Basty bet

Судың да сұрауы бар

ауызсу мен ағын судың проблемасы қашан шешімін табады?

Ауызсу – тіршілік көзі. Су – бүкіл тіршілік иелерінің негізгі құрамдас бөлігі. Онсыз адам баласының өмір сүруі мүмкін емес. Әлемнің жартысынан көп бөлігін су қоршап тұр. Ғарыш әлемінен қарасаңыз да, жердің көк түспен көмкеріліп жататыны сол себепті. Күнделікті пайдаланып жүрген ауызсуымыз қарапайым әрі аса қажетсіз болып көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес. Судың да сұрауы бар.

Ауданымызда ауызсу мәселесі жылдан-жылға жолға қойылып келеді. Аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековтың мәлімдеуі бойынша 2020 жылы ауызсу құрылысын жүргізуге бес елді мекенге 968,4 млн теңге қаржы қаралған. Олар: Шақпақата, Көлтоған, Ертай, Қошқарата, Т.Дүйсебайұлы ауылдары. Барлық жобаның қаржысы 2021 жылға өтпелі. Одан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл жазда тағы 11 ауылға ауызсу құбыры тартылуда.
2021 жылы жалпы аудан көлемінде 49 елді мекеннің 30-ы ауызсумен қамтамасыз етіліп, ол 61,22 пайызды құрайтын болады. Қалған 19 елді мекеннің сегізіне ЖСҚ әзірленген. Олар: Ақтөбе, Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Кәріқорған, Тасбастау, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек ауылдары.
11 елді мекенге ЖСҚ әзірленбеген, оның ішінде 9 елді мекенде аула саны 50-ге жетпейді. Қазіргі таңда аула саны 50-ден төмен елді мекендерге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне модульдік тазарту қондырғыларын қою жоспарлануда.
Қалған екі елді мекен Қарабастау мен Түктібай ауылдарына алдағы уақытта ЖЗҚ әзірленетін болады.
Аудан орталығында осыдан 10 жыл бұрын су құбырлары жаңартылған. Алайда соңғы бес жыл бойы көктемнің соңынан бастап жаз бойы ауызсу мәселесі халықты қинайды. Яғни, жаз бойы су мүлдем болмайды немесе уақытпен беріледі. Бұл мәселе биыл да күйіп тұр. Әсіресе, Қайрат ауылы мен Б.Момышұлы ауылының кейбір көшелері және Көлбастау ауылының Байтоқов және Ковешников көшелерінде су жоқ.
Мәселенің мәнісін білу үшін бірінші «Жуалы су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевпен әңгімелескен едік.
-Мен 2017 жылы осы қызметке келгенде айлап су болмай қалатын кездер болатын. Қазір жылдан-жылға ауызсу мәселесі ақырындап шешіліп келеді. Бұл мәселеге аудан басшысы да баса мән беруде. Бұл – заман талабы. Дегенмен шешілмеген проблемалары әлі жетерлік. Жаз басталысымен әсіресе, Қайрат ауылында ауызсу мәселесі орын алады. Оған себеп, су жинайтын құдықтардың жоғарыда, яғни қырда орналасқандығы. Теміржолдың төмен жағы жер беті бір қалыпты болғандықтан, судың қысымы бір қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Ол жақта бұл проблема жоқ. Ал жоғарғы жақта қыр болғандықтан су төмен қарай ағып кетеді де, төмен жақ толып біткеннен кейін ғана су жоғарыға көтеріледі. Яғни, су азайған кезде жоғарыға көтерілуге судың қысымы жетпейді. Күзде, көктемде, қыста бұл проблема болмайды. Жаз болысымен халық ауызсуды бау-бақшасын суғаруға пайдаланады да судың проблемасы басталады. Көлбастау ауылына тереңдетілген сусорғы қойылды. Енді Қайрат ауылына да қосымша қойылады. Қазір су жиналатын құдықта 5-6 сағат су жинап барып ауыл тұрғындарына сағатпен беруге мәжбүрміз. Кейбіреулер бау-бақшасын суғарса, кейбіреулер тіпті құрылыс жұмыстарына пайдалануда. Қазір біздің мекеме қызметкерлері артық су пайдаланған үйлерге ақысын төлеуі және есептеуіш құрал орнату туралы хабарлама таратудамыз.
