Basty bet

Газеттің жазғанына сенеміз!

Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде мерзімді басылымдар халықтың көзі мен құлағы, күнделікті ақпараттандырушы екені белгілі. Біздің бала кезімізде теледидар, радиодан бөлек, газет-журналдар көптеп басылатын. Себебі, кеңестің кезең тұсында газет-журнал оқу үлкен мәдениет саналатын. Әлбетте, ата-анамыз газеттердің бірнеше түрін жаздырып алып оқитын.
Менің де газетке деген құмарлығым бала жастан басталды. Әкем сол кездері танымал болған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз», «Ара», «Қазақстан әйелдері» тағы да басқа газет-журналдарды жаздырып алатын. Осыған қарап біз де оқи бастадық. Бұл біз үшін өте үлкен тәрбие болатын.
Біздің буын газет-журналдармен қатар қазақ жазушыларының шығармаларымен сусындап, соның әсерімен тәрбиелендік десек, артық айтпаған болар едім. Өз басым Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділовтың шығармаларын сүйіп оқыдым. Қазір де шаруадан қолымыз қалт еткен кезде кітапты қолға аламыз. Жұмыстан шаршап келген кезде газет-журналдарды көз жүгіртіп, ауданның, облыстың, еліміздің өзге де өңірлерінде болып жатқан жаңалықтармен танысып отыруды әдетке айналдырғанмын.
Менің ойымша, газет оқу да үлкен мәдениет саналады. Қала берді ұл-қыздарыңа, жас ұрпаққа тәрбие. Қазіргідей интернет пен ұялы телефон, әлеуметтік желілердің көптеп дамыған заманында газет-журналдардың қадірі бұрынғыдай емес. Жастардың көбісінің қолында бір-бір смартфон. Олардың газет оқуға шамалары жоқ. Бір мезгіл газеттің бетін ашып, бір шолып шықсаңыз жаңалықтардын хабардар болып, санаңыздың да сергіп қалатыны анық. Өзім аудандық «Jańa ómir», облыстық «Ақ жол», «Айқын» газеттерін жаздырып аламын. Келген газеттерді күнделікті бір шолып шығамын. Оны балаларыма да айтып отырамын. Егер газет уақтылы келмей қалса, пошташыны күтіп алаңдап отырамыз.
Қазіргі қолданыстағы ұялы телефонның адам денсаулығына зияны өз алдына. Ал газет оқысаңыз, оның көзіңізге, басқа да ағзаңызға аса зияны тимейді. Осыны жастар терең түсінсе екен деймін. Мысалы, наубайхананың жанынан өтіп бара жатсаңыз жаңа піскен нанның иісін сезесіз. Сол сияқты, баспаханадан жаңа басылып газетте де баспаның, бояудың иісі бар. Оны әрбір оқырман сезіне білулері керек. Газеттің бір нөмірін шығару үшін журналист, тілшілер қаншама шақырым жер жүр жүріп, қанша адамдармен сөйлесіп, пікірлеседі. Журналистер қауымы қаншама адамның тағдырларына үңіледі. Оны талдап, таразылайды. Міне, бұл үлкен ой еңбегі.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп жерлес жазушы, көсемсөзші, «редакторлардың редакторы» болған Шерхан Мұртаза айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдарында тер төгіп жүрген қаламгерлердің еңбегін бағалауымыз қажет. Өз кезегінде талай танымал журналистер Шерағаңның «шекпенінен» шыққанын мақтан тұтады. Мен Шерағаңнан кейін жуалылық қаламгер-жазушылардың ішінен Бақытжан Момышұлын жақсы білемін. Ол кісінің көзі тірісінде Алматы қаласындағы шаңырағында талай рет болып, Зейнеп жеңгеміздің қолынан дәм татып, сұхбаттасқаным бар. Бақытжан ағамыз маған айтқан бір естелігінде: «Жазғы каникул кезінде әкем мені үнемі Жуалыға жіберетін. Сонда Алматыда тұратын басқа жазушылардың балалары лагерьлерге демалуға кетіп жататын. Ал мен болсам, ауылға барып, ала жаздай қозы-лақ бағамын. Есекке мінемін. Қалада тұрсам да ауылдың иісін сезініп өстім. Кейін ойланып отырсам, әкемнің бұл іс-әрекеті өте дұрыс екен. Осының арқасында ауылдағы ағайын-жекжатты танып-біліп өстім. Одан кейін есейген шағымда аудандық «Jańa ómir» газетінде біраз уақыт жұмыс істедім. Бұл да менің өмірімде үлкен тәрбие мектебі болды» дегені бар еді.
Одан бөлек, аудандық газеттің қара шаңырағында жуалылық қарымды қаламгер Амангелді Ормантай ұзақ жыл жемісті жұмыс жасады. Ол кісімен де етене жақын араластым деп айта аламын. Өте білімді болатын. Ол кісінің бір ерекшелігі, қай ортада да нақты дәлелдермен сөйлейтін. Аудандық газеттің редакциясын «журналистер ұстаханасы» десе де болғандай. Редакциядан басқа да талантты журналистер, қазіргі таңда есімі республикаға танымал ақын-жазушылар еңбек етті.
Бір сөзбен айтқанда, менің газет туралы айтар ой-пікірім көп. Оның үстіне, мынадай алмағайып кезеңде ең алдымен газет бетінде басылған шынайы ақпаратқа ғана сенеміз. Газетте тек шынайы әрі ресми ақпараттар ғана жарияланады. Оны тек тұшынып оқи білу керек. Сөзімнің соңында барша жуалылықтарды газет оқуға, әсіресе, аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетіне жазылуға шақырар едім. Барша қалам ұстаған журналистер қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын. Жазарларыңыз көбейсін дегім келеді.
Керімқұл Бегалиев,
«Зылиха» шаруа
қожалығының төрағасы.
Аудандық мәслихаттың депутаты.
Түктібай ауылы

Таңдаулы материалдар

Close