Basty bet

«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін…»

жерлес ақын Ілияс Ахметовтың «Жанарымдағы жаз» атты тұңғыш кітабы жарық көрді

Француздарда: «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз бар. Біздің әдебиетте, қалам ұстаған ақын-жазушылардың арасында да: «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген сөздің бар екені рас. Шындығында солай ма?!…

Ауылда тіршілік кешіп-ақ әдебиет тарихында қалған ақындар бізде аса көп емес. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта. Ақын болсаң жарқыным алысқа аттан, күнделікті тірлікке бой суытпа» дейді мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев. Негізі бұрынғы ақындардың көбісі ауылда туғанымен өмірлерінің көп бөлігі Алматы қаласында өтетін. Олай болатыны, бұрынғы ел астанасы болған ару қала Алматы қаласы әдеби орта саналатын. Мерзімді басылымдар мен газет-журналдар, баспалардың редакциялары Алматы қаласында болатын. Сондықтан қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар мен жорналшылар Алматы қаласында тұрып, әдеби ортаға мейлінше араласып, сонда қызмет жасағанды құп көретін. Бірақ, қасиетті Жуалы ауданында туып-өскен шақпақаталық ақын Ілияс Ахметов Алматыға асыққан жоқ. Алматы қаласында білім алып, жоғары орнын бітірген соң, туған ауылына қайта оралып, еңбегін өзінің кіндік қаны тамған ауылына арнады.
Ауылда тұрып Алашқа танылған Ілияс ақынның өмірдерегіне тоқталар болсақ, Ілияс Дәуренұлы 1951 жылдың бірінші тамызында Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылы (бұрынғы Кременевка селосында) дүниеге келген. Аталған ауылдағы қазіргі Қ.Сағындықов атындағы (бұрынғы С.М.Киров) орта мектептің 1968 жылғы түлегі.
Ілияс Дәуренұлы бала жасынан-ақ ақындыққа, әдебиетке құмар болып өсті. Бұл қызығушылық мектеп кезінде-ақ шағын мақалалар, хабарламалар мен өлеңдер жазуына түрткі болды. Оның тырнақалды туындылары аудандық газет бетінде жарияланып, бала Ілияс аз уақыттың ішінде танымал тілшіге айналды. Олай болуға мүмкін киелі Шақпақтың табиғаты мен бет қаратпас дауылы әсер еткен де болар, бәлкім?
1969-1971 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын Венгрияның Будапешт қаласында өтейді. Әскерден оралған соң әртүрлі салада еңбек еткен. Атап айтсақ, ауылдағы почта байланыс бөлімшесінде электрик-монтёр, одан кейін бірнеше жыл аудандық колхозаралық құрылыс мекемесінде құрылысшы болып етеді. Еңбегі бағаланып «Социалистік бесжылдықтың жеңімпазы» белгісімен марапатталды.
1978 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген жас маман, талантты жас ақын 1976-1979 жылдары бұрынғы Самсоновка селосындағы (қазіргі Күреңбел ауылы) В.И.Ленин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелеп, өз Отанын, елін, жерін сүюге, әдебиетін, тілін, ділін құрметтеуге баули білді.
Мектеп қабырғасында ұстаздық ете жүріп, жас ақындар клубын құрып, оқушылардың поэзияға қызығушылығын, құлшынысын оятты. Ілияс ақын осы жылдар аралығында қазақтың жыр әлемінде өз соқпағын салған ақын болып қалыптасты. Қазақтың үлкен ақындары Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Сәтібеков Ілиястың өлеңдеріне жылы лебіздерін білдіріп, оны болашағынан мол үміт күттіретін ақын ретінде бағалады. Ақынның қаламынан туған өлеңдер, мақалалар, аудандық, облыстық газеттерде үзбей жарияланып тұрды. Оның қаламынан туған мақалаларда ауыл еңбеккерлерінің жасампаз еңбегі көрініс тауып, еңбек құндылығын өзгелерге үлгі ете білді.
«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөз қалдырыпты Алаш арысы азаттық жолындағы қозғалыстың басы-қасында жүрген Әлихан Бөкейханов. Ілияс ақын да ұлтына, туған еліне деген патриоттық сезімін өлең, мақалалар жазумен қатар ауылдың, ауданның өміріне де белсене араласты. Қоғам өміріндегі келеңсіз жайттар, түйткілді түйінді мәселелердің оның «найза қаламынан» түйрелмей қалғаны жоқ. Олар дер кезінде фельетон, сыни мақалаларға айналды және сол жазылған сындар түзетіліп, тиісті мекемелер уақтысында жауап беріп отырды. Бұған айғақ ретінде Ілияс Ахметовтың «Ұн немесе жын», «Овкалар мен евкалар» т.б өлеңдерін айтуға болады. Осындай өлеңдері арқылы ақын ел ішіндегі көкейкесті мәселелерді шешіп, көпшіліктің талап-тілектерін жеріне жеткізе білді.
-«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» демеп пе еді хакім, ақын Абай. Ойшылдан қалған асыл сөз қай қазақтың баласына да үлкен үлгі. Мен де өлеңді ермек үшін жазбаймын. Жазғанымның бәрін асыл деп те айта алмаймын. Өлең – менің жан тынысым. Жыр жазу арқылы өміріме күш аламын деп айтуға болады. Қанша жерден өмірден түңіліп, жамандықтан жерінсем де, әділетсіздіктермен бетпе-бет келсем де, мұңымды өлеңмен шығарамын. Қоғамнан байланысымды үзсем де жырдан, қаламнан қашықтай алмаймын. Мұқағали ақынның: «Кей-кейде дүниеден түңілсем де, қасиетті тілімнен түңілмедім» деп жырлағанындай, өмірден түңілсем өлеңге, өлеңнен шаршаған уақытта күйкі тірлікке ауысып отырамын. Қайтем енді? Өлең жазу арқылы өз-өзімді емдеймін.
Азды-көпті өмір сүріп, ауданға қызмет еттік. Отбасын құрып, хал-қадірімізше өнегелі ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Алла жазса, келер жылы жетпіске келемін. Азды-көпті ауданға сіңірген еңбегімді аудан басшылығы елеп-ескеріп өткен жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Мен осы уақытқа дейін атақ-марапат сұрап, ешкімнің алдына барған емеспін. Бұған да шүкір.
Бауырларым мен балаларым ағалық-әкелігімді ақтап, биылғы жылы жыр жинағымды шығарып берді. Шын көңілден ризамын,- дейді Ілияс Дәуренұлы
-Өңдіртіп өлең жазса да бұған дейін кітап шығаруға мойны жар бермей жүрген адуынды ақынның тұңғыш жыр жинағы алпыстан асып, жетпіске жеткенде жарық көріп отыр. Бұл – Ілияс атамыздың өлеңге деген адалдығынан дейді,- ақынның немере інісі Жанғазы Ахмет.
Алматы қаласында «Нұрлы әлем» баспасында басылған Ілияс Ахметовтың «Жанарымдағы жаз» атты жыр жинағында жамбылдық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова және қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы автордың өлеңдері мен адами болмысы туралы пікірлерімен бөліскен. Ақынның кітапқа енген өлеңдерінің тақырыбы сан қилы. Өмірдің өзін жырлағаны көрініп-ақ тұр. Шақпақтың дауылында шыңдалып өскен Ілекеңнің өлеңдері Күләш апамызша айтқанда, қуатты да шуақты жырлар. Қуаттылығы сол, оқыған адамға өмірдің мәнін ұғындырады.
Біз әдебиет сыншысы емеспіз. Қаншама жыл сүйекке біткен аурумен алысса да рухын түсірмеген, мықтылардың алдында кішірмеген адуынды ақын Ілияс Ахметовтың тұңғыш жыр жинағы «Жанарымдағы жаз» кітабын қолға алып оқу керек, құрметті жырсүйер қауым.
Тұңғыш кітап құтты болсын, өмірдің шуақты сәттері көп болсын дейміз Ілияс ақынға. Өмірді жырлау үшін келген ақын ағамызға қалам қуатын тілейміз.

Таңдаулы материалдар

Close