Basty bet
Бәрі өзімізге байланысты
Сәрсенбі, 27 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының коронавируспен күрес жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы және дағдарысқа қарсы шаралар туралы баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күнге дейін аймақта 358 КВИ ауруы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында 206, Қордай ауданында 46, Байзақта 34, Таласта 12 оқиға тіркелген. Ауырғандардың 173-і сауығып, дәрігерлердің бақылауына алынған.
Облыста жеті зертхана жұмыс істеуде десек, ол арқылы 23 750 адам тексеруден өткен. 2,5 мыңнан астам медицина қызметкеріне 409 млн. теңгеге үстемақы төленген. Жалпы, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге 1,5 млрд. теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, «Jardem 109» байланыс-орталығының базасында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылып, оған тұрғындардан 24 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.
1,5 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегімен 9,5 мың отбасы қамтылды, 300 мыңға жуық адам 42 500 теңге көлеміндегі төлемге қол жеткізді. «BizBirgemiz» акциясы аясында және демеушілер тарапынан жалпы 1,1 млрд. теңгеге 72 мың адамға көмек берілді. Жалпы 400 мыңнан астам жамбылдыққа 21 млрд.-тан астам теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төленген.
Сонымен бірге, Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарын жеке қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес біздің басты міндетіміз – тұрғындардың денсаулығын сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Барлықтарыңыздан қабылданған шараларға түсіністік танытуларыңызды сұраймын. Олар сіз және сіздің жақындарыңыздың амандығы үшін жасалып отыр. Бәрі өзімізге байланысты. Егер тұрғындар санитарлық талаптарды сақтайтын болса, онда карантин режімін жеңілдетуге мүмкіндік туады, – деді ол.
«Өкінішке орай, бүгінгі таңда мобильдік топтардың тексеру нәтижелері көрсеткендей, қоғамдық орындарда азаматтар бетперде кимейді, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды. Карантиндік режімді мүмкіндігінше тезірек жою үшін біз өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді сезініп, санитариялық талаптарға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Мен көпшіліктің карантиннен шаршағанын түсінемін. Бірақ бізге тәуекел етуге болмайды. Тәуекелдің соңы – адам өмірімен есептелуі мүмкін», – деп түйіндеді сөзін Б.Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі