Basty bet

Нұрлыкент-Теріс бағытындағы автомобиль жолы жөнделуде

«Жолдың жайын жүрген білер» демекші, көлік жолдарының сапалы болуы ел экономикасының да әлеуетінен хабар береді. Жол – экономиканың күретамыры. Осы орайда сапалы жол тұрғындардың көлік қатынасына, алыс-беріс пен барыс-келісті оңайлатып, қала берді ауданның экономикасының дамуына да елеулі әсер ететіні анық. Тұрғындарға да ең керегі сапалы жөнделген жол. Аудан көлемінде кейінгі жылдары ауылішілік және аудандық, сонымен қатар, облыстық мәндегі жолдардың сапасы жақсара түсуде. Оған республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің қаражаты есебінен қыруар қаржы қарастырылып отыр. Қолға алынып отырған жоспарлы жұмыстар аудан жолдарының сапасын арттыруға бағытталуда.

Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков 2020 жылы орта жөндеуден өткізілетін автомобиль жолдары туралы айтып берген еді.
-Аудан көлемінде жалпы пайдаланымдағы 573,76 шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде, республикалық мәндегі 43 шақырым, облыстық мәндегі 159,64, аудандық мәндегі жолдың ұзындығы – 108,12 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, 263 шақырым ауылішілік көше жолдары бар.
Аудандық мәндегі автомобиль жолдарының бүгінгі күнге жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2020 жылдың 1 қаңтарында 88% құрады. Ал ауылішілік көше жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 58,9% болып отыр.
2020 жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 46181,0 мың теңге қаралып, оған барлығы 2,646 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, аудандық мәндегі Диқан ауылына кіреберіс 1,606 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарына қаралған қаржы сомасы – 27878,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер ретінде «Жамбыл ДорМостСтрой» ЖШС анықталып, келісім-шарт жасалынды.
Ал аудандық мәндегі Нұрлыкент-Теріс бағытындағы 1,04 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу бойынша қаралған қаржы сомасы – 18304,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер «ЖамбылДорМостСтрой» ЖШС анықталып, келісім-шарт жасалынды. Қазіргі таңда мұнда жұмыстар жүргізілуде.
Аудан бойынша 2020 жылы ауылішілік автожолдарға қаралған қаржы көлемі 60869,0 мың теңге, оған барлығы 5 автомобиль жолы, яғни 4,860 шқ автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтар болсақ, Ақтөбе ауылдық округі Бәйтерек ауылы Ынтымақ көшесі 1,1 шақырым автомобиль жолына қаралған қаржы – 15 400,0 мың теңге. Жұмыстар мемлекеттік сатып алу конкурс тәсілімен жарияланды. Екінші Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылы Д.Сламбай көшесі 0,75 шқ автомобиль жолына қаралған қаржы – 7141,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер «Алатау-Байтерек» ЖШС болып анықталды.
Одан бөлек, Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылы Сметов көшесі – 1,52 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу бойынша қаралған қаржы – 16535,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер «Арманұр» ЖШС болып анықталды. Шақпақ ауылдық округі Амансай ауылы Көпбаев көшесін – 1,1 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу бойынша қаралған қаржы 14580,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер «Нуризат» ЖК болып анықталды. Сондай-ақ, аталған ауылдық округтің Ынтымақ ауылындағы Б.Момышұлы көшесін 0,39 шақырым автомобиль жолын орта жөндеу бойынша қаралған қаржы – 7213,0 мың теңге. Жеңімпаз мердігер «Нуризат» ЖК болып анықталды.
Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 219395,0 мың теңгеге 10 көшенің жолына қаржы қаралып, барлығы 8,161 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның орталығы саналатын Б.Момышұлы ауылының Абай және Бәйтерек, Мұнайшы, Д.Қонаев, Қ.Иманбеков, Парасат және Әл-Фараби, Рысбек батыр, Ш.Үлеков және Ы.Алтынсарин, З.Толымбаев, Жібек жолы 2-бұрылыс, Алатау көшелері орта жөндеуден өткізілетін болады. Бүгінгі күнге Жамбыл облысы әкімдігінің №76 қаулысына сәйкес, мемлекеттік сатып алу веб-порталына енгізіліп, құрылыс жұмыстарының мердігері болып «L Vita Temp Stroy» ЖШС болып анықталды. Сонымен қатар, Жібек жолы көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша «Жасыл Жуалы» МКК жеңімпаз болып анықталып келісім-шарт жасалды,- дейді бөлім басшысы Ерболат Оразбақұлы.
Өткен аптаның жұмасы күні Нұрлыкент-Теріс бағытындағы автомобиль жолының жөнделу барысын көріп қайтқан едік. Бұл аудандық мәндегі жалпы ұзындығы 1,04 шақырым болатын автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттен 18304,0 мың теңге қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «ЖамбылДорМостСтрой» ЖШС деп аталатын мердігер компания жүргізуде. Біз құрылыс басында болғанымызда, мердігер компанияның басшыларына жолығып, сөйлесудің сәті түспеді. Әзірше ескі жолдың орны тегістеліп, көліктердің қозғалысына ыңғайлы болу үшін жолдың бір жолағы салынып бітіпті.
Бізбен бірге аталған жолдың құрылысын көруге барған аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрислам Мәден жөндеу жұмыстарының уақтылы басталып әрі сапалы атқарылып жатқанын айтады. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары маусым айының аяғында аяқталмақ.
Ал Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев бұл жолдың маңыздылығына тоқталды.
–Қазіргідей нарық заманында жолдың аса маңызға ие екені белгілі. Бұл ауыл тұрғындарының, бізбен көршілес орналасқан ауылдық округтердің тұрғындары үшін көптен күткен жол болатын. Бұл бағыттағы бұрынғы ескі жолымыз әр жерден ойылып, көліктердің ары-бері қатынауына едәуір кедергі келтіретін. Жолдың жөнделіп жатқанына ауыл тұрғындары да өте қуанышты. Біз де өз тарапымыздан жолдың сапалы жөнделуін қадағалап отырамыз,- дейді ауылдық округ әкімі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close