Basty bet

Кәсіпкерлікке кең өріс керек

Қазіргі таңда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге, шағын бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан нақты көмек-қолдаулар жасалу үстінде. Әлбетте мұның ішінде кәсіпкер әйелдерді қолдауға да басымдық беріліп отыр.

Ағымдағы жылдың наурыз айында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Жуалы ауданына да арнайы келіп, аудан орталығында орналасқан ірі кәсіпорын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-да кәсіпкер әйел-аналармен кездескен болатын.
Жиын барысында өңір басшысы Б.Сапарбаев облысымызда 125 мың адамның кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтынын, оның 70 мыңға жуығы шағын және орта бизнес объектілері екенін, сонымен қатар, бизнеспен айналысатын азаматтардың 50 пайыздан астамы әйелдер екенін тілге тиек еткен еді. Ал «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Жалпы отбасында ғана емес, қоғамда да әйелдердің рөлі жоғары. Сондықтан тәуелсіздік алғалы бері Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әйел азаматтарды қолдауда. Партия тарапынан «Nur Otan» партиясы билеуші партия ретінде әрбір мәслихатта депутаттардың 30 пайызы әйел азаматтар болуы керек деген талап қойып отыр. Оған әр саладағы белсенді, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген және кәсіпкерлік саладағы әйелдерді тартуымыз керек.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген адамдар жұмыссыз, жалақысыз қалып, тығырыққа тірелгенде әйел азаматтар жол тауып, отбасыларын асырап, кәсіппен айналысып кетті.
Сондықтан бүгінде әйел-аналардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көп. Сондықтан сіздермен кездесудегі мақсатымыз – ұсыныс, пікірлеріңізді тыңдау, көмектесу»,- деген болатын.
Біздің айтайын дегеніміз, Бауыржан Қыдырғалиұлымен болған кездесу барысында ауданымыздың әйел кәсіпкерлері, атап айтқанда, ұзақ жылдан бері құс шаруашылығымен тұрақты айналысатын кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекова кәсіпкерлігін одан әрі дамыту мақсатында Үкімет тарапынан қайтарымсыз грант алуға, сонымен бірге, шағын құс фабрикасы салынатын орынға барар жолға құм-шағал төсеуге қол ұшын беруін сұраған болатын. Сонымен қатар, «Білімді ұрпақ» оқу орталығының жетекшісі Нүрилә Мәлібекова да орталық орналасқан ғимараттың ауласын абаттандырып беруді сұраса, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығының жетекшісі Дәмира Мұхаметғали орталықтың жұмысын заманауи бағытта жандандыруға қолдау болса деген тілек-өтінішін жеткізген еді.
Осыған орай кәсіпкерлердің бұл өтініштері аудан басшылығынан және демеуші кәсіпкерлер тарапынан қолдауға ие болып, өтініш иелерінің тілектері ескеріліп отыр. Таратып айтсақ, А.Ахмадбекованың Б.Момышұлы ауылының сыртында салынатын шағын құс фабрикасына баратын ұзындығы жарты шақырымнан асатын жолға құм-шағал төселді. Сонымен қатар, кәсіпкердің қайтарымсыз грант алу мәселесі бойынша аудан әкімшілігі тарапынан тиісті орындарға ұсыныс берілді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы айтып берді.
-Қандай кәсіпкер болсын, олардың өтініштері тұрақты назарда болады. Осы ретте, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесуде айтылған әйел кәсіпкерлердің ұсыныстарының барлығы ескерілді,- дейді Асхат Базарбайұлы.
Апта басында ауданға «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұратов келіп, атқарылған жұмыстарды көрді. Алдымен аудан орталығындағы «Жастар аллеясында» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығына жүріп-тұру аппараттары бұзылған балаларды оңалтуға екі бірдей «Пони» тұқымды ат берілді. Балаларды иппотерапиямен емдеуге арналған бұл жылқыларды «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, танымал кәсіпкер Әбдібек Пошқаев сыйға тартқан. Орталық басшысы Дәмира Мұхаметғали кәсіпкердің мүмкіндігі шектеулі балаларға жасап отырған сыйына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер А.Ахмадбекова және Н.Мәлібекова өтініштерінің орындалғанына қуанышты.
«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тоқтасынұлы кәсіпкерлікті, бизнес бастамаларды қолдауға, олардың өтініш-шағымдарын тиісті орындарға дер кезінде жеткізуге партия тарапы да мүдделі екенін айтып, жеке кәсіпкерлердің жұмысына табыс тіледі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close