Basty bet
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың бет-бейнесі
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстан Республикасының елдік нышандары болып саналады. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрбір азаматтың бойында болуы тиіс. Қай елдің болсын, оның рәміздеріне қарап қандай мемлекет екенін жазбай тануға болады. Себебі, рәміздер сол елдің, сонда ғұмыр кешіп жатқан халықты өткен тарихы мен дүниетанымын, көзқарасын, ертеңгі күнге деген сенімін білдіреді. Осыған қарап-ақ рәміздердің қандай мән-маңызға ие екенін байқаймыз.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалануда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 Қаулысын, «Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 Қаулысын басшылыққа ала отырып тиісті жұмыстар атқарылады.
Аудан бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдаланатын 128 мемлекеттік мекемелердің барлығы мемлекеттік Ту ҚР СТ 988-2007, Елтаңба ҚР «989-2014» Ұлттық стандартына сай келеді. ҚР мемлекеттік рәміздерін орналастыру ережесіне сәйкес ғимараттарда тұрақты тігілген ҚР Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруы қамтамасыз етілген.
Жалпы ауданда 128 мекемеде 544 Елтаңба орналастырылған. Мемлекеттік Елтаңбадағы бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылуына байланысты, білім және мәдениет саласында латын графикасында «QAZAQSTAN» сөзімен жазылған мемлекеттік Елтаңбалар ауыстырылды. 2020 жылға аудан әкімдігіне қарасты мекемелерге 3 079, 0 мың теңге жоспарланды.
Аудан аумағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерін орналасуын және пайдалануын бақылау жөніндегі комиссия құрамы аудан әкімінің 2019 жылғы 3 маусымдағы №326 қаулысымен қайта бекітіліп, құрамына 11 азамат енгізілді (төраға – аудан әкімі). Олардың алтауы мемлекеттік қызметкерлер, біреуі БАҚ өкілі, бір ардагер, бір қоғамдық бірлестік және екі құқық қорғау саласының қызметкерлерінің өкілдері енгізілген.
Жыл басынан осы бағытта ауылдық округтердің әкімі аппараттары мен мекемелердің ҚР Мемлекеттік рәміздерінің дұрыс қолданылуына жауапты мамандардың қатысуымен 33 дөңгелек үстел, 15 семинар, 30 кездесу, 30 түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды.
Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында барлығы 40 оқшауланған орындар бар. Оқшауланған орындарда мемлекеттік рәміздер жаңа стандарттарға сай орнатылған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мен қолданылуын насихаттау мақсатында аудан орталығындағы алаңда арнайы тақта орнатылып, сегіз көрнекілік орналастырылды. Аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде 25 мақала жарияланды.
Қорыта келгенде, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті сақтау маңызды. Рәміздер – біздің ұлттық бет-бейнеміз.
Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы