ретінде олардың да өмірден жақсы азамат болып қалыптасуларына үлесімді қосамын. Әженің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды.
Енеммен 18 жыл бірге тұрдым. Келіндік міндетті де атқардым. Ал, қазір өзімнің үш келінім бар. Келіндерімді балаларымдай көремін. Қажетінше көмегімді беріп, кей мәселелерді бірге ақылдасып шешеміз. Бір шаңырақтың астында өмір сүргендіктен сыйласа білу керек. Бірін-бірі түсіне де білуі қажет. Әйел – отбасының ұйытқысы, берекесі, тыныштығы. Біз тату болсақ, бақыт та, табыс та, береке де болады. Ал, табыс бір жерге түспесе берекесі болмайды. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Жанұямызда ең бірінші кезекке ауызбіршілікті, татулықты қоямыз. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен сәлт-дәстүрлерін ұмытпаймыз. Оны әрі қарай ұрпағымызға жеткізу үшін жанұямызда салт-дәстүрге берікпіз, – дейді Күлия апа.
Күлия апаның ақ батасын алған соң әулеттің үлкен келіні Гүлжан Сұраншиеваны да әңгімеге тартқан болатынбыз. Ол Күлия апаның жақсы қасиеттерін алға тарта отырып, өз ойымен бөлісті. Шаңырақтың шаттығы аналары бар өмірін балаларына арнағанын жеткізді. Ең бастысы татулықты ту еткен жанұя екендерін мақтан тұтатындарын баса айтты.
Саналы ғұмырын отбасына, балаларына және еңбек етуге арнаған Күлия Мұсалықызы қазіргі таңда Қайрат ауылындағы әулеттің қара шаңырағында кіші ұлы Шаймерден мен келіні Гүлнармен бірге тұрып жатыр.

Таңдаулы материалдар

Close