Basty bet
«Жаңа өмір» – жаңалықтың жаршысы
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов өткен ғасырдың басында «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген болатын. Ендеше, ол халықпен бірге болуға тиіс. Жұртқа ақпарат беруші, елдің сауатын ашушы құралымызды дәл қазір бізде 50 жастан асқандар ғана оқитын сияқты. Өскелең жас ұрпақты басылым оқуға жетелеу ләзім.
АҚШ-тың «Нью-Йорк таймс» газеті 1851 жылдан бері шығып келеді. Оның таласа-тармаса оқитын оқырманы жетерлік. Өзге БАҚ-тар сол газетке сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатыр. Оның таралымы мыңдаған ғана.
Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы, тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал.
Газет пен кітап ағайынды. Кітаптың қасиеті туралы заңғар жазушы, баспасөз майталманы, өзіміздің Мыңбұлақтың тумасы Шерағаңның төмендегі ұлағатты сөзін келтіре кетсек, артық болмас.
«Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да адамның өзінен шығады. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітап сүймеген Құдайды да сүймейді. Бірі кем дүние».
«Газет-журнал, кітап оқымаған елде болашақ жоқ» деген тәмсіл бар. Қазіргі таңда «жыл артынан жыл беттер» дегендей, интернет деген пайда болды. Одан іздегенің табылатыны рас. Жартыкеш жаңалық, көркемдік мәні жоқ жарияланым руханиятты қанағаттандыра алмайды.
Мерзімдік басылымның қай кезде де бәсі жоғары. Адамдарды рухани азықтандыруда, білімін тереңдетуге, тіпті сауаттылықты қалыптастыруға газет-журналдың орны ерекше. Оған кешегі аға ұрпақ өкілдері куә, бүгінгі жас ұрпақ та жоққа шығармайтынына кәмілмін.
Біздің жұлдызы биік Жуалының жер көлемі 4,3 мың шаршы шақырым шамасында, 50 елді мекенінде 51 мың халық мекен етсе, 86 жылдық тарихы бар «Жаңа өмір» басылымын ес білгелі оқимын, һәм үзіліссіз жазылушылардың қатарынанмын.
Бұл басылымда білім де, тәлім-тәрбие де, ұлағат пен өсиет те, ұлттық құндылықтар да, толыққанды ақпараттар да осы басылымда толассыз жарық көріп тұрғаны бізді қуантады. Одан оқығандарың жаңыңызға сақталуы оңай. Ұнатқан мақаланы қайталап оқуға, тіпті қиып алып сақтап қоюға мүмкіндігіңіз бар. Мерзімдік басылымдардың осындай басымдықтары барын естен шығармағанымыз жөн.
Ұлым Ерген және мен «Жаңа өмір» газетіне бір жылға тұтас жазылғанбыз.
Баспасөз – ақпарат көзі ғана емес, ол – ақылшың, көмекшің. Оның ұйымдастырушылық міндет те атқаратындығы бар. Қазір салалық басылымдар да көп, ал біздің «Жаңа өміріміз» сол сала мамандарының нағыз көмекшісі десек қателеспейміз.
Өңірлік басылымдар – ауданның, облыстық, республикалық айнасы. Оған ешкім таласпайды. Осы ретте Жуалы аудандық «Жаңа өмір» үнқағазы оқырмандардың іздеп жүріп, сүйіп оқитын басылымына айналды бүгінде. Онда жасқа да, жасамысқа да үлгі-өнеге боларлық, тәрбиелік жағынан дүние, мақалалар үнемі жарияланып жатады.
«Жаңа өмір» жалпыға ортақ, әсіресе жастар үшін қажет басылым. Басылымға аға буын өкілдерінің өнегелі өмірлері үнемі жарияланып тұрады. Түсінген кісіге олардың өмір жолдары, өнегелі істері нағыз тәрбие мектебі емес пе?! Осыны жастардың санасына жеткізе білу керек. Ол үшін жас оқырмандарды тартуды қолға алған абзал.
