Basty bet
Тазалық – саулық кепілі
Биылғы жылы коронавирус індетінің таралуынан бүкіл әлем зардап шегіп отыр. Аты жаман індет біздің елге де салқынын тигізді. Наурыз айында елімізде вирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Содан бері ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, халық санитарлық талаптарды сақтай отырып өмір сүруге көшті. Індеттің жаппай таралмауы үшін дер кезінде сақтық шаралары қолға алынды. Мемлекет үшін ең бірінші халқының денінің саулығы мен амандығы назарда болды.
Әрине, дарқан даланың төсінде еркін өскен біз үшін төтенше жағдай ережелеріне бірден бой үйрету оңайға түспеді. Екі айдан астам уақыттан соң қатаңдатылған режим біртіндеп алынып, жеңілдетіле басталды. Адамдар жұмысына қайта оралып, сауда орындары ашылып, қалыпты өмірге қайта көше бастадық. Алайда індеттің түбегейлі жойылып кетпеуін ескеріп, санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет. Бірақ мұны халық ұмыт қалдырғандай. Себебі, олардың тәртіпке бағынбай, талаптарды ескермей жатқандығынан індет жұқтырушылардың саны күрт өсіп, көз жұмғандар саны көбейіп кетті.
Көшеде бетперде тақпай жүргендер қаншама. Халық арасында «ауру жоқ» деген сөз желеуге айналған. Жылдың басынан бастап ескертіліп келе жатқан жайттың бірі, адамдардың көп жиналмауы еді. Мұны да халық естен шығарды. Санитарлық талаптардың ішінде отбасында үш адамнан артық жиналмау керектігі тайға таңба басқандай айтылған. Бірақ, отбасылық жиындар әлі де тоқтамады. Оның салдарынан індет таралуын тоқтатпай, қайта өрши түсуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, сауда орындарындағы санитарлық талаптардың сақталмауы. Дүкен иелері антисептик қолдануды тұтынушыға ескертпейді. Егер де сатушы маска кимеген немесе антисептик қолданбаған адамға сауда жасаудан бас тартса, онда оларда індеттің таралуын ауыздықтаған болар еді.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөз бар. Аталған дерттің ауқымы кең. Ол бүкіл әлемге ауыз салды. Сондықтан өзіміз үшін болашақ ұрпақ үшін аз уақыт сабырлық сақтап, санитарлық талаптарды сақтай білейік. Оқшауланып, жиын-тойды азайтып, деніміздің саулығын ойлайық. Біз бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан халықтың ұрпағымыз. Сондықтан мемлекет тарапынан түскен ескертулерді ескеріп, бірлігімізді танытайық. Әрбіріміздің талапты ескерген бір ғана әрекетіміз аурудың санын азайтуға септігін тигізбек. Індет жойылса, бұрынғы өмір сүру қалпымызға түсіп, берекелі күндеріміз көп болатынына сенейік.
Әсемхан Сыдықова,
зейнеткер ұстаз.
Көлбастау ауылы