Жалпы «Жуалы су» мекемесінде 4409 абонент бар. Суды 4409 отбасында 22 мыңдай адам пайдалануда. 4409 абоненттің 1529-ына есептеуіш құрал орнатылған. 50 мекеменің 34-іне есептеуіш құрал қойылған. Енді тағы да 200 есептеуіш құрал алудамыз.
Ауызсу мәселесі ағын су мәселесіне тікелей байланысты. Сондықтан ағын су мәселесін шешу үшін 85 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда жұмыс басталды. Яғни, Ақсай каналынан Қайрат ауылының шетіне дейін 3,7 шақырымға диаметрі 1 метрлік темір құбыр қойылады. Бұрында да бұл құбыр болған. Алайда ескіріп жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда 501 метр жер қазылып, қажетті құралдар жеткізілуде. Мекемеміздің техникаларының ескілігіне байланысты жұмыс баяу жүруде. Алайда үш айда бітіру қажет жұмысты аудан әкімінің тапсырмасымен мүмкіндігінше ертерек бітіруге тырысудамыз. Жұмыс барысында жұмысшы мәселесі қиындық тудырып отыр. Яғни, жұмыспен қамту орталығы арқылы біз 85 мың айлықпен 14 адам жұмысқа алуымыз керек болатын. Алайда екі апта болды әлі бір адам жұмысқа келген жоқ. Бұл мәселе де жұмыстың жай жүруіне себеп болып отыр.
Біздің мекеме ағын суды ауылдың шетіне дейін әкеліп береді. Әрі қарай ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарын жұмылдырып, бұл істі аяғына дейін жеткізсе, ауызсуда шығын болмайды. Нәтижесінде жылда «жыр» болатын ауызсу мәселесі шешімін табатын болады.
Ақсай су каналынан тұрғындардың ағын су мәселесін шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмысты көру үшін жұмыс басына арнайы бардық. Біз барғанда жұмыс басында жерді қазып келе жатып тоқтап қалған бір техника тұр. Бірақ жанында тірі жан жоқ. Мұнымен жұмыс жоқ деуден аулақпыз. Бұл біз барған сәттегі бір сәттік көрініс қана шығар. Бірақ жағдай жайбасарлықты көтермейді.
Бұдан соң тұрғындардың пікірін тыңдау мақсатында Қайрат ауылына бардық. Ә.Молдағұлова көшесінің бойында қолдарына бір-бір күрегі бар бір топ ауыл қариялары жиналып демалып отыр екен. Әңгімелері – ауызсу мәселесі.
Көше тұрғыны Жылқыбай Майлықараев былай дейді:
-Мамырдың 15-20-сынан бастап ел қалай бау-бақшасына суды пайдалана бастайды, солай ауызсу тоқтап қалады да қыркүйектің ортасы, кейде соңына дейін су келмейді.
Бұл мәселенің орын алғанына қанша жыл болды? Әлі шешімі жоқ. Төмен жақта күндіз-түні су бар. Ал бізде су жоқ. Кейбір көшелерде графикпен берілуде екен. Бізде ол да жоқ. Қазір таң ертең сағат 5-6-ларда көрші көшеден су тасып, үйдегі бар бос ыдысты толтырып қоямын. Бұл тірлік тұрғындар үшін оңай шаруа емес.
Көшемізде ағын су жағынан ешқандай проблема жоқ.
Судың тоқтап қалуының бір себебі, су көлемі аз болғандықтан құбырдың ішінде су жартылай ғана болып төмен қарай ағады да бізге қарай бөлініп ағуына судың қысымы жетпейді. Ауылдық әкімшіліктің мамандарына, «Жуалы су» мекемесінің мамандарына да бұл мәселені айтып жатырмыз.
Осының бәрін реттеу үшін мекеменің жауапты мамандары кемшілік қай жерден кетіп жатыр, не істеуге болады, халықпен ақылдассын, әйтеуір бір шешімін табуы керек қой. Бізге су жетпей жатса, бір жерлерде жарылған құбырлардан су сыртқа ағып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін суды төмен жақтан бөгеу керек. Менің білуімше, бас жоспарда әр жерде гидрант деген болуы тиіс. Сол арқылы суды бұрып, реттеп өлшеммен жіберілу қажет. Өйткені, біз судан қиналып отырсақ, біздің сәл ғана қашықтықта су мол. Осының бәрін реттеу керек. Суға жауапты мекеменің мамандары үшін ең оңай жауап – суды жібердік, ол көшеде су бар деген жауап. Бірақ нәтижесі олай емес, бір көшенің өзінде әр жерде әртүрлі.