Не керек, жалпы жұртшылық, мәдениет қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, балабақша, медицина (Синаның медеті деген сөз) орта буын, жоғары сынып оқушылары, зейнеткер мен саламатты азамат біздің «Жаңа өмірді» өмір серік етіп, әр санын қуана күтіп отыруы тиіс.
«Мұғалім оқуын тоқтатса, ол мұғалім болудан қалады» деген тәмсіл бар. Тәуелсіздіктің ХХІ ғасырдан бері 20 жыл өтсе, сол жылдағы 18 Білім министрі ауысқан. Қазір мұғалім мәртебесі көтеріліп, жалақысы екі есе өсетін болды. «Мұғалімдерді мерзімді басылымдарға жаздыру тоқтатылсын» деген қате шешім. Мұнымен қоса, «оқушыға жұмыс істетпе» деген не сөз?! Қалтафонға күндіз-түні үңілген бала келешекте кім болмақ?! Мәселен, біз ХХ ғасырдың 60-90 жылдарында кемі 10 басылымға дейін жаздырып оқитынбыз. Дәл қазір мен 15 басылым жаздырып аламын. Өзім бар, жұбайым Күлайна да үнемі оқиды, ұл-қыз, немерелерге де «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ» , «Ақ жол», «Жаңа өмір» (екі дана) «Ғұмыр дария», «Еңбекші», «Мұнара» (діни), «Иман» (жорнал), ал жорналдардан «Денсаулық», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Адырна» (Ақтөбеден шығады, Бас сарашысы Мейірхан Ақдәулет).
Мен өз жазылған басылымдарымды мақтаныш үшін емес, «үлгі алсын, ойлансын жұрт, мерзімді басылымға жазылам деген ізгі ниетпен, намысы орнасын бұ қазақтың!» деп жаздым. Бала күннен дос-құрдас, ауданымызға түгел танымал Әбілқасым қажы Ергебеков «Егемен Қазақстан», «Ақ жол», «Жаңа өмір», «Ғұмыр дария», «Иман», «Мұнара», Ербол Омарұлы есімді азамат «Ана тілі, «Ақ жол», «Жаңа өмір», «Ғұмыр дария», «Иман» жорналдарына үнемі әрі үзіліссіз жазылады һәм келуін асыға күтіп, санын жібермей, қадағалап оқиды.
Таяуда 75 жасқа толған Мархабат Байғұт есімді түркібасылық жазушы «газет-кітап оқымаған жұрттың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт» дегені бойында намыс оты бар, әр қаракөз қазақты ойландырса керек-ті. «Өзіңді мақтама, өзгені мақта, өзіңді кешірме, өзгені кешір, өз ұлтыңның мінін өзгеге сынатпа, өзің сына, алдымен өз ұлтыңа қызмет ет!» деп бекзат пәлсапа ғылымның докторлығын қорғау сәтінде яһуди мәскеулік профессор айтқан екен. Амангелді Айталыға «Неге біз алға, үнемі алға ұмтыламыз? Өйткені, өмірдің мәні – тек жаңалық ашу ғой» деп, ұлты неміс, граф, мұсылман орыс жазушысы Лев Толстой айтқан. Сол жаңалық – газет пен кітапта.
«Біреуге жақсылық етсең, сол жақсылықты міндет етпе» деп ұлы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, 2020 жылдың мамыр-маусым айларында басталған жылдың ІІ жартысына басылымға жазылу науқанына қайырымды, мейір-шапағатты жандар табысы аз, зейнетақыға ғана қарап отырған көнекөз қария, көпбалалы отбасыларға «Жаңа өмір» т.б. басылымдарға жазылуға жәрдем етілсе. «Жомарттықты өзіңе ұран қыл» деген хадисте айтылғандай, «Қазақтың қазақтықтан оп-оңай ажырап бара жатқанын баршамыз көріп-біліп жүрміз. Неге? Ойлансақ етті! «Ойға түсіп толғанып, өз мініңді қолға алып» (Абайша айтқанда) болашақтан үміті бар адам өз газеті мен әдебиетін оқиды.
