El іshі
Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан
Нұрлыкент ауылының айрандай ұйыған Өтеповтар отбасы өнегелі енесімен және тәлімді келінімен өзгелерге үлгі-өнеге. Әмірхан Өтепов пен Баян Қадырханова өмірге екі ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде. Бүгінгі күні олар ұл-қыздарынан алты немере сүйіп отырған ата-әже. Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған бұл отбасы үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету басты қағида. Сыйластық пен кішіпейілдіктің де көрінісін осы үйдің келінінен көре аласыз.
Келін жаңадан ақ босаға аттаған сәтінен бастап оның әрбір сөзі мен қимылын, әдеп, тәртібін байқап, сынайды. Осындай сындардан сүрінбей өтіп, қиыншылығына төзе білген Сандуғаш Тәуекелова ата-енемен бірге тұрып, кез келген мәселені бірлесе шешіп үйренген. Қазан-ошақ басындағы жұмысты ұршықша иіріп, басқада жұмыстарға үлгеріп жүрген бір отбасының келіні, бір баланың анасы.
Сандуғаш Алматы облысында дүниеге келген. Отбасында екі ағасынан кейінгі кенже қызы. Әкесі полиция майоры Абай Махамбетов қазіргі таңда зейнеткер, анасы Бағдаш Жүсіпбаева бастауыш сынып мұғалімі.
2014 жылы жұбайы Қанатты кездестіріп, сонау Алматы облысынан Жуалы ауданына келін болып түседі.
Сандуғаш қазіргі таңда №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол мектептегі таланты бар жастарды жарыстарға дайындап, ұйымдастырушылық қабілетке ие болған.
Ауылда белсенді жастардың бірі. Өткен жылы аудан аумағанда өткен келіндер сайысына қатысып, бағын сынап, нәтижесінде жүлделі II орынды иеленген болатын. Сондай-ақ, облыстық жас отбасылар сайысына қатысып, II орыннан көрінген еді. Осы аз уақыттың ішінде аудандық, облыстық түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, нәтижелі орындарды алып жүр. Биылғы жылы жас мамандар байқауында үздік жас маман атанды.
Одан бөлек үйдің шаруасы бар, арасында уақыт тауып түрлі тәттілерге тапсырыстар қабылдайды.
Шаңырақтың түтінін түтетіп, берекесінің ұйып отыруына үлесін қосып жүрген Сандуғаштың келін болғанына биыл 5 жыл толып отыр.
«Қарты бар үй қазыналы» демекші, үйде 83 жастағы Есекей атамызбен 75 жастағы Жақсыбике әжеміз бар. Бұл шаңырақта ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беріледі. Қазақтың жөн-жоралғыларын, әдет-ғұрпын ұстанып, кейінгі ұрпағына соны ұғындыруда. Жыл сайын ұлық мейрам Құрбан айт кезінде құрбан шалынып, жоқ-жітіктерге көмек көрсетеді. Одан бөлек, жаңа жылымыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін де барлық сән-салтанатымен атап өтеді.
– Анамыз бізге ақыл айтудан еш жалыққан емес. Қыз баланың әдепті, ибалы, инабатты болуы керек екенін айтып, үлкен кісіні сыйлап, алдынан кесіп өтпеуді әркез есімізге салып отырады. Отбасының әрбір мүшесі мені туған қыздарындай көреді. Өздеріне жақын тартады. Осындай үлкен шаңыраққа келін болып түскенімді мақтан тұтамын. Өзімді бақытты сезінемін. Ата-енем әке-шешемдей болып кетті. Ақылын айтып, көмегін аямайды. Тұнғышымыз Арнұр дүниеге келгенде анам көп көмектесті. Аналық қамқорлығын аямады. Үй шаруасына үлгермегенімде қабақ шытқанын байқамадым, – дейді Сандуғаш.
Отбасының тыныштығы мен ынтымағын үнемі ойлайтын Сандуғашқа жұмысына табыс тілейміз, әрі қарай биік шыңдардан көрінуіне тілектеспіз.
Нұртілеу Төрен,
Нұрлыкент ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі инспекторы