Basty bet
Мәдениет пен өркениеттің ордасы
Қазіргі таңда жастар арасында дебат, пікірсайыс ойындары жақсы дамыған деп айтуға болады. Ойын барысында олар қоғамдағы түрлі мәселелердің жағымды, жағымсыз тұстарын ортаға салып, сөз сайыстырады.
Пікірсайыс ойындарының үздігі Үміт Мадиярбек Б.Момышұлы ауылының тумасы. Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның түлегі. Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетін тамамдауда.
Үміт Нұржанқызы мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ көптеген пәндік олимпиадаларға қатысып, облыстық деңгейде жарыстардан жүлделер иеленген. Қоғамдық іс-шараларға да белсене араласып, ғылыми жобалармен айналысуды ұнатады. Үміт 9 сыныптан бастап пікірсайысқа қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі жүлделі орындарға ие болады. Қалалық пікірсайыс турнирінде «Үздік спикер» атанып, ауданда құрылған «Самұрық» пікірсайыс клубының президенті болып сайланады. «Жамбыл облысының ұлы тұлғаларын зерттеу проблемалары мен перспективалары» атты облыстық ғылыми жоба байқауының ІІІ орын иегері. Облыстық «Еркін пікір» клубының арнайы Алғысхатымен марапатталған жас талап.
Бойындағы ізденімпаз қасиеті жоғары оқу орнына түскен кезде де септігін тигізеді. Университет қабырғасында оқып жүріп көптеген іс-шараларға қатыса бастайды. Білім ордасында «Оратор» интеллектуалды пікірсайыс клубының дәстүрлі ішкі жас буындар турнирінің ІІ орын иегері атанады. Ол Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетінің қабырғасында өткен халықаралық пікірсайыстың финалисті болады.
Осы ретте, Үміт Нұржанқызымен Елорда күні қарсаңында ұялы байланыс арқылы хабарласып, сұқбаттасқан едік.
-Еуразия ұлттық университетіне 7 сынып жүрген кезімде армандаған болатынмын. Себебі, ол кезде құрбымның ағасы Нұр-Сұлтан қаласындағы аталған білім ордасында оқитын. Жалпы жастар арасында «ЕНУ-да» оқу бір мәртебе еді. Бұл университетті елімізге ең танымал, беделді оқу орны болып елестетінмін. Қазіргі таңда, Аллаға шүкір, мақсаттарым орындалып, бас қалада оқуымды аяқтаудамын. Бұйырса диплом аламын.
Университетте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен білікті ұстаздар, профессорлар дәріс береді. Мәселен, Қалқаман Сарин, Гүлбаршын Сыздықова, Алтай Аманжол, Серікзат Дүйсенғазин, Жантас Жақыпов сынды мұғалімдер бар.
Елорда өзге қалалардай емес. Жас әрі білімділердің, болашақтың қаласы. Мысалы, өнер адамдары Алматыны таңдаса, Нұр-Сұлтан қаласын өркениет пен ғылымның ордасы деп біледі. Бас қала мені жан-жақты болуға, теориядан бөлек практиканың маңызды екенін түсінуге септігін тигізді. Осы қалаға келгелі алғаш рет еңбек жолымды бастадым. Оқумен қатар жұмыс істеуіме қала және қаладағы адамдар себеп болды. Балаларды оқу сауаттылығы пәнінен, яғни логика тұрғыдан ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындадым. Соңғы жылдары шет тілдері аудиторияларында қазақ тілін оқыту дамытуды талап ететінін түсіндім. Қазіргі таңда «Sana к education» шет тілді аудиторияда қазақ тілінен сабақ беремін.
Адам тек оқумен ғана шектелмеуі керек. Сабақтан бөлек, рухани, мәдени тұрғыдан даму керек. Маған көмектескені пікірсайыс. Пікірсайысқа келгелі бір жалпы білімге, әлемдегі жаңалықтарға қызығатын болдым. Бұл жақта жастарға білімін арттыруға мүмкіндік өте көп. Университет қабырғасындағы «Оратор» интеллектуалды пікірсайыс клубының «Бас тренері», «Жастар болашақтың бастамасы» атты ашық аймақтық турнирдің бас төрешісі болдым. Әлемдік Польшада өтетін «World inTECH» конференциясына шақырту қағазын ұтып алдым.
Елорда мәдени-рухани ошақтарға бай. Рухани баю үшін қаладағы «Пирамида» бейбітшілік сарайына баруға болады. Бұл ғимаратта түрлі рухани-мәдени шаралар, фестивальдар, концерттер, қойлымдар көптеп өтеді. Өзге елдің мәдениетін көрсететін қойылымдарды тамашалау арқылы өз-өзіңді дамытып отыруға болады. Сонымен қатар, әзірет-Сұлтан мешіті, Есіл жағалауы, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы ұнататын жерлерімнің бірі.
ІІ курста біз оқу барысында түрік тілін үйрене бастадық. Осы уақытта Еуразия ұлттық университеті мен Түркия мемлекетіндегі Памуккале университетінің арасындағы келісімшартпен «Türkiye türkçesı Geliştirme ve Uygulama» бір ай оқып келдім. Ол жақтан профессор Мұстафа Арсланның арнайы сертификатымен марапатталдым Түрік тілін үйрену барысында Түрік елінің мәдениетімен таныстым. Адам өзге тілді, елді білуі керек. Себебі, дамыған мемлекет болу үшін өзге елдермен тереземіз тең болуы тиіс. Өзге елдерден өзімізге керекті құнды дүниелерді алуға болады. Бұл тұста өз елім, жерім деген ұлтжандылыққа, өзімшілдікке салынбай, керісінше ұлтымның, елімнің дамуы үшін өзге елдің мәдениетінен не алуға болатындығын ойлаған жөн. Мәдениетті адам рухани бай адам саналады. Ең бірінші өз ана тілімізді ұмытпауымыз керек. Ұлттық кодымызды сақтауымыз қажет. Көп тіл білу болашағыңның жарқындығын білдеретіні белгілі. Бірақ өз ана тілімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.
Рухани азықты мамандығымнан таптым. Қазақтың небір дүлдүл ақындары мен жазушыларының шығармаларынан рухани азық алдым. Әсіресе, Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлының кітаптарынан өнеге алуға болады.
Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің бас қаласы, астанасы. Болашақтың, жастар қаласы. Елорда – еліміздің мақтанышы. Небәрі 20 жылдан астам уақыт ішінде бой түзеген ажарлы да айбынды Елордамызға шетелдіктер де таңқалып жатады. Бұл біз үшін мәртебе. Бұл қалада бәсекелестік бар. Мен алғаш келген Елордамен қазіргі қаланың арасы жер мен көктей. Күн санап көркейіп, сәні мен салтанаты келісіп келеді. Көптеген өзгерістер бар. Елордаға өзіміздің мықты іскер, білімді, дарынды жастарымыз керек. Сондықтан жастар сол мүмкіндікті пайдаланып, бас қаламыздың дауына үлес қосуы керек.
Білімді, мәдениетті жастарымыз көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елордамыз асқақтай берсін, – дейді Үміт Нұржанқызы.
«Әлемдегі ең күшті қару білім және ғылым» демекші, білімге ден қойған Үміт бос уақытын тиімді өткізуді жөн санайды. Қоғамдық жұмыстарға араласып, пікірсайыстан бөлек, еркіті жас болуды да қолдайды. Болашағынан зор үміт күтетін ата-анасының сенімін ақтауды көздейді. Туған жерден жырақта жүрсе де Жуалы жерін ұмытпайды. Осы ретте, ерікті жастардың қатарына қосылып, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өтетін «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусымдық көгеріштендіру, көріктендіру жұмыстарына араласады. Міне, еліміздің көркейіп, дамуы үшін осындай ізденімпаз әрі еңбекқор, білімді жастарымыз көп болғаны құптарлық дүние.