Газет-жорнал, әдебиет – ұлт тәрбиешісі, жақсы мен жамандықты айыруға, ақыл-ой, дүниетанымын, қазақы болмыс-бітімін, қазақы сезімін шынықтыруға, өмірдің мән-мағынасын үйрететін ұлы дүние. Ол қазір жол айырығында тұрған қазақ ұлтының өз ұстазы. Өзіңіз, ұрпағыңыз дүбара күйде қала берсін десеңіз, тілі мен дінінен айырылсын десеңіз, өз басылымыңыз бен әдебиетіңізді ұмытыңыз. Ондай үмітсіз емес шығарсыз! Ендеше, өз басылымыңыз «Жаңа өмірге» 2020 тышқан жылының екінші жартысына тезірек жазылуға ұмтылыс жасап, өзге жұртқа өнеге бола білгеніңіз жөн.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген, аштан қалсаң да, көштен қалма, қайырымды да мейірімді жуалылық ағайын!
Ұлты молдаван, Ресей дәрігер-жазушысы А.П.Чехов «Күндіз-түні үнемі еңбек ету, мәңгілік оқу, оқуға әбден жаттығу, соншалықты өжет болу керек. Ол үшін әрбір сағат өте қымбат» деген. Яғни, секунд жылжып-жылжып, минутты жұтады, минут жылжып-жылжып, сағатты жұтады, ал сағат өмірді жұтады. Әр сәтіңді пайдалы іске бағытта. Бос уақытыңды да босқа өткізбе.
Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Кезінде біз дүние жинамадық, оның орнына кітап жинадық. Кітап қоры 6 641 дана, 692 мерзімді басылым тігіндісі бар, соны түркі дүниесінің тегеурінді тұлғасы Мырзатай көрсетілген мол рухани байлықты Нұр-Сұлтан шаһарындағы Ұлттық академиялық кітапханаға жалпы жұрт игілігіне жаратуға өткізген. Кезінде Қадыр Мырза Әлі ағамыз да 7000 кітабын Орал қаласының орталық кітапханасына өткізген.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылым мен техниканың, ақпараттық технологияның жетілген заманында қалтафон мен Интернетке ересек кісілердің 23 пайызы үнемі үңілсе, жас өскін жеткіншектер мен кәмелетке толмағандардың 80-90 пайызы үзіліссіз ғаламтор шырмауына іліккен. Одан (қалтафоннан) бөлінетін ультракүлгін сәуленің құлақ, көз, жүрекке зияны өлшеусіз. Сондықтан да газет-жорнал оқы.
Жаңалық жаршысы болып жүрген Қосбөлтек және Көктөбе ауылдарында Ораз Қырықбаев 15 000 теңге айлықпен хат, газет-жорнал таратып жүр. 108 үйге «Жаңа өмір» газетін апарады. Айлығы мардымсыз. Үйме-үй кіру де оңай шаруа емес. Оған арнайы велосипед берілсе. Күніне бес-алты шақырым жол жүреді. Ал, Теріс пен Бақалы ауылдарында Наталья Леймантас та Ораз секілді жеті-сегіз шақырым жаяу шарлап, 120 үйге газет-жорнал тасиды. Айлығы 19 500 теңге. Мұндай пайдалы іс атқарып, халықтың рухани санасы мен ғұмырын қанаттандырып жүрген нағыз бейнет адамдарының айлық жалақысын ең төменгі айлық есебіне көтеру жоғарыдағы биліктің кезек күтірмейтін міндеті.
Біздің әкімшілікте 541 түтін болса, соның 228-і «Жаңа өмірге» жазылған. «Қызметке күліп келіп, сондай сезіммен үйге оралған адам – бақытты адам», шаршап келіп, бояу иісі әлі кете қоймаған газет-жорналдарды тез алып, артынан байыппен, сабырмен зейін қоя оқу кісіге рухани күш сыйлайды. Басылымға жазылуға асығыңыздар, ағайын!
Болатбек ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ,
Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы