Basty bet
Ерікті болу – ерлікпен тең
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың біліктілігімен, білімділігімен, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай істер атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз. Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олардың бұл істері қолдау тауып, 2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданды.
Заңда еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын – компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау деп атап көрсетілген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар қауымына қаратып: «Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деген баға берді. Жастарды бұлайша бағалаған Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы да ерікті жастарға үлкен серпін беріп, сенімнің үдесінен шығуға өз әсерін тигізуде.
Тосыннан келген індеттің алдын алу үшін елімізде екі ай көлемінде төтенше жағдай жарияланған тұста да ерікті жастар өздерінің белсенділігін одан әрі арттыра түсті. Ауданымызда да ерікті белсенді жастардың қатары көбейіп, олар өз кезегінде көмекке мұқтаж азаматтарға көмек қолын созды. Мұндай жастардың қатарынан «Аяла» қайырымдылық жобасының еріктілері де табылып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып отыр. Волонтерлық қызмет көрсеткені үшін аудан әкімі Нарбай Ергебеков жақында бірқатар белсенді жастарды өз атынан Алғысхатпен марапаттады. Марапатқа ие болғандардың қатарында аталған жоба жетекшісі Альфия Мейрамбай, жоба мүшелері Еділ Әбдіқадыр және Ұлмира Югданқызы да болды.
Туған ауданына қызмет етуді көздеген ерікті жастардың қоғамдағы іс-әрекеттерін «Аяла» қайырымдылық жобасының жетекшісі Альфия Югданқызы бізге әңгімелеп берді.
-Мен осы қасиетті Жуалы ауданының Қайрат ауылында туып-өстім. Көпбалалы отбасында тәрбиеленгенмін. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегімін. Мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Біздің жанұяда да мүмкіндігі шектеулі бала бар еді. Бауырыммен ауруханада оның ем қабылдауы үшін бірге жататынмын. Ауруханадағы балаларды көргенімде мені «неге осы бүлдіршіндерге көмек көрсететін жан табылмайды?» деген сауалдар жиі мазалайтын. Сол кезде іштей ғана кейін өскен соң, өзім-ақ осы балаларға қолын ұшын созатын боламын деген алдыма мақсат қойдым. Осы мақсатта 2018 жылы «Аяла» қайырымдылық жобасы құрылды. Жобаға ерікті, қайырымды жастар шақырылып, алғашқыда бес адам болып жұмысты бастадық. Ал, қазіргі таңда олардың қатары толығып, жобада 34 ерікті жас бар. Алдағы уақытта жобадағы волонтерлердің санын 100-ге дейін жеткізу көзделуде. Жобада менімен бірге ең алғаш болып әпкелі-сіңлілі Жанна, Ұлмира, Еділ, Айзере, Ақерке есімді жастар жұмысты бастады.
Кейінірек жобаға көп ішінен жарқырап, талпынып шыққан жастар, студенттер, жеке кәсіпкерлер қабылданды. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіндеміз. Сонымен қатар, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы штабының қатарындамыз. Осы уақыттың ішінде жастардың көмегімен көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге көмек көрсетілді. Жоба құрылған уақыттан бастап жыл сайын қорытынды есептік концерт өткіземіз. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінде қорытынды концерт өтеді деп жоспарлануда. Әр аптаның жұмасы күні арнайы белгіленген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Түрлі акциялар, қайырымдылық шаралар өткізіліп тұрады.
Ұйым жастарының көмегімен Жасұлан және Айлин есімді екі бүлдіршінге денсаулығын түзеу үшін қомақты қаржы жиналды. Мұндай балалардың өмірге деген құштарлығын көріп, өзімізге күш-жігер алдық. Олардың сауығып кетуі үшін қаржы жинап, үздіксіз жұмыс жасадық.
Жобадағы ерікті жастар халықаралық, республикалық форумдарға қатысып, сертификаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Төтенше жағдай режімі кезінде біз де өзіміздің азаматтық борышымызды өтеуіміз керек екенін жете түсіндік. Осы орайда, аудан орталығында және кейбір ауылдық округтердегі отбасыларға азық-түліктей жәрдем бердік. Бір ғана мамыр айының өзінде, яғни бұл кезде тұрғындардың көмегімен 1 миллионға жуық қаражат көлемінде қайырымдылық жасалды.
Одан бөлек, аудандағы волонтерлық қозғалыстың жеті бағытының бірі «Білім» бағытында «Millennium» ағылшын тілін оқыту орталығында көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін оқытудамыз. Көбінесе, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары оқытылды. Қазіргі таңда ағылшын тілін оқыту орталығы Қайрат және Диқан ауылдарында орналасқан. Оқушыларды онлайн жүйеде оқыттым. Алдағы уақытта еліміздегі індет жойылса, балалар санын арттырып оқытуды жоспарлап отырмын. Бір айта кетерлігі, ата-аналардың дені тіл оқыту орталығының мақсатын түсіне бермейді. Мемлекеттен бізге қаржы төленеді деп есептейді. Алайда, балаларға біз өз еркімізбен, шын көңілмен тегін білім беретінімізді айтқым келеді.
«Аяла» қайырымдылық жобасының «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі «ayala_project» парақшасында қайырымдылық шарасына шақырулар орналастырылады. Бұл әлеуметтік желідегі жұмыстарды Еділ Әбдіқадыр жүргізеді.
Қазақта «оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар. Еріктілер істеген істерін жариялап, көпшіліктің көзіне түсуді мақсат тұтпайды. Тек, туған өлкемізді түлетуді, ауылымыз үшін қызмет етуді және көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды көздейді. Кең болсаң, кем болмайсың. Баяғы ата-бабаларымыздан жеткен бойымыздағы кеңпейілділік, шынайылылық, жанашырлық, яғни жақсы қасиеттер жоғалмауы керек. Біз әркез бір-бірімізге көмектесуді ұмытқан емеспіз. Қоғамға, адамдарға пайдамыз тисе, біздің арман-мақсаттарымыздың орындалғаны деп білеміз, – дейді ерікті жас Альфия Югданқызы.
Иә, жан-жағына жанашырлық танытып, волонтерлық қызметте жүрген жастардың алға қойған жоспарлары көп. Ерікті болу – ерлікпен тең. «Аяла» қайырымдылық жобасындағы еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғамның дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге деген дағды қалыптасса, алынбайтын асу болмайды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»