Мен осы ауылдың тумасымын. Сондықтан бұл жердің проблемасын, оның жай-жапсарын жақсы білемін. Оны айтсаң, кейбіреулер ұнатпайды. Қалай болғанда да жыл сайын қайталанатын проблеманы шешетін кез әбден жетті. Кезінде жіберілген қателіктерді түзеу керек.
Қуаныш Мелдешов, Кәдірқұл Жүншеев, Қайрат ауылы Беделбаев көшесінің тұрғындары.
-Тиісті қаржысын төлеп, суды үйімізге кіргізіп алғанбыз. Бірақ жылда осы, жаз бойы бір тамбайды. «Жуалы су» мекемесіне хабарлассақ, қосымша сусорғы орнатып жатырмыз дейді.
Қазір көшемізде жалғыз суағар бар. Онда да бірде су бар, бірде жоқ. Бұл жерде су болмаса, арғы көшеден тасимыз. Таң ата суағарға кезекке тұрып, су тасып аламыз. Азанда көшедегі көріністі көрсеңіз, кілең қариялар су тасып жүреміз. Шамасы жеткен әйтеуір тасимыз-ау. Су тасуға шамасы жетпейтін отбасылар да бар. Халықтың бұл жағдайы басшыларға үлкен сын.
Жылдағы проблемамызды айта-айта шаршадық.
Әңгімеге көшедегі апалар да келіп араласты.
Біздің көше орталық көшенің бірі болып есептеледі. Көшемізде тек су ғана емес, жарық мәселесі де бар. Біздің көшенің және басқа да көшелердің тұрғындарына сайдың арғы бетінде орналасқан №15 мектеп-лицейге баратын жол қалдырып, сайға көпір салып береміз, көпір біткен соң оны жарықтандырамыз деген. Бірақ әлі жарық орнатылған жоқ. Беделбаев көшесі орталық көше болып саналғандықтан көшемізден көліктер көп өтеді. Көліктер қатты жылдамдықпен өтетіндіктен, балаларымыз бен немерелеріміздің қауіпсіздігін ойлап, үнемі жанымызды шүберекке түйіп отырамыз.
Ағынсу мәселесі де жақында ғана шешімін тапты. Турасын айтқанда, судың да келгеніне екі-ақ күн болды. Тұрғындардың көбінің еккен көшеттері қурап кетті.
Жанар Үргеншева, Б.Момышұлы ауылы Ақментей көшесінің тұрғыны.
-Бірнеше күн, шамамен он күндей көшемізде су болмай қалды. Міне, кеше ғана сейсенбі күні кешкісін су келді. Қазір де келіп тұр. Жыл сайын қайталанатын бұл мәселе түбегейлі шешімін тапса деген өтінішіміз бар.
Шорабай Ысқақов, аудандық мәслихаттың 2007-2012 жылдардағы депутаты. Б.Момышұлы ауылы, Бәйдібек батыр көшесінің тұрғыны.
-Біз Жуалыға Қызылордадан 1993 жылы көшіп келдік. 2007-2012 жылдары осы су мәселесінің арқасында ойламаған жерден халық қолдап, аудандық мәслихаттың депутаты болдым.
Ол кезде су мәселесі өте қиын еді. Ағын су жоқ. Тұрғындар сенің сөзің өтеді деп мені мұрап етіп сайлады. Каналдың суын су шаруашылығы талдармен қоршап қоятын. Мен таңертең сағат бестен тұрып, велосипедіме мініп алып сонда баратынмын. Өзіммен бірге біраз қапшықтар алып барамын.
Өзім де белден суға, лайға түсіп, жұмыссыз жүрген жігіттерді ұйымдастырып, ауылға қарай арықты қаздық. Арық бар ғой, бірақ жыл сайын оны тазалап тұрмаған соң шөп өсіп, кей жерлері қоқысқа толып кеткен. Суды Лермонтов көшесіне дейін әкелдім. Енді суды қайткенде де ауылдағы көше-көшеге жеткізу керек. Кедергі болып тұрған көшелердегі кейбір тұрғындар. Бірі елге су баратын арықтың үстіне дүкен, енді бірі сарай салып тастаған. Ең бастысы, біраз жерді қазу керек және арықтардағы әр үйдің тұсындағы түрлі кедергілерді алдыру қажет.
Ол кезде ауыл әкімі Бақыт Қылышбаев еді. Орынбасары марқұм Тілеуқабыл Төлегеновке айтып, барлық кедергілерді алдырдым. Ал, қазатын жерлерді әкімшіліктен қоғамдық жұмысшыларды алып барып, қаздырдым. Әр көшеге баратын арықтың соңынан жүріп отырып, кімнің үйінің тұсында проблема бар, оларға айтып түсіндіріп, дүкенін, сарайын айналдырып арықты жалғастырып қазып, екі жерден жолдан алып өту үшін құбыр салдырдым. Не керек, әйтеуір ауылға суды әкелдік. Су шаруашылығынан су сұраған жоқпыз. Мен Қарасазға, Боралдайға кететін өзеннің суын бұрдым.
Ауылда бес жыл мұрап болдым. Тұрғындардың әр суғарғанда беретін ақысы 70 теңге болатын. Депутат болғанда халыққа екі ай тегін жұмыс істедім. Мұрап болу оңай шаруа емес. Күндіз-түні күрегімді иығыма салып алып жүремін. Әсіресе, түнде қиын. Адамдар арыққа кірдің суын төгеді, қыста күл тастайды, балықтың қанаттарын тастайды. Су өтпей қалған жерді отыра қалып, қолмен тазалаймын. Талай қиындықтар болды. Ал қазір 2012 жылдан бері көшемізге ағын су келмейді. Мұрап жоқ. Су келетін көшелерде мұрап әр суғарғанына 500 теңге алады екен. Егер еккен өнімдеріңізді айына 5-6 рет суғарсаңыз, 2500-3000 теңге бересіз. Бұл бір жағы қымбат. Себебі, еккен өніміңіз оны ақтай ма, ақтамай ма белгісіз.
Біз жасыратыны жоқ, бау-бақшамызды ауызсумен суғарамыз. Ауламызға есептеуіш құрал орнатқанбыз. Қанша пайдаланамыз, соған қарай ақысын төлейміз.
Ағын су мәселесі Қайрат ауылының шетіне келгенімен толық шешілмейді. Оны шешу үшін ауыл әкімдері, әр көшедегі қоғамдастық мүшелері, билер, ардагерлер кеңесінің мүшелері, депутаттар атсалысып, халықты ұйымдастыру керек. Сөзі өтетін, билікке сөзі жететін осындай жауапты азаматтар белсенділік танытуы қажет.
Ауызсудың бүгінгі мәселесіне келсек, бірінші мәселе, 2007 жылы ауызсу құбыры тартылғанда кеткен кемшіліктерге де байланысты. Талап бойынша орнатылатын екі су құдығы бір-біріне жақын орналаспауы керек еді. Және тереңдігі 165 метр болуы тиіс болса, біздегі құдықтар қатар орналасты және треңдігі де оған сай емес. Қатар болмауы керек дегендегі басты себеп – бірінің суын бірі тартып алады. Қазір судың аз жиналуына осындай кемшіліктермен қатар ағын судың жоқтығы, адамдардың жауапсыздығы себеп болуда,- дейді Шорабай Ысқақов.
P.S. Біздің мақсат – кінәліні табу емес, халықтың сана-сезімін ояту, жауапкершілік қасиетін арттыру.
Кеткен кемшілікті қайта-қайта айтқанмен ештеңе өзгермейді. Ендігі мәселе билік болып, халық болып мәселені шешу. Ең бастысы билік тарапынан да, халық тарапынан да үкіметтен қаржы бөлініп атқарылып жатқан жұмысты көзбояушылықпен емес, сапалы атқарылуына қатаң қадағалау керек. Сонымен бірге, халық, кейбір азаматтар өз басының қамын ғана ойламай, жауапкершілікпен, суды үнеммен жұмсаса. Судың да сұрауы бар. Кей тұрғындардың суды ысырап жасауы мен өзімде ғана болса болды деген өзімшіл көзқарастары халықты тығырыққа тіреп, үлкен мәселе тудыруда. Мәселенің шешілуіне әркім үлес қосуы қажет.
Ағын су мәселесін шешуге бағытталған жоба өз нәтижесін беріп, оның игілігін халық көрсе, біріншіден, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне өз септігін тигізеді әрі базардағы көкөніс, жеміс-жидектердің бағасының төмендеуіне де едәуір әсер етер еді.

Перизат Шымыртайқызы,

